Қазақстандық мұғалім мектептерде қалыптасқан ашық сабақ өткізу дәстүрін сынап, оны кеңестік білім жүйесінен қалған тәжірибе деп бағалады. Педагогтің бұл пікірі ұстаздардың күнделікті еңбегі мен арнайы көрсетілім үшін ұйымдастырылатын сабақтардың айырмашылығына қатысты мәселені қайта көтерді. Ал Оқу-ағарту министрлігінің ресми деректеріне қарағанда, аттестаттау кезінде өткізілетін ашық сабақтар саны қысқарғанымен, бұл талап толық жойылған жоқ. Ашық сабақ кімге және не үшін қажет, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстандық мұғалім әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбасында ашық сабақ өткізу тәжірибесін сынға алды.
Педагогтің пікірінше, ашық сабақ — кеңестік білім беру жүйесінен қалған дәстүр. Ол қазіргі мектепте мұғалімнің кәсіби еңбегін бағалау үшін мұндай көрсетілімдерді ұйымдастырудың қаншалықты қажет екенін мәселе етіп көтерген.
Ұстаздың бұл ұстанымы Қазақстан мектептерінде бұрыннан талқыланып келе жатқан мәселемен сабақтасады.
Өйткені кейбір педагогтер ашық сабақтың тәжірибе алмасу алаңы болғанын қолдаса, енді бірі оның арнайы дайындалатын қойылымға айналып кеткенін сынап жүр.
«Ашық сабақ — мереке емес, шар ілетін»
Бұған дейін Democrat.kz ашық сабақтардың өткізілу тәртібіне наразылық білдірген мұғалімдердің пікірлерін жариялаған.
Солардың бірі ашық сабақты шарлармен безендіріп, концертке немесе мерекелік қойылымға айналдырудың қажеті жоқ екенін айтқан.
«Ашық сабақ — мереке емес, шар ілетін», – деген педагог сабақтың негізгі мақсаты оқушыға білім беру екенін ескерткен.
Оның пікірін қолдаған әріптестерінің бірі:
«Өте дұрыс айтасыз! Менің әр сабағым — ашық сабақ! Кез келген күні кіре беріңіздер деймін!» – деп жазған.
Ал тағы бір оқырман:
«Ашық сабақтың разработкасы тура тамаданың шоу бағдарламасы ғой», – деп пікір білдірген.
Бұл сөздер мұғалімдердің ашық сабақтың өзіне ғана емес, оның өткізілу тәсіліне де наразылығы бар екенін көрсетеді.
Сыныпты ерекше безендіру, сабаққа арнайы сценарий әзірлеу, түрлі көрнекілік дайындау, қонақтарға арналған көрсетілім ұйымдастыру — мұғалімнің күнделікті жұмысына қосымша уақыт талап ететін әрекеттер.
Бірақ арнайы дайындалған сабақ педагогтің күнделікті оқыту сапасын қаншалықты дәл көрсете алады?
Министрлік ашық сабақтардың санын қысқартқан
Оқу-ағарту министрлігі де педагогтерді аттестаттау кезінде өткізілетін ашық сабақтар санына қатысты өзгерістер ұсынған.
2026 жылғы 20 сәуірде ведомство мұғалімдердің артық жүктемесін қысқартуға бағытталған жаңа аттестаттау моделін таныстырды.
Бұрын бес жыл ішінде 25 ашық сабақ өткізу қарастырылған болса, жаңа тәсіл бойынша бұл көрсеткіш біліктілік санатына қарай азайтылған.
Атап айтқанда, педагог-модератор мен педагог-сарапшы үшін аттестаттау кезеңінде төрт ашық сабақ өткізу ұсынылды.
Педагог-зерттеуші үшін алты, педагог-шебер үшін сегіз ашық сабақ қарастырылған.
Алайда мұның бәрі 2026 жылғы қыркүйекте басталған пилоттық аттестаттау жобасындағы өзгерістер екенін ескеру қажет. Жаңа талаптар сынақтан өткізіліп, олардың тиімділігі зерделеніп жатыр.
Демек, ашық сабақ өткізу талабы толығымен жойылған жоқ. Оның саны мен аттестаттаудағы орны қайта қарастырылуда.
«Барлық мұғалім өзі сабақ береді. Оны ашық сабақ деп бөлудің қажеті жоқ»
2026 жылғы мамырда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ашық сабақтарға қатысты пікір білдірген.
Министрдің айтуынша, мұғалімнің күнделікті өткізетін сабағы мен кәсіби бағалау кезінде көрсететін сабағы арасында жасанды айырмашылық болмауға тиіс.
«Барлық мұғалім өзі сабақ береді. Оны ашық сабақ деп бөлудің қажеті жоқ. Сол сабағын ғана көрсетеді. Басында түсінбеушіліктер болды, ал қазір мұны мұғалімдер қолдап жатыр», – деген министр.
Бұл түсініктеме мен ашық сабақтарды сынап жүрген педагогтердің ұстанымы белгілі бір тұста ұқсас.
Екі тарап та мұғалімнің күнделікті сабақ беру сапасын басты орынға қояды.
Бірақ мұғалімдер көтеріп отырған мәселе мұнымен шектелмейді.
Егер күнделікті сабақтың өзі педагогтің кәсіби деңгейін көрсететін болса, оны арнайы көрсетілім ретінде дайындау қаншалықты қажет?
Мұғалім ашық сабақтан кейін бейнеесеп беруге міндетті ме?
2025 жылғы желтоқсанда NoFake.kz редакциясы осы мәселе бойынша Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығынан түсініктеме алған.
Орталық мамандары ашық сабақтың кәсіби даму мен тәжірибе алмасу құралы екенін атап өткен.
Олардың түсіндіруінше, әдістемелік бірлестіктердің бекітілген жоспарына сәйкес ашық сабақтар өткізілуі мүмкін. Сонымен қатар бұл жұмыс педагогтердің аттестаттау талаптарында да қарастырылған.
Алайда мұғалімнен ашық сабақтан кейін арнайы монтаждалған бейнеролик немесе фотоальбом талап ету оның кәсіби міндетіне жатпайды.
Егер сабақтың бейнежазбасы мектептің сайты немесе әлеуметтік желідегі парақшалары үшін қажет болса, мұндай жұмысты ұйымдастыру мектеп әкімшілігінің міндеті екені түсіндірілген.
2026 жылғы қазанда Оқу-ағарту министрлігі де пилоттық аттестаттау жобасы мұғалімдерге сабақ бейнежазбаларын әлеуметтік желіге міндетті түрде жариялау талабын қоймайтынын мәлімдеді.
Кеңестік дәстүр ме, әлде тәжірибе алмасу құралы ма?
Ашық сабақтарды кеңестік жүйенің қалдығы деп бағалаған мұғалімнің пікірі осы тәжірибенің қазіргі мектептегі мәнін қайта қарауға негіз болып отыр.
Дегенмен ашық сабақтың кеңестік кезеңде кең қолданылғаны оның тек сол жүйеге ғана тән екенін білдірмейді. Өзге елдерде де педагогтердің бір-бірінің сабағына қатысуы, бақылауы және кәсіби тәжірибе алмасуы қолданылады.
Мәселе сабаққа әріптестердің қатысуында емес, оның қандай мақсатпен ұйымдастырылатынында.
Бір жағдайда ашық сабақ мұғалімдердің бір-бірінен үйренуіне, жаңа әдістерді талқылауына мүмкіндік береді.
Екінші жағдайда ол тек басшылыққа немесе комиссияға арнайы дайындалған көрсетілімге айналуы мүмкін.
Егер ашық сабақтың басты мақсаты мұғалімнің кәсіби шеберлігін бағалау болса, сол бағалау оның күнделікті жұмысына қаншалықты сәйкес келетіні маңызды.
Ал егер мұғалім бір сабақ үшін бірнеше күн дайындалып, сыныпты безендіріп, арнайы сценарий құрып, бейнеесеп әзірлеуге мәжбүр болса, мұндай жұмыстың нақты білім сапасына әсері туралы сұрақ туындайды.
Оқу-ағарту министрлігі ашық сабақтардың санын қысқартқанымен, оны педагогтің кәсіби қызметін бағалау құралдарының бірі ретінде сақтап отыр.
Ал әлеуметтік желіде жарияланған мұғалімнің сыны бұл мәселенің әлі де өзектілігін көрсетеді.
Ашық сабақтың саны азайғаны жеткілікті ме, әлде оны өткізудің қалыптасқан тәртібін де өзгерту қажет пе?
Қазақстандық педагог көтерген негізгі мәселе — осы.