Жарма ауданында рұқсатсыз алтын өндірумен айналысқан тоғыз адам анықталды. Заңсыз қазба жұмыстары салдарынан төрт мың шаршы метрден астам құнарлы топырақ бүлінген, деп жазады Democrat.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңсыз жұмыстар Жаңғызтөбе ауылынан шамамен 10 шақырым жерде жүргізілген. Кенді ашық әдіспен қазып, арнайы құрылғылар арқылы жуып отырған.
Тексеру кезінде тереңдігі 15 метр карьер табылды. Заңсыз өндірілген тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан. Оқиға орнынан алтын аралас материал салынған жеті қап, екі металл іздегіш, екі тиегіш пен экскаватор тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр.