Қазақстанда мыс өндіру мен байыту көлемі өскенімен, оны терең өңдейтін жаңа ірі зауыттар әлі күнге дейін салынған жоқ. Мамандардың сөзіне қарағанда, бұл сала негізінен шикізат экспортына тәуелді болып отыр, деп хабарлайды Democrat.kz.
Қазіргі уақытта мыс заманауи экономиканың ең басты материалдарының біріне айналды. Бұл металға деген сұраныс электроэнергетика, транспорт, байланыс, тұрмыстық техника, компьютерлер, электромобильдер мен жаңартылатын энергетика салаларында үздіксіз өсіп келеді. Мол шикізат қоры бар Қазақстан үшін бұл үлкен мүмкіндік саналады.
Алайда қазір басты мәселе тек кен өндіру көлемінде емес. Сарапшылар дайын өнімнен түсетін қосылған құнның қаншалықты ел ішінде қалатыны маңызды екенін айтады.
Бүгінгі таңда отандық мыс металлургиясы негізінен кеңес дәуірінде салынған кәсіпорындарға сүйенеді. Мысалы, Балқаш мыс қорыту зауыты 1938 жылы іске қосылса, Жезқазған зауыты 1970 жылдардың басында пайдалануға берілген. Тәуелсіздік жылдарында кен өндіру мен байыту деңгейі едәуір артқанымен, елде бірде-бір жаңа ірі мыс қорыту зауыты бой көтерген жоқ. Нәтижесінде шикізат базасы металлургиялық өңдеуден озып кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та елдің өнеркәсіптік қаңқасын нығайтып, экономикалық дербестікті қамтамасыз етуді тапсырған еді. Президент бастапқы өңдеуден өткен өнімді экспорттап, дайын тауарды сырттан қымбатқа сатып алу тәжірибесінен біртіндеп бас тартуды талап етті.
ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті Экономика институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы Еркін Садықов бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Оның сөзіне қарағанда, ел өндіріс тізбегінде соңғы өнімге неғұрлым жақындаған сайын, оның бәсекеге қабілеттілігі де соғұрлым артады. Минералды шикізатты терең өңдеу үшін тек зауыт салу жеткіліксіз. Оған тұрақты электр энергиясы, дамыған логистика, қосалқы өндірістер және білікті мамандар қажет. Нәтижесінде ірі металлургия айналасында тұтас өнеркәсіптік экожүйе қалыптасады. Еркін Садықов Чили, Қытайдың Цзянси провинциясы және Германиядағы Aurubis кешені сияқты халықаралық тәжірибелерді де мысалға келтірді.
Техникалық талаптар туралы сарапшы, PhD Мейрам Атаманов та айтып өтті. Оның пайымдауынша, жаңа мыс қорыту қуаттары концентрат экспортынан ел ішіндегі толық өндірістік тізбекке көшудің маңызды қадамы болмақ. Сонымен бірге заманауи зауыт тек өнім көлемімен бағаланбайды. Бұл орайда экологиялық қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Кәсіпорындар газ тазалайтын, күкірт қосындыларын ұстап қалатын тиімді жүйелерді және қалдықтарды өңдеудің заманауи тәсілдерін енгізуі қажет.
Екінші маңызды шарт – шикізатты кешенді пайдалану. Мыс концентраты күрделі шикізат саналғандықтан, негізгі металмен бірге оның құрамындағы бағалы компоненттерді де толық бөліп алу қажет. Мейрам Атаманов өндірістік қалдықтарды жоғалту ретінде емес, екінші мәрте пайдаланатын шикізат ретінде қарастыруды ұсынады. Сонымен қатар катодты мыс өндірумен шектелуге болмайды. Одан кейінгі деңгейде кабельдер, қорытпалар, энергетика мен машина жасауға қажетті бөлшектер шығарылуы тиіс.
Қазіргі уақытта бұл салада екі түрлі модель бар. Бірінші модельде ел кенді өндіріп, оны сыртқа өңдеуге жібереді. Ал екінші модельде меншікті шикізат базасы отандық өндіріс кешенін дамытудың іргетасына айналады. Қазақстан үшін осы екінші үлгіге біртіндеп көшу басты міндет болып отыр. Ол үшін кеннен бастап өңдеуге, металға, материалдарға, компоненттерге және дайын өнімге дейінгі толық тізбек қажет. Бұл бағытта екі сарапшының да көзқарасы бір жерден шығады. Олар шикізат басымдығын заманауи өнеркәсіптік және технологиялық артықшылыққа айналдыру маңызды деп есептейді.