Қазақстан Ресейдің орнына Еуропадан мұнай сатып алатын болса, шикізат кемінде 50 пайызға қымбатқа түсуі мүмкін. Энергетика министрлігі Ресеймен мұнай жеткізу туралы келісімді ұзартудың экономикалық себебін түсіндірді, деп жазады Democrat.kz.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанның мұнайды балама бағыттардан сатып алу мүмкіндігі бар екенін айтты.
Алайда еуропалық мұнайдың логистикасы мен тасымалдау шығыны әлдеқайда жоғары.
Министрдің есебінше, Еуропадан жеткізілетін шикізат Ресей мұнайымен салыстырғанда кемінде 50% қымбат болуы ықтимал.
Қазақстан мен Ресей арасындағы келісім Павлодар мұнай-химия зауытын шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін маңызды.
Қазақстан өзі ірі мұнай өндіруші болғанымен, кен орындарының және өңдеу зауыттарының географиялық орналасуына байланысты елдің солтүстік-шығысындағы зауытқа Ресейден мұнай жеткізу логистикалық жағынан тиімді.
Сондықтан Үкімет екі мемлекет арасындағы мұнай жеткізу жөніндегі келісімді қайта жалғастыруды жоспарлап отыр.