Шымкент мұғалімдері мектептегі бітпейтін тапсырмалар мен цифрлық платформалардан қажығанын айтып, әлеуметтік желіде жанайқайын жеткізді. Олардың сөзінше, педагогтер сабақ беруден гөрі есеп толтыруға, түрлі мекемелердің тапсырмаларын орындауға көбірек уақыт жұмсайды. Жарияланымға үн қосқан өзге ұстаздар да мұндай жағдайдың бір ғана қалаға тән емес екенін мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісінде Шымкент мұғалімдерінің жұмыс жағдайына қатысты жарияланған жазба қызу талқыланып жатыр.
Жазба авторы Ерлан Файзуллаев қаладағы педагогтердің шағымдарын жинақтап, олардың күнделікті жұмысының қаншалықты күрделенгенін көпшілік назарына ұсынған.
«Шымкент қаласының мұғалімдері хабарласты.Оқушыға білім беруді бір шетке жығыстырып қойдық деп. Өздерің жазып беріңдер,соны жариялайын дегем», – деп жазған ол.
Мұғалімдердің жолдаған шағымында бірнеше мәселе қатар көтерілген.
«Мектепте мұғалім болу да қиын болды. Алақан платформасы одан соң балажанға кіріп оны толтыру, сана оны енгізу, кітапханада барлық оқушы кітаптарына штрих код жабыстыру. Тәрбие завуч одан қалса төбеңді тесіп өз жұмыс жоспарын береді. Қалалық білім бөлімінен келетін сілтемеге тез кір деген тоқтаусыз тапсырмалары бар», – делінген жазбада.
Бұл — мектептегі цифрландыру мұғалімнің жұмысын жеңілдетудің орнына оның күнделікті міндеттерін көбейтіп жібермеді ме деген сұрақты қайта көтеретін мәлімдеме.
«Мұғалімдердің 90 пайызы жынды болады»
Жазбада педагогтердің қосымша тапсырмалардан қажығаны ашық айтылған.
«Дарын орталықтарынан келетін олимпиада ол бар. Әлеуметтік педагог пен мектеп психологтарының беретін күнделікті тапсырмалары бар», – дейді шағым иелері.
Олардың айтуынша, мұғалімдерге тапсырмалар әртүрлі бағыттан үздіксіз келіп түседі. Бірін орындап үлгермей жатып, екіншісін орындау талап етіледі.
Жазба авторы мұғалімдердің жағдайын сипаттаған мына пікірді де жариялаған:
«Бұлай мектепте жұмыс жасай беретін болсақ жақында 100 %-мұғалімдердің 90 %-жынды болады. Оқушыларға сабақтарымызды өтпей ақ осы аталған жұмыстарымызды жасап жүре береміз ау. Ең басты қалалық білім бөлімі мен мектеп әкімшілігінің берген тапсырмаларын орындап. Оқушыға білім беру деген қалды. Есесіне мұғалімге жүктелген тапсырма тоқтаусыз көп».
Мұндағы пайыздық көрсеткіш нақты зерттеу нәтижесі емес, педагогтердің қажуын әсірелеп жеткізген эмоциялық пікір.
Алайда оның астарындағы мәселе елеусіз қалмауға тиіс.
Өйткені мұғалімнің жұмыс уақыты шексіз емес. Қосымша тапсырмалар көбейген сайын сабаққа дайындалуға, оқушының біліміндегі олқылықтарды анықтауға және жеке жұмыс жүргізуге бөлінетін уақыт қысқаруы мүмкін.
«Бір тапсырманы он рет сұрайды»
Жарияланым астында өзге педагогтер де шағымға үн қосқан.
«Дәл солай. Тыныштық жоқ. Маман и так жетіспейді мектепте, соған қарамай бүкіл тапсырманы береді. Бір тапсырманы 10 рет сұрайды. Біз қайталап жазудан жалықпаймыз олар сол таблицасын жіберуден жалықпайды. Жалғыз мұғалімдер емес бәріміздің мазамызды алып қойды. Жұмыстың берекесін қашырып жібереді», – деп жазған оқырмандардың бірі.
Бұл пікірде назар аударатын маңызды мәселе бар: бір мәліметті бірнеше рет сұрату.
Егер мектептегі қажетті ақпарат электрондық жүйеде бұрыннан сақталған болса, оны қайта-қайта кестеге енгізудің қандай қажеттілігі бар?
Ал педагогтер бір деректі бірнеше мекемеге әртүрлі форматта жолдауға міндеттелсе, цифрлық жүйелердің тиімділігіне күмән тууы заңды.
Тағы бір оқырман:
«Мұғалім тек сабақ өту керек.Барлық быбырысқан түкке керек емес тапсырманы тоқтату керек.Мұғалімнің сабақ өтуге ,сабақ сұрауға уақыттары жоқ», – деп жазған.
Пікір білдірушілердің бірі мұндай жағдай тек Шымкентте емес, басқа өңірлерде де кездесетінін жеткізген.
«Тек Шымкент емес барлығында осы тірлік қой», – деген ол.
Ал тағы бір азамат:
«Мұғалімдіктен кеткеніме әлі де қуанамын», – деп жазған.
«Мұғалім емес, іс жүргізуші болып кеткен бе?»
Мұғалімдердің шағымына үн қосқан азаматтардың бірі:
«Сізді оқып отырып.Мұғалім емес іс жүргізуші болып кеткен ба деп қалдым.Шынында қай министр келседе бұл саланың бағы ашылмады», – деп пікір білдірген.
Шынында, бұл мәселе тек Шымкент қалалық білім басқармасына ғана қатысты емес.
Қазақстанда педагогтердің құжат жүргізу тәртібін реттейтін №130 бұйрық бар. «Педагог мәртебесі туралы» заңда да мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға шектеу қойылған.
Алайда бұл нормалардың болуы мұғалімдердің күнделікті жұмысындағы барлық мәселе шешілгенін білдірмейді.
Бір мәселені нақты ажырату қажет: цифрлық платформаларды пайдалану немесе оқушылардың қауіпсіздігіне қатысты ақпаратты тіркеу өздігінен заңсыз жұмыс емес.
Бірақ осы міндеттерді орындау мұғалімнің негізгі қызметіне кедергі келтірсе, қандай тапсырмалардың міндетті, қайсысының артық екенін анықтау қажет.
Мәселен, «Балажан», «Алақан» және өзге де цифрлық жүйелерде нақты қандай мәліметтерді кім енгізуге міндетті? Оларды толтыру үшін мұғалімнің жұмыс уақытынан қанша уақыт жұмсалады? Бір деректің қайталанып сұратылуына не себеп?
Бұл сұрақтарға білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері нақты жауап беруге тиіс.
Мұғалімдердің жанайқайын кім естиді?
Жарияланымда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ғабит Сыздықбековтің аты да аталған.
Алайда Ғабит Сыздықбеков — Шымкент қаласының әкімі. Сондықтан жазбада көрсетілген лауазым нақты емес.
Бұл ретте мұғалімдердің шағымына қалалық білім басқармасы қандай түсініктеме беретінін және тапсырмалардың қайсысы міндетті екенін анықтау маңызды.
Мектептерге түрлі ұйымдардан келетін тапсырмалардың бәрі бірдей заңсыз болмауы мүмкін. Бірақ олардың қажеттілігі, көлемі және орындалу тәртібі педагогтің негізгі жұмысын ескере отырып белгіленуі керек.
Қоғам мұғалімнен сапалы білім талап етеді. Министрлік оқу нәтижесінің жақсарғанын күтеді. Ата-ана баласының әр тақырыпты меңгергенін қалайды.
Ал мұғалімнің өзі сабақ беруге уақыт таппай отырғанын айтса, бұл мәселеге тек педагогтің жеке шағымы ретінде қарауға болмайды.
Өйткені білім беру жүйесінің тиімділігі мұғалімнің қанша кесте толтырғанымен немесе қанша цифрлық платформаға тіркелгенімен өлшенбейді.
Ең басты өлшем — баланың нақты білімі.
Егер мұғалім сабақ берудің орнына күн сайын тапсырма орындап, есеп жолдап, кесте толтырумен айналысса, онда ең маңызды сұраққа жауап іздеу керек: мектеп кім үшін жұмыс істеп жатыр — оқушы үшін бе, әлде есеп сұрайтын мекемелер үшін бе?