Әлеуметтік желіде ата-ананың үздіксіз шағымынан қажыған мұғалімнің жанайқайы қызу талқыланып жатыр. Педагог мектепте тегін олимпиадалық дайындық клубын ашқанымен, іріктеуден өтпеген баланың ата-анасы оны қайта-қайта шағыммен қорқытып жүргенін мәлімдеді. Мұғалім тіпті мамандығын тастауға дайын екенін айтқан. Ал әріптестері мектеп әкімшілігінің педагогті қорғай алмай отырғанына наразылық білдірді, деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісінде мұғалімнің ата-ананың үстінен алғаш рет арыз жазғаны туралы жазбасы көпшіліктің назарын аударды.
Педагогтің айтуынша, ол мектеп директорының рұқсатымен аптасына бір рет тегін олимпиадалық дайындық клубын ұйымдастырған. Математикаға қабілетті оқушыларды іріктеп, олармен қосымша жұмыс жүргізуді көздеген.
Алайда осы бастама күтпеген жанжалға ұласқан.
«Аптасына 1 рет тегін олимпиадаға дайындық клубын аштым директор рұқсатымен. Жақсы бастама болып ата аналар қуанған. Өзім мектепшілік олимпиада өткізіп, бастапқы 10 адамнан таңдап алғанмын. Солармен жұмыс істеймін деп. И осы ата ананың баласы сол топқа ілінбей қалды. Сол топқа қос деп қайта қайта арыз жазып отыр. Мен оның баласын қоссам бәрін қосуым керек, ол кезде олимпиадаға дайындық емес математикадан қосымша сабақ болып кетеді. Мен тек математикаға бейім баламен жұмыс істегім келеді», – деп жазған мұғалім.
Оның айтуынша, ата-ана баласын неге қабылдамайтынын сұрап, іріктеу нәтижесімен келіспеген.
«Ал ата ана неге менің баламды алмай отырсың диді. Олимпиадада тек жоғары ұпай жинағанды алмайды ма? Мен неге 50 адамды аламын? Бұған тем более мектеп ақша төлемесе», – деген педагог.
Бұл жағдайдағы басты қайшылық — мұғалімнің өз еркімен ұйымдастырған тегін сабағының да шағым мен дау-дамайға ұласуы.
«Не ата-ана қателігін түсінеді, не мен мұғалімдіктен кетемін»
Мұғалімнің алғашқы жазбасы ерекше ауыр сөздермен басталған.
«Ата ана үстіне арыз жаздым бүгін. Бірінші рет ата анаға жаздым, болмады... Прям шаршатып жіберді. Либо ата ана өз қателігін түсінеді, либо мен мұғалімдіктен кетемін. Баладан емес ата анадан шаршайтын заман болды өкінішке орай», – деп жазған ол.
Кейін пікірлердің бірінде педагог мұндай шешімге не себеп болғанын да түсіндірген.
Оның айтуынша, ата-ана мектепке келіп, оқушысының көзінше дау шығарған. Тіпті мұғалімнің жұмыс парағын жұлып алып, директорға барғанын мәлімдеген.
«Жоқ, мұғалімге құрмет көрсетілмеді. Оқушы көзінше айқайлап ар намысымды таптады. Жұмыс парағын қолымнан жұлып алып директорға алып кетті, соны да жаздым. Қайта қайта мазамды алып, то мектепке келді, то звондады, жазды. Соның бәрін жаздым. Қашанға мен оған отчет беріп отырамын?», – дейді мұғалім.
Педагог шағымының қаншалықты қаралатынын білмесе де, өз құқығын қорғауға бел буғанын жеткізген.
«Ия бұйырса жазып отырамын. Бүгін жаздым, қаншалықты педагог құқығы қорғалатынын көреміз...», – деп жазған ол.
Әзірге ата-ананың осы оқиғаға қатысты түсініктемесі жарияланған жоқ. Сондықтан жанжалдың нақты мән-жайы мұғалімнің әлеуметтік желідегі мәлімдемесіне сүйеніп баяндалып отыр.
«3,5 жыл шыдадым. Ақыры жұмыстан кеттім»
Мұғалімнің жанайқайына өзге педагогтер де үн қосқан.
Пікір білдірушілердің бірі ата-аналармен арадағы жанжал кезінде мектеп әкімшілігі тарапынан қолдау көрмегенін айтып, ақыры мамандығын тастап кеткенін жеткізген.
«Сол үшін 2 тоқсаннан бастап жұмыстан шығып кеттім. Өйткені со стороны администрации дым қолдау болмады, әрдайым мені сол ата-ананың алдында жығып беріп отырды. Осыған дейін үстінен жазам, соттасам дегенде директор маған жұмыстан кетесің, сосын соттаса бер мектептің атын атаушы болма деген, мен бір жұмыстан шықсам ешқайда кіре алмай қалатын құсап көніп жүре берген ғо сорррры, 3,5 жыл уақытым кетті сол ата-анаға, сөйтіп 10 жылдық педагогикалық өтіліммен кул болмас бұл бол деп қош айтыстым!!!», – деп жазған ол.
Бұл пікір мұғалім мен ата-ана арасындағы жанжалға мектеп әкімшілігінің қалай араласатыны туралы маңызды мәселе көтереді.
Мұғалімнің кәсіби әрекетіне қатысты шағымды әділ тексеру — мектеп басшылығының міндеті. Алайда ата-ананың әр талабын орындауды педагогке жүктеу немесе оны қолдаусыз қалдыру жанжалды ушықтыруы мүмкін.
Тағы бір оқырман:
«Үнемі, ата-анынікі қате болсада дұрыс деген заң жоқ! Қойшы, үндемейінші деудіңде қажеті жоқ.. Мұғалімдерді тым ата-ананың алдында жалтақтатып тастаған??? НЕГЕ? Содан, жақсы үлкен мұғалімдер көбіне ата-ананың сөздерін істеуден қорқады, жүректеріне қатты қабылдайды», – деп жазған.
Ал басқа пікірде мұндай жағдайда мұғалімнің өз құқығын қорғауға шешім қабылдауы қолдау тапқан.
«Неге кетесіз? Ата ананың әрекеті дұрыс болмаса кінәлі ол шығар, сіз емес. Осылай заңмен абыройды сақтауды үлгі ретінде әріптестеріңізге көрсеткен дұрыс шығар», – деген пікір қалдырылған.