«Сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін мектептен шықпаңдар»: Директор мұғалімді күні бойы мектепте ұстауға құқылы ма?

«Сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін мектептен шықпаңдар»: Директор мұғалімді күні бойы мектепте ұстауға құқылы ма?

Әлеуметтік желіде мектеп директоры мұғалімдерге «жұмыс уақыты 9:00-ден 18:00-ге дейін» деп, сабақтары аяқталғанына қарамастан мектептен жібермейтіні туралы жазба талқыланып жатыр. Автор «бірінші сабағы сағат 8:00-де басталатын немесе оқу жүктемесі толық емес мұғалімдер ше?» деген сауал қойған. Қазақстан заңнамасына қарасақ, мұғалімнің жұмыс уақытын қарапайым кеңсе қызметкерінің 9:00–18:00 кестесімен бірдей белгілеу әр жағдайда бірдей заңды бола бермейді деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желі қолданушысы мектеп басшылығының бірінші ауысым мұғалімдерін сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыста ұстауына қатысты мәселе көтерді.

«Директордың мұғалімдерді 9:00–18:00 жұмыс уақыты деп жұмыстан жібермеуі заңды ма? Сонда 8:00-де бірінші сабаққа келетін мұғалімдер ше? Сағаттары толық емес мұғалімдер ше?» – деп жазған автор.

Мұндай жағдайда ең алдымен «мұғалімнің 16 сағаты» мен оның жалпы жұмыс уақытын шатастырмау керек.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның 8-бабына сәйкес мемлекеттік орта білім беру ұйымдарындағы мұғалімнің айлық жалақысын есептеуге арналған нормативтік оқу жүктемесі аптасына 16 сағат. Бірақ бұл мұғалім аптасына тек 16 сағат қана жұмыс істеуі тиіс деген сөз емес. 16 сағат – сабақ беру жүктемесінің жалақы есептеуге арналған нормасы.

Педагогтің жұмысына сабақ өткізуден бөлек, сабаққа дайындалу, әдістемелік жұмыс, оқушылармен жеке жұмыс, ата-аналармен кездесу, педагогикалық кеңеске қатысу, тәрбие және ұйымдастыру жұмыстары да кіреді. Педагогтің жұмыс және демалыс режимі мектептің жұмыс тәртібі, сабақ кестесі, ішкі еңбек тәртібі, еңбек және ұжымдық шарттар ескеріле отырып белгіленеді. Бұл тәртіп Білім және ғылым министрінің №153 бұйрығымен реттеледі.

Ал Еңбек кодексінің 68-бабына сәйкес жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс. Жұмыс беруші нақты жұмыс істеген уақытты есепке алуға міндетті.

Осы жерде «бәрің 9:00-ден 18:00-ге дейін мектепте отырасыңдар» деген талапқа қатысты бірнеше мәселе туындайды.

Біріншіден, бірінші сабағы сағат 8:00-де басталатын мұғалімнің жұмыс күні іс жүзінде 8:00-ден немесе сабаққа дайындалу үшін одан да ертерек басталады. Егер ол соған қарамастан күн сайын 18:00-ге дейін қалуға міндеттелсе, нақты жұмыс уақытының қанша болғаны есептелуі керек. «Барлық мұғалімге бірдей 9:00–18:00» қағидасы сабақ кестесін елемеуі мүмкін.

Екіншіден, мұғалімнің сабақ кестесінде белгілі бір уақытта сабағы болмаса, бұл оның мүлде жұмыс істемейді дегенді білдірмейді. Бірақ директор педагогті мектеп ғимаратында күні бойы жай ғана «отыруға» міндеттеу үшін оның еңбек шартында, ішкі тәртіп ережесінде, жұмыс кестесінде немесе нақты қызметтік міндетінде құқықтық негіз болуы қажет. №153 бұйрық педагогтің жұмыс уақытын мектептің қызмет режимі мен оның нақты міндеттеріне қарай белгілеуді көздейді.

Үшіншіден, «сағатым толық емес» деген жағдайды да ажырату керек. Мысалы, мұғалімде 16 емес, 8 немесе 12 сағат сабақ болуы мүмкін. Бұл жағдайда жалақы нақты оқу жүктемесіне қарай есептеледі. Алайда аз оқу жүктемесі автоматты түрде «жарты күн ғана жұмыс істейді» дегенді білдірмейді. Егер еңбек шартында толық емес жұмыс уақыты арнайы белгіленсе, жұмыс беруші одан сол келісілген уақыттан тыс толық жұмыс күнін өтеуді талап ете алмайды.

Демек директордың мұғалімдерге 9:00–18:00 аралығында мектепте болуды талап етуін бірден «заңсыз» деп кесіп айту дұрыс емес. Бірақ мұндай талап ауызша нұсқаумен ғана енгізілмеуі тиіс. Ол еңбек шартына, ішкі еңбек тәртібіне, сабақ және жұмыс кестесіне сәйкес болуы және Еңбек кодексіндегі жұмыс уақыты нормасын бұзбауы қажет.

Егер мұғалімнің сабағы таңғы 8:00-де басталып, оған күн сайын кешкі 18:00-ге дейін себепсіз қалу міндеттелсе немесе толық емес жұмыс уақыты туралы еңбек шартына қарамастан толық күн жұмыс істеу талап етілсе, мұғалім директордан бұл талаптың қандай бұйрыққа және қандай ішкі құжатқа негізделгенін жазбаша түрде сұрата алады.

Құқығы бұзылды деп есептеген педагог еңбек инспекциясына, білім басқармасына, кәсіподаққа немесе e-Өтініш арқылы тиісті мемлекеттік органға жүгінуге құқылы.

Яғни мәселенің түйіні «мұғалім 9:00–18:00 жұмыс істей ала ма?» дегенде емес. Негізгі сұрақ – нақты педагогтің еңбек шарты, оқу жүктемесі мен сабақ кестесі ескеріліп отыр ма, әлде бүкіл ұжымға еш айырмасыз кеңселік режим күштеп енгізіліп отыр ма?

Дайындаған - Әлия БОЛАТҚЫЗЫ. 

Барлық жаңалықтар