«Телефонды сындырдыңыз, төлеңіз!»: Оқушының әрекетінен мұғалім әбігерге түскен

«Телефонды сындырдыңыз, төлеңіз!»: Оқушының әрекетінен мұғалім әбігерге түскен

Әлеуметтік желіде оқушының телефонына қатысты күтпеген жағдайға тап болған мұғалімнің жазбасы талқыланып жатыр. Педагог сабақ үстінде оқушының телефонын алып, үстеліне қойған. Кейін оқушы құрылғыны мұғалім сындырды деп айыптап, шығынды өтеуді талап еткен. Алайда жазба авторының айтуынша, телефонның бұрыннан бүлінгені анықталған, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде бір мұғалім оқушының телефонына байланысты басынан өткен жағдайды баяндап, жас әріптестеріне ескерту жасады.

Жазба авторының айтуынша, сабақ кезінде мұғалім оқушылардың бірінің телефонын алып, өзінің үстеліне қойған. Сол сәтте телефон қолынан сырғып кетіп, үстелге тигенде әдеттегіден сәл қаттырақ дыбыс шыққан.

Осыдан кейін оқушы мұғалімді телефонын сындырды деп айыптап, келтірілген шығынды өтеуді талап еткен.

«Мұғалімдерге, әсіресе жас педагогтерге айтарым: оқушылардың телефонына ешқашан тиіспеңіздер. Бір мұғалім оқушының телефонын алып, өзінің үстеліне қойған. Телефон қолынан сырғып кетіп, үстелге тигенде сәл қаттырақ дыбыс шыққан. Содан кейін оқушы мұғалімді телефонын сындырды деп айыптап, шығынды өтеуді талап еткен», – деген мазмұнда жазба қалдырған.

Автордың сөзінше, кейін телефонның ескі екені және бұрыннан зақымданғаны белгілі болған.

«Ақырында телефонның ескі екені, бұрыннан осындай күйде болғаны анықталды. Қысқасы, мұғалімнің әбден жүйкесі жұқарды», – деп түйіндеген ол.

«Менің де басымнан осындай жағдай өткен»

Жазба астында пікір білдірген оқырмандардың бірі өзінің де осыған ұқсас жағдайға тап болғанын айтқан.

Оның сөзінше, сабақ кезінде оқушының Nokia телефонын алып, үстеліне қойған.

Сабақ аяқталған соң оқушы телефонының экранына сызат түскенін көрсетіп, мұғалімді кінәлаған.

«Менің басымнан өткен осындай жағдай,ол кезде жай нокия телефон,соны жұлып алып столға қойдым.Сабақ біткесін,маған оқушы көрсетеді ғой,трещина ,вы разбили экран деп», – деп жазған ол.

Кейін мәселеге тәрбие ісі жөніндегі орынбасар араласқан.

Пікір иесінің айтуынша, оқушының анасы мектепке келіп, қызы ондай телефон ұстамайтынын айтып, құрылғының ауыстырылғанын байқаған.

Осыдан кейін отбасы мұғалімге 10 мың теңге төлеуге дайын екенін жеткізген.

Алайда оқиғаның соңы қалай аяқталғаны пікірдің жарияланған бөлігінде айтылмаған.

«Кішкентай болса да, алаяқ екен»

Жарияланым оқырмандар арасында түрлі пікір туғызған.

Бірі оқушының әрекетін сынап:

«Өзі кішкентай, алаяқ болып үлгерген», – деген пікір білдірген.

Тағы бір оқырман:

«Өзгенің затын ұстамауды балабақшадан бастап үйретеді ғой», – деп жазған.

Ал басқа пікірде мұғалімдердің оқушының жеке заттарына тиіспегені дұрыс екені айтылған.

Жазбаның негізгі авторы да оқушылардың телефонына қол тигізбеуге шақырған.

Осылайша, сабақ кезінде телефонды үстелге қоюдан басталған жағдай мұғалім мен оқушы арасындағы келіспеушілікке ұласқан. Ал әлеуметтік желідегі талқылауда өзге педагогтердің де осыған ұқсас оқиғаларды бастан өткергені белгілі болды.

Барлық жаңалықтар