Қазіргі заманғы Investing.com аналитикалық платформасында Қазақстан туралы арнайы мақала жарияланып, онда елдің инвестициялық ахуалына жоғары баға берілді. «Сенім жаңа капиталға айналып келеді: Қазақстан инвесторлық тәуекелдер рейтингінде 17 сатыға көтерілді» деген тақырыппен шыққан мақалада авторлар Қазақстанның жаһандық рейтингтердегі орнын нығайтып, инвестиция тартып, экономиканы әртараптандырып, бизнеске қолайлы орта қалыптастырып келе жатқанын атап өтеді деп жазады Democrat.kz.
Сенім – енді экономиканың басты капиталы
Мақала авторларының пайымынша, бұрын мемлекеттер шетелдік инвестицияны арзан жұмыс күшімен, салықтық жеңілдіктермен немесе табиғи ресурстарға қолжетімділікпен тартуға тырысатын. Алайда бүгінгі жағдайда бұл тәсілдер жалғыз шешуші фактор болудан қалды.
Пандемиядан кейінгі әлемдік өзгерістер, геосаяси дағдарыстар, жеткізу тізбектерінің қайта құрылуы және технологиялық бәсекенің күшеюі инвесторлардың талабын өзгертті. Енді бизнес үшін тек пайда көлемі ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік институттардың сапасы, экономикалық саясаттың тұрақтылығы және елдің жаһандық күйзелістерге төтеп беру қабілеті де аса маңызды.
Осыған байланысты сенім жаңа экономикалық капиталға айналып отыр. Дәл осы сенім қаржы тарту құнына, ірі жобалардың уақтылы іске қосылуына, халықаралық компаниялардың жаңа өндіріс ашуға дайындығына және елдегі жалпы тәуекел деңгейіне тікелей әсер етеді. Яғни, қазір басқару сапасы, шешім қабылдау жеделдігі және мемлекеттік саясаттың жүйелілігі алдыңғы орынға шыққан.
Авторлар мұндай үрдіс Орталық Азиямен ғана шектелмейтінін айтады. Осындай бағытты Сауд Арабиясы, Үндістан және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдер де ұстанып отыр.
Қазақстан жаңа жағдайда бәсекеге қабілетті ел ретінде көріне бастады
Осы өзгерген жағдайда Қазақстан жаңа талаптарға сенімді бейімделіп жатқан елдердің қатарына қосылды. 2026 жылдың алғашқы жартысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,6 пайызға өсіп, 20 миллиард доллардан асты. Ал жеке инвестициялар көлемі 21 пайыздан да жоғары өсім көрсетті.
Сонымен қатар Қазақстан «Инвесторлар үшін ең қауіпсіз елдер – 2026» атты дамушы рейтингте бірден 17 сатыға жоғарылап, 70-орыннан 53-орынға көтерілді. Осылайша, ел Орталық Азия мемлекеттері арасында көшбасшы атанды.
Халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы да жаман емес. Халықаралық валюта қоры 2026 жылы Қазақстан экономикасы 4,6 пайызға өседі деп болжайды. Ал Дүниежүзілік банк бұл тұрақты өсім алдағы жылдары да сақталады деген ұстанымда.
Жаңа буын экономикасы: әртараптандыру ЖІӨ өсімін қамтамасыз етіп отыр
Investing.com сарапшылары Қазақстан экономикасының құрылымы біртіндеп өзгеріп келе жатқанын жазады. Егер бұрын өсімнің негізгі қозғаушы күші шикізаттық сектор болса, қазір жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын салалардың рөлі артып келеді.
2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсті. Бұл өсімге ең үлкен үлес қосқан салалар – өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сауда.
Бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасын тапты. Биылғы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында экономика 4,1 пайызға өсті. Құрылыс саласы 15 пайыздан астам өсім көрсетті. Сонымен қатар көлік, логистика және өнеркәсіп өндірісі де жоғары қарқын сақтап отыр.
Инвестицияның бағыты өзгеріп жатыр
Сарапшылардың айтуынша, инвестиция құрылымы да бұрынғыдай емес. Бүгінде капиталдың негізгі бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке, құрылысқа, көлік инфрақұрылымына, цифрлық экономикаға, ақпарат және байланыс саласына бағытталып жатыр.
Шикізатқа тәуелді емес салалардың дамуы – тек экономикалық саясаттың нәтижесі ғана емес, сонымен бірге елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығының көрсеткіші. Яғни, Қазақстан үшін экономиканы әртараптандыру – жай ұран емес, нақты даму бағытына айналып келеді.