Редакциямызға арнайы хабарласқан түркістандық мұғалім мектептерінде сағат бөлу кезінде жыл сайын заңсыздықтар болатынын айтып, шағымданды. "МО жетекшісі былтыр маған бөлінген сағаттың біразын өз танысына алып қойды" деген ұстаз мектепте сағат бөлу кезінде қандай құқықтарды білу керегін сұрады. Мәселені заңдық тұрғыда саралап көрген Democrat.kz. тілшісі мұғалімнің сағат алудағы басты құқықтарын жинақтап, әзірледі.
Жыл сайын тамыз және қыркүйек айларында еліміздің мыңдаған педагогін бірдей сұрақ мазалайды: «Маған биыл қанша сағат беріледі? Сағатым неге азайып кетті?». Себебі педагогикалық жүктеме (оқу сағаты) — бұл жай ғана сабақ кестесі емес, бұл мұғалімнің айлық жалақысы, әлеуметтік жағдайы мен кәсіби тұрақтылығы.
Мектеп әкімшілігі тарапынан сағат бөлуде заңбұзушылықтар жиі орын алып жататыны жасырын емес. Осы орайда, әрбір мұғалім білуі тиіс басты заңды нормалар мен құқықтарды түсіндіріп көрейік.
1. Нормативтік-құқықтық база: Директордың өз «заңы» жүрмейді
Мектеп директоры немесе оның орынбасарлары сағаттарды өз қалауынша, "сүйікті мұғалімдеріне" немесе «ұнайды/ұнамайды» деген субъективті көзқарасына қарай бөле алмайды. Сағат бөлу процесі мемлекеттік нормативтік-құқықтық актілермен қатаң реттеледі:
-
ҚР Еңбек кодексі (еңбек шартының талаптарын өзгерту және еңбек жағдайлары);
-
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңы (педагогтың құқықтары мен жүктеме нормалары);
-
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрықтары (нормативтік оқу жүктемесін белгілеу ережелері).
2. Мұғалімнің басты заңды құқықтары
• Апталық нормативтік жүктеме кепілдігі
«Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, орта білім беру ұйымдарында педагог үшін апталық нормативтік оқу жүктемесі 16 сағатты құрайды. Мұғаліммен жасалған еңбек шартында белгіленген оқу жүктемесінің көлемі оның жазбаша келісімінсіз өзгертілмеуге тиіс.
Заң бабы (ҚР ЕК 46-бабы): Егер мектепте оқу жоспарының өзгеруіне немесе сыныптардың қысқаруына байланысты жүктеме азаятын болса, жұмыс беруші мұғалімді бұл туралы кемінде 1 ай бұрын жазбаша хабардар етуге міндетті.
• Бұрынғы жүктеме мен сабақтастықтың сақталуы
Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, жаңа оқу жылында мұғалімге өткен оқу жылындағы оқу жүктемесінің көлемі мен пәндік сабақтастық (бұрын берген сыныптарын әрі қарай жүргізу) мүмкіндігінше сақталуға тиіс. Әкімшіліктің негізсіз түрде бұрынғы сыныптарды алып қойып, оны жаңадан келген мамандарға бере салуға құқығы жоқ.
• Тарифтік комиссияның ашықтығы
Мектепте сағаттарды директор жалғыз өзі шешпейді. Бұл мәселе арнайы құрылған Тарифтік комиссияда қаралады.
-
Комиссия құрамына кәсіподақ комитетінің өкілі міндетті түрде кіреді.
-
Мұғалім сағат бөлу хаттамасымен, бұйрықпен және өзіне жүктелген тарификациямен оқу жылы басталғанға дейін танысып, қол қоюға құқылы.
3. Сағат жетіспегенде басымдық кімге беріледі?
Егер сыныптар қысқарып, сағат саны азайса, Тарифтік комиссия сағатты бірінші кезекте мына басымдықтар бойынша бөлуі тиіс:
-
Біліктілік санаты жоғары педагогтер: Педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор.
-
Негізгі жұмыс орны болып табылатын мұғалімдер: Қосымша жұмыс істеушілерге (совместитель) қарағанда негізгі құрамдағы педагогтер басымдыққа ие.
-
Тиісті педагогикалық білімі мен жұмыс өтілі жоғары мамандар.
4. Ауызша уәдеге сенбеңіз: Жиі жіберілетін қателіктер
-
Ауызша уәде заңды күшке ие емес: «Келесі тоқсанда сағат қосып береміз» деген сөздерге сенбеңіз. Барлық жүктеме бұйрықпен және Тарификация тізімдемесімен бекітілуі шар.
-
Бұйрықты оқымай, қол қоймаңыз: Егер бөлінген сағатпен келіспесеңіз, танысу парағына «Бөлінген сағат көлемімен келіспеймін» деп жазып, себебін көрсетіп қол қоюға заңды құқыңыз бар.
5. Құқығыңыз бұзылса, не істеу керек? (Адымдап жасалатын әрекет)
-
Мектеп директорының атына жазбаша өтініш жазыңыз: Сағаттың не себепті азайғанын немесе заңсыз бөлінгенін жазбаша түрде негіздеп бергізіңіз.
-
Келісім комиссиясына жүгініңіз: Мектепте еңбек дауларын шешуші бірінші саты — Келісім комиссиясы (Согласительная комиссия). Соған жазбаша шағым түсіріңіз.
-
Бақылаушы органдарға арызданыңыз: Егер мәселе мектеп деңгейінде шешілмесе, Облыстық Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне немесе Мемлекеттік еңбек инспекциясына арызданыңыз.
Редакциядан: Заңды білу — мұғалімнің өз кәсіби қадір-қасиетін сақтауының басты кепілі. Құқығын білетін педагог қана мектепте өз еңбегінің лайықты бағалануын талап ете алады.