9 сынып оқушысының мұғалімге жазған хабарламасы жұртты шулатты

9 сынып оқушысының мұғалімге жазған хабарламасы жұртты шулатты

Әлеуметтік желіде жеке сабақ беретін мұғалім мен тоғызыншы сынып оқушысының хат алмасуы қызу талқыланып жатыр. Педагог ауырып қалғандықтан бір сабақты өткізе алмағанын, ал оқушының әкесі келесі сабақтың жоспар бойынша өтетінін хабарлағанын айтқан. Бірақ кейін жасөспірім мұғалімге дөрекі хабарламалар жолдаған. Жазба астында оқушының әрекетін сынағандармен қатар, мұғалімнің қарым-қатынас мәнеріне де назар аударғандар бар, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде жеке сабақ беретін педагогтің оқушысымен болған келіспеушілігі туралы жазбасы көпшілік назарын аударды.

Мұғалім өз жазбасын болашақта педагог болғысы келетіндерге ескерту жасаудан бастаған.

«Егер мұғалім болғыңыз келсе, жүз рет ойланыңыз», – деп жазған ол.

Автордың айтуынша, сырқаттанып қалуына байланысты бір сабақты өткізе алмаған. Кейін оқушының әкесі келесі сабақтың белгіленген уақытта өтетінін телефон арқылы хабарлаған.

Алайда тоғызыншы сыныпта оқитын қыз мұғалімге хабарлама жіберіп, сабақтың өзгергеніне наразылық білдірген.

Жарияланған хат алмасуда оқушы сабақтың бір күн бұрын ескертілмегенін айтып, мұғалімнен түсініктеме талап етеді.

Ал педагог өз тарапынан жағдайды түсіндіруге тырысқанын жеткізген.

«Сен маған есеп беретін жағдайда емессің»

Оқушымен арадағы хат алмасу барысында мұғалімнің де шыдамы таусылған.

Ол оқушының сөйлеу мәнеріне наразылық білдіріп, өзінен үлкен адаммен қарым-қатынас жасағанда сыйластық сақтауды талап еткен.

Жарияланған хабарламалардың бірінде педагог оқушыға өзінің алдында есеп беруге міндетті емес екенін айтқан.

Кейін ол әлеуметтік желіде қыздың тоғызыншы сыныпта оқитынын, шамамен бір айдан бері жеке сабақ алып жүргенін түсіндірді.

Мұғалімнің сөзінше, оқушы сабақ кезінде де тәртіп сақтай бермеген, сөзін бөліп, тақырыптан тыс әңгімелер айтқан.

Соған қарамастан, ол қыздың оқу нәтижесін жақсартуға тырысқанын жеткізген.

«Ата-анама хабарласуға құқығыңыз жоқ»

Жазба астындағы пікірлерде мұғалімге оқушының ата-анасына хабарласуға кеңес бергендер көп болды.

Алайда автор қыздың ата-анасы сабаққа келмейтінін алдын ала хабарлағанын, ал келіспеушілік содан кейін туындағанын түсіндірді.

Пікір білдірушілердің бірі осындай жағдайға тап болғанда оқушымен сабақ өткізуді тоқтатқанын баяндаған.

Оның айтуынша, бір оқушы өзіне дөрекі сөйлеп, ақша төлейтінін алға тартқан.

Мұғалім оған ата-анасымен байланысатынын және қажет болса, сабақты тоқтататынын ескерткен.

Кейін ата-анасы баласымен сөйлескеннен соң жағдай реттелгенін жеткізген.

«Мұғалім мен оқушы арасында шекара болуы керек»

Оқырмандардың бір бөлігі оқушы мен мұғалімнің арасындағы сыйластық мәселесін көтерді.

«Мұғалім мен оқушы арасында шекара болу керек қой. Бұрын мұғалімге осылай жазбақ түгілі, бетіне қарап сөйлеуге ұялатынбыз», – деген пікір қалдырғандардың бірі.

Тағы бір оқырман:

«Жеке репетитор болғаныңызбен, оқушының сізбен қалай болса солай сөйлесуіне болмайды», – деген пікір білдірген.

Басқалары оқушының жасы үлкен педагогпен сөйлескенде сөз саптауына көңіл бөлуі қажет екенін айтқан.

Дегенмен пікірталаста мұғалімнің де әрекеті сыналды.

Бір оқырман оқушының жасы небәрі 14-те екенін еске салып, педагогтің сабырлырақ жауап беруіне болатынын жазған.

Тағы бір пікірде оқушыны сабақтың өзгеретіні туралы алдын ала хабардар ету қажеттігі айтылған.

Жазба авторы бұл пікірмен ішінара келіскен.

Ол егер хабарлама басқаша жазылғанда, кешірім сұрап, жағдайды түсіндіретінін жеткізген. Бірақ оқушының дөрекі сөйлеуі өзін ашуландырғанын жасырмаған.

«Қазіргі балалар мұғалімді сыйламай ма?»

Жарияланым қоғамда мұғалім мен оқушының қарым-қатынасы туралы пікірталас туғызды.

Оқырмандардың бірі:

«Бұрын мұғалімнен қорқатын едік, қазір балалар ойына келгенін айтады. Оларды да өзіміз сияқты адамдар тәрбиелеп жатыр. Бұл қай кезде өзгеріп кетті?» – деп жазған.

Ал басқа бір оқырман мұғалімге қатысты ескертуді де ұмытпаған.

«Сабақ өзгерсе, оқушыны ескерту керек. Ата-анасына ғана емес, баланың өзіне де хабарлаған дұрыс», – деген пікір білдірген.

Жазба авторы оқушыға қатысты келіспеушілікті көпшілікке жариялағаннан кейін түрлі көзқарасқа тап болғанын жеткізді.

Ол жағдайды баяндау арқылы мұғалімдердің күнделікті жұмысында кездесетін қиындықтардың бірін көрсеткісі келген.

Жарияланымдағы хат алмасу мен пікірлерден байқалғандай, бұл оқиғада тараптардың әрқайсысы өз ұстанымын қорғаған.

Бірі оқушының дөрекі сөйлеуін орынсыз деп бағаласа, екіншісі мұғалімнің хабарласу тәртібі мен жауап беру мәнерін талқылаған.

Осылайша, жеке сабақтың өзгеруінен басталған келіспеушілік әлеуметтік желіде мұғалім мен оқушы арасындағы сыйластық туралы кең пікірталасқа ұласты.

Барлық жаңалықтар