Астанада Mardan тұрғын үй кешеніне ақша салған 274 отбасы жалпы 4,1 млрд теңге шығынға ұшырады. Тергеу аяқталып, төрт күдікті қамауға алынды, қылмыстық іс сотқа жолданды, деп жазады Democrat.kz.
Астана прокуратурасының мәліметінше, қылмыстық топ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға қажетті рұқсат құжаттарынсыз азаматтардан қаражат жинаған деген күдікке ілінген.
Тергеу дерегі бойынша, Mardan тұрғын үй кешенінен пәтер алғысы келген азаматтармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалып, қаражат тартылған.
Нәтижесінде 274 отбасы зардап шегуші ретінде танылды. Оларға келтірілген жалпы шығын 4,1 млрд теңгеге бағаланған.
Тергеу барысында күдіктілердің мүлкі мен активтеріне қатысты қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Төрт фигурант қамауда отыр.
Қазір тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа берілді. Күдіктілердің кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана түпкілікті анықталады.