Қазақстанда мектеп жөндеуіне, түрлі іс-шараларға, құрал-жабдық пен мұғалімдерге сыйлық алуға ата-аналардан міндетті түрде ақша жинауға болмайды. Оқу-ағарту министрлігі мектептің қажеттілігіне жұмсалатын қаржы бюджеттен бөлінуге тиіс екенін мәлімдеді. Ал заңсыз ақша жинау деректері анықталса, ата-аналар құзырлы органдарға шағымдана алады, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі мектептерде ата-аналардан ақша жинауға қатысты талаптарды қайта түсіндірді. Бұл туралы 5 қарашада Kazinform агенттігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, мектептегі іс-шараларды ұйымдастыру, ғимараттарды жөндеу, қажетті құрал-жабдықтар мен басқа да материалдық-техникалық заттарды сатып алу бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылуға тиіс.
Бұл шығындарды ата-аналардың мойнына артуға болмайды.
Атап айтқанда, мектеп әкімшілігі сыныптарды жөндеуге, жабдық алуға немесе мектеп ұйымдастыратын іс-шараларға ата-аналардан міндетті жарна талап ете алмайды.
Министрлік заңсыз ақша жинау жемқорлық тәуекелдерін туғызатынын да ескертті.
Мұғалімге гүл сыйлауға бола ма?
Ведомство мұғалімдерге гүл мен сыйлық беру мәселесіне де тоқталды.
Министрліктің түсіндіруінше, педагогке гүл сыйлауға тыйым салынбайды. Алайда бұл әр оқушы мен ата-ананың ерікті таңдауы болуы керек.
Мектеп әкімшілігі немесе білім беру ұйымының басқа қызметкерлері мұғалімдерге гүл, сыйлық сатып алуға бастамашы болмауға, ақша жинауды ұйымдастырмауға және мұндай міндетті ата-аналарға жүктемеуге тиіс.
Демек, ата-аналар комитетінің атынан барлық отбасыға бірдей ақша өткізу талабы қойылса, оның еріктілік қағидасына сәйкестігіне күмән туындайды.
Бір ата-ананың сыйлық бергісі келуі басқа ата-ананың да ақша төлеуге міндетті екенін білдірмейді.
Заңсыз ақша жинаса, қайда шағымдануға болады?
Министрліктің түсіндіруінше, мектепте жөндеу жұмыстарына, іс-шараларға немесе сыйлыққа заңсыз ақша талап етілсе, ата-аналар Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттеріне шағымдана алады.
Мұғалімдерге заңда белгіленген шектен асатын сыйлықтар берілгені туралы мәліметтер де осы органдарға жолдануы мүмкін.
Айта кетейік, мұндай талаптар алғаш рет енгізіліп отырған жоқ. Қазақстанда мектептердің қажеттіліктерін бюджет есебінен қаржыландыру тәртібі бұрыннан бар.
Алайда министрліктің осы мәселені қайта түсіндіруіне қарағанда, ата-аналардан ақша жинаудың заңдылығы әлі де өзекті болып отыр.
Мектептің қалыпты жұмыс істеуіне қажетті қаржыны ата-аналардың қалтасынан іздеу дұрыс емес. Ал балалардың білім алуы үшін қарастырылған бюджет қаражатының жеткілікті әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету — жауапты мемлекеттік органдардың міндеті.