Кей мектептер қашықтан оқуға көше ме? Санитар мамандар жауап берді

Кей мектептер қашықтан оқуға көше ме? Санитар мамандар жауап берді

Алматыдағы 42 мектепте оқушылар арасында жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтырудың 84 жағдайы тіркелді. Осыған байланысты мектептердің қашықтан оқытуға көшетін-көшпейтіні белгілі болды. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті әзірге алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.

Алматыда мектеп оқушылары арасында ЖРВИ жұқтыру жағдайлары тіркелгенімен, білім беру ұйымдарын жаппай қашықтан оқытуға көшіру жоспарланып отырған жоқ.

Centralmedia24 басылымының сауалына жауап берген қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 42 мектепте 84 оқушының ауырғаны анықталған. Бұл — тиісті мектептердегі оқушылардың жалпы санының 10 пайызынан аз.

Мамандардың айтуынша, қала мектептерінде аурушаңдықтың өсуі байқалмайды, эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Барлық білім беру ұйымы қалыпты тәртіппен жұмыс істеп жатыр.

Дегенмен санитариялық талаптарға сәйкес, бір сыныптағы оқушылардың 20–30 пайызы ЖРВИ жұқтырса, қосымша шектеулер енгізіледі. Ауырған балалармен байланыста болған оқушылар жеті күн медициналық бақылауда болады. Сонымен қатар балалардың бір кабинеттен екіншісіне ауысып оқуына уақытша шектеу қойылады.

Ал сыныптағы оқушылардың 30 пайызы немесе одан көбі ауырса, сол сынып қашықтан оқытуға көшіріледі.

Мысалы, 30 оқушысы бар сыныпта тоғыз бала ЖРВИ жұқтырса, қашықтан оқытуға көшуге негіз туындайды.

Мұндай жағдайда бүкіл мектеп емес, аурушаңдық көрсеткіші белгіленген шекке жеткен сынып қана уақытша онлайн оқуға көшеді. Шектеу мерзімі санитариялық талаптарға сәйкес анықталады.

Әзірге Алматы мектептерінде қашықтан оқытуға жаппай көшу қажеттілігі жоқ.

Барлық жаңалықтар