Алматыдағы №54 мектеп-лицейде мұғалімнің орнына ата-аналардың сабақ бергеніне қатысты дау жаңа сипат алды. Бұл мәселемен Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне жүгінген Айман Сағидулла мекеме басшысы Гүлнара Ермекбаеваның әрекетіне ашық наразылық білдірді. Оның айтуынша, департамент арызды тиісті тәртіппен қараудың орнына мектеп директорына хабарласып, шағымның мән-жайын жеткізген. Белсенді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға үндеу жолдап, департаменттің жұмысын сынға алды. Әлеуметтік желі қолданушылары да бұл мәселеге қатысты өткір пікірлерін білдірді, деп жазады Democrat.kz.
Алматы қаласындағы №54 мектеп-лицейде мұғалімнің орнына ата-аналардың сабақ бергеніне байланысты дау әлеуметтік желіде жалғасып жатыр.
Бұған дейін аталған жағдайды көтеріп, әлеуметтік желіге жазба жариялаған Айман Сағидулла енді Алматы қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің әрекетіне наразылық білдірді.
Ол Facebook парақшасында департамент басшысы Гүлнара Ермекбаеваның берген жауабына қатысты көлемді жазба жариялаған.
Белсендінің айтуынша, мәселенің мәні ата-аналардың сабақ өткізгенінде ғана емес, осы жағдайға қатысты шағымның мемлекеттік органда қалай қаралғанында.
«Мектеп басшылығының жауапсыздығының салдарынан ата-ана сабақ өткізген»
Айман Сағидулла жазбасында оқиғаның қалай басталғанын баяндаған.
«Осыдан бірнеше күн бұрын жазба жариялаған едім.
Алматы қаласының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гульнара Ермекбаева ханымның әрекетіне байланысты.
Құрметті Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова ханым!
Алматы қаласындағы 54 мектеп лицейдің 4-сыныбында жұмыстан сұранған мұғалімнің орнына ата-ана сабақ берген.
Заңдылығы бойынша мұғалімнің орнына басқа мұғалім сабақ беруі керек еді.
Мектеп басшылығының жауапсыздығының салдарынан ата-ана сабақ өткізген.
Бірнеше пәннен сабақ берген. Арасында математика да бар. "Балам тиісті білімін ала алмады,"-деген ата-ана маған қоңырау шалып, көмек сұрады.
Сапаны қамтамасыз ету департаментіне хат жазуға болатынын айттым.
Хатын жіберді», – деп жазған ол.
Белсенді ұстаздың сөзінше, ата-ананың ресми арыз жазуына баласының тиісті білім ала алмағанына қатысты алаңдаушылығы себеп болған.
Айман Сағидулла бұл жағдайды мектеп әкімшілігінің оқу процесін ұйымдастыруына қатысты мәселе деп есептейді.
«Бұлар директорды шақырып, бәрін жайып салды»
Жазбадағы ең өткір айыптау шағымның қаралу тәртібіне қатысты айтылған.
Айман Сағидулла департамент қызметкерлері арыздың мазмұнын мектеп басшылығына жеткізгенін мәлімдеген.
«Бұл мәселеге қайта оралып отырған себебім ата-ананың сабақ өткені ғана емес.
Ол мәселе тиісті орынға жазылды, айтылды. Менің назар аудартқым келген мәселе Сапаны қамтамасыз ету департаментінің жұмысы. Гүлнара ханым өз атына барған хатты Білім басқармасына жібергенін айтып отыр. Хатты қабылдап алған соң директорға хабарласқан. Негізі бәрінен бұрын Прокуратураға барып, тексеруге рұқсат алуы керек. Содан соң мектепке тексеру баратынын айтып хат жібереді. Түскен арыздың толық мәтінін жібермейді. Директормен де сөйлеспейді. Тексеріс жүргізіп, заң бұзылған болса, шара қолданылады.
Бұлар директорды шақырып, бәрін жайып салды», – деп жазды ол.
«Жұлдыз ханым! Мен мына жағдайды мүлдем түсінбедім»
Айман Сағидулла жазбасында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға тікелей жүгінген.
Ол білім сапасына қатысты арыздың неге департаменттің өзінде қаралмағанын сұрайды.
«Жұлдыз ханым! Мен мына жағдайды мүлдем түсінбедім.
Жұмысты қалай істеп отыр? Бұл мәселе тікелей Сапаны қамтамасыз ету департаментінің құзіретіне жатады. Сонда сапаны осылай қамтамасыз етіп отыр ма? Егер ата-аналар сабақ өтуге болатын болса, онда неге мектеп ашып, мұғалімдерді дайындап, оқытып отырмыз? Тікелей білім сапасына қатысты мәселе неге Сапаны қамтамасыз ету департаменті мекемесінде қаралмайды?» – деп жазған белсенді.
Оның көтеріп отырған негізгі сұрағы — мектеп әкімшілігінің әрекеті мен білім беру процесінің заңдылығын бақылаудың арасындағы айырмашылық.
Бұған дейін департамент басшысы Гүлнара Ермекбаева арызда білім беру ұйымы басшыларының әрекеттеріне қатысты мәселелер қозғалғанын, ал мектеп директорларына қатысты жұмыс беруші өкілеттігін Алматы қаласының Білім басқармасы жүзеге асыратынын түсіндірген болатын.
Ол Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 65-бабына сәйкес арыз тиісті органға жолданғанын хабарлаған.
Сонымен қатар Білім басқармасына мән-жайды зерделеу, комиссия құру және заңнамада белгіленген тәртіппен тексеру жүргізу тапсырылғанын мәлімдеген.
Алайда Айман Сағидулла бұл түсініктемемен келіспейді. Оның пікірінше, департамент білім беру процесінің заңдылығына қатысты мәселені өз құзыреті шегінде қарауға тиіс.
«Гүлнара ханым көп жылдан бері сол жерде басшы»
Жазбада департамент басшысының қызметіне қатысты да өткір сын айтылған.
«Екінші хатты қалалық әдеп кеңесіне жолдады. Ол да сол мекемеде. Оны неге Білім басқармасына жіберіп отыр? Гүлнара ханым көп жылдан бері сол жерде басшы. Көп жыл отырған соң директорларды жақсы танып қалған ба? Арызды қарауға не кедергі? Егер Гүлнара апай арыз қараудан шаршаған болса, бір орында көбірек отырып, танып қалған директорларға тексеру жіберуге бата алмайтын жағдайға түскен болса, ол кісіні көп қинамай, жұмысынан босатып, демалуға жібергеніңіз дұрыс сияқты. Сапаны қамтамасыз ету департаменті сапаны түсіретін іс-әрекетке нүкте қоя алмаса, ондай мекеме кімге керек?» – деп жазды Айман Сағидулла.
«Сапаны қамтамасыз ету комитетін жауып тастау керек»
Айман Сағидулланың жарияланымы әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
Пікір білдірушілердің бір бөлігі департаменттің әрекетіне наразылық танытқан.
Оқырмандардың бірі:
«Осы Сапаны қамтамасыз ету Комитетін бүкіл өңірлердегі департаменттерімен қосып жауып тастау керек қой. Салық төлеушінің қаржысын шығындағанша...
Солай ма Жұлдыз Сүлейменова ханым?!» – деп жазған.
Тағы бір оқырман:
«Өздеріне түскен шағымды басқа жаққа жіберуші департамент пе бұл? Бюджеттің ақшасын өз міндетімен айналыспайтын департаментке бөлудің керегі қанша?» – деген пікір білдірген.
Басқа пікірде мектеп әкімшілігінің жауапкершілігі туралы сұрақ қойылған.
«Мұғалімнің орнына ата-ана сабақ берген болса, мектеп әкімшілігі ай қарап отыр ма?» – деп жазған оқырман.
Ал тағы бір желі қолданушысы:
«Мынау ұят нәрсе екен, өздерінің құзыретін білмей отыр ма», – деп пікір қалдырған.
«Арыз айыпталушының қолында отырады»
Пікірталаста мемлекеттік органдарға шағымданудың салдары туралы да мәселе көтерілген.
Оқырмандардың бірі арыздың мазмұны шағымда көрсетілген адамдарға белгілі болып қалатынын айтып, наразылық білдірген.
«Қай уақытта да солай ғой, жазған арызыңның темасы айыпталушының қолында отырады. Ол танысып, дайындалып, қарсы пікір жинап, қол жинап әрекетін іске асырады», – деп жазған ол.
Бұл пікірде шағым берген азаматтың кейін қысымға ұшырау қаупіне қатысты алаңдаушылық байқалады.
Министрлік жауап бере ме?
Айман Сағидулланың соңғы жазбасынан кейін мәселе тек №54 мектеп-лицейдегі сабақтың қалай өткізілгенімен шектелмей отыр.
Бастапқы шағымда мұғалімнің орнына ата-аналардың сабақ бергені және оқушылардың білім алуына қатысты мәселе көтерілген.
Ал кейінгі жарияланымда сол шағымды қараған мемлекеттік органның әрекеті сынға алынған.
Белсенді департаменттің өз құзыретін дұрыс атқарған-атқармағанын, арыздың неге қалалық Білім басқармасына жолданғанын және мектеп директорымен байланыстың қандай негізде жасалғанын анықтағысы келеді.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан жауап күтетінін білдірген.
Әзірге департаменттің Айман Сағидулланың соңғы жарияланымындағы айыптауларға берген жеке жауабы ұсынылған жоқ.
Осылайша, бір мектепте мұғалімнің орнына ата-аналардың сабақ беруі туралы шағым Алматы қаласындағы білім сапасын бақылауға жауапты мемлекеттік органның жұмысына қатысты үлкен пікірталасқа ұласты.