Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қазіргі жары Айман Талғатқызының ресми неке туралы айтқан сөзі әлеуметтік желіде үлкен дау туғызды. Оның «Үкіметтің бір ғана парағы» деген тіркесін кей оқырмандар зайырлы мемлекеттің заңын менсінбеу деп бағалады. Threads желісінде Айманның сөзіне құқықтық баға беруді сұрап, мемлекеттік органдарға шағым жолдағанын мәлімдегендер де бар. Ал Тұрсынбек Қабатовтың концерттеріне бармауға шақырған пікірлер қайта жанданды. Даудың ушығуынан кейін Айман өзі айтқан сөздің бұрмаланып түсіндірілгенін мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.
Тұрсынбек Қабатовтың отбасылық өмірі төңірегіндегі дау енді тек екі әйелдің арасындағы қарым-қатынасқа қатысты әңгімеден шығып, Қазақстандағы заңды неке мен діни некенің арақатынасы туралы пікірталасқа ұласты.
Бұған Айман Талғатқызының әлеуметтік желіде жариялаған мәлімдемесі себеп болды.
Ол өзін ешкімнің көңілдесі де, тоқалы да болмағанын айтып, Тұрсынбекпен алғашқы күннен бастап мешітте некелескенін жеткізген.
Алайда оның мына сөзі көпшіліктің қарсылығын туғызды:
«Үкіметтің бір ғана парағына мәз болып жүргенде, өзіңнің зина жасап жүргеніңнен хабардар бол».
Заңды некеге қатысты айтылған «Үкіметтің бір ғана парағы» тіркесін оқырмандардың бір бөлігі мемлекеттік тіркеудің құқықтық маңызын төмендету деп қабылдады.
«Ата заңына қарсы шықты»: Желіде шағым түсіргендер пайда болды
Threads желісінде Айманның мәлімдемесіне құқықтық баға беруді талап еткен жазбалар жарияланды.
Оқырмандардың бірі:
«Тұрсынбектің тоқалын ҚР Ата заңына қарсы деп жабылып сотқа беру керек! Заңды некені түкке тұрғысыз еткені үшін», – деп жазды.
Бұл пікірді қолдағандардың бірі Ішкі істер министрлігіне құқықтық баға беруді сұрап, өтініш жолдағанын мәлімдеген.
Алайда аталған шағымның ресми тіркелгенін, қандай мазмұнда жолданғанын және мемлекеттік органның қандай шешім қабылдағанын растайтын құжат ұсынылмаған.
Сондықтан бұл әзірге әлеуметтік желі қолданушысының мәлімдемесі ғана.
Пікірталаста мемлекеттік органға шағым түсірудің нәтижесіне күмән келтіргендер де болды.
«Ештеңе істемейді бәрібір», – деген пікірге жазба авторы:
«Көзі ашық көкірегі ояу адамдардан әрекет болса бір шешімі болады ғой», – деп жауап берген.
«Үкіметтің бір парағы» шынымен жай қағаз ба?
Даудың құқықтық тұрғыдан маңызды тұсы осы.
Қазақстан — зайырлы мемлекет. Азаматтар діни сенімін ұстануға ерікті болғанымен, неке мен отбасы қатынастарындағы заңды құқықтар мемлекеттік заңнама бойынша айқындалады.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 2-бабында діни жоралар мен рәсімдер бойынша қиылған неке тіркеуші органдарда тіркелген некеге теңестірілмейтіні және тиісті құқықтық салдар туғызбайтыны көрсетілген.
Сондай-ақ кодекстің 11-бабына сәйкес, тараптардың кемінде біреуі басқа тіркелген некеде тұрса, жаңа некені мемлекеттік тіркеуге жол берілмейді.
Демек, азаматтық хал актілерін тіркеу органынан алынған неке куәлігі жай ғана «үкіметтің бір парағы» емес. Ол мемлекет мойындаған некені растайтын құқықтық құжат.
Мұны әлеуметтік желідегі оқырмандар да көтерген.
«Заң бойынша үкіметтің бір парағынсыз мешітте неке қимау керек. Өз сөзінен өзі қағылып тұр», – деп жазған пікір иесі.
«Онда менің отбасым заңсыз ба?»
Айманның діни некені алға тартуы өзге отбасылардың да сауал қоюына себеп болды.
Желіде 14 жыл бұрын тұрмыс құрғанын, бірақ мешітте неке қидырмағанын айтқан әйел өзінің отбасылық өміріне қатысты сұрақ қойған.
Бұл пікір қоғамдағы екі ұғымның жиі шатастырылатынын көрсетті: діни сенім тұрғысынан некені бағалау және мемлекеттің некені заңды түрде тануы.
Қазақстан заңнамасы тұрғысынан ерлі-зайыптылардың құқықтық мәртебесін анықтауда шешуші мәнге ие нәрсе — мемлекеттік тіркеу.
Ал діни рәсімнің орындалуы немесе орындалмауы азаматтық некенің заңдылығын өздігінен өзгертпейді.
«Концертіне бармау керек»: Тұрсынбекке бойкот туралы пікірлер қайта күшейді
Даудың екінші бағыты Тұрсынбек Қабатовтың өзіне қатысты өрбіді.
Бұрынғы жары Мөлдір Мұқанова әзілкешпен ресми ажырасқанын жариялағаннан кейін әлеуметтік желіде оның концерттеріне бармауға шақырғандар болған.
Сол тұста оқырмандардың кейбірі бұдан былай әзілкештің өнерін қолдамайтынын мәлімдеген.
Тұрсынбек мұндай сынға сахнада әзілмен жауап берді.
Ал Айманның соңғы жазбасынан кейін қоғамдағы осы қарсылық қайтадан талқылана бастады.
Мұнда бір маңызды мән-жай бар: Мөлдір Мұқанова бұрынғы жұбайының балаларымен қарым-қатынасына қатысты наразылық білдірген. Ал Айман Талғатқызы Тұрсынбектің екі отбасы алдындағы міндеттерін орындап, сегіз баласының жағдайын жасап отырғанын мәлімдеді.
Бұл — екі тараптың бір-біріне қайшы келетін мәлімдемелері. Сондықтан Тұрсынбек бес баласын мүлде қараусыз қалдырды деп кесіп айтуға болмайды.
Ал концертке бару-бармау — көрерменнің жеке таңдауы. Әлеуметтік желідегі бойкотқа шақырулар әзілкештің өнер көрсетуіне заңды тыйым салынғанын білдірмейді.
Айман кейін не деп ақталды?
Жазбасы қызу талқыланғаннан кейін Айман Талғатқызы Instagram желісінде тағы бір түсініктеме жариялады.
«Мен анық сен сондайсың деп ешкімге айтпадым. Ешкімге бағыттамадым», – деп жазды ол.
Айманның айтуынша, оның сөздері өзіне тіл тигізген, жеке өмірін талқылап, қорлайтын пікір жазған адамдарға арналған.
Ол алғашқы жазбасының үзінділері ғана таратылып, айтпақ ойы толық жеткізілмегеніне наразылық білдірді.
«Менің ешкіммен жауласу ойым жоқ», – деді ол.
Айман кейінгі түсініктемесінде заңды некеге сүйенгенімен, өзара сыйластығы мен ортақ мақсаты қалмаған отбасылар туралы астарлап айтқанын да жеткізген.
Алайда бұл түсініктеме даудың негізгі себебін толық жоймайды. Өйткені алғашқы жазбадағы «Үкіметтің бір ғана парағы» тіркесі нақты айтылған және көпшіліктің наразылығын туғызған.
Бұл енді тек Тұрсынбектің отбасылық дауы емес
Айманның діни некесін қорғауға, жеке өмірі туралы түсініктеме беруге құқығы бар. Сол сияқты қоғам да оның жария мәлімдемесіне сын айтуға құқылы.
Бірақ жеке адамның діни сенімі мемлекеттің некеге қатысты заңдық талаптарын алмастыра алмайды.
Бұл оқиғада жұрттың наразылығын туғызған нәрсе Айманның кіммен отбасын құрғаны ғана емес. Оның мемлекет мойындаған некені қалай сипаттағаны да қоғамдық талқыға түсті.
Ал ресми шағымдардың нәтижесі туралы әзірге мәлімет жоқ.
Осылайша, Тұрсынбек Қабатовтың жеке өмірінен басталған дау енді әлдеқайда маңызды сауалға тірелді: зайырлы мемлекетте діни некені алға тартып, мемлекеттік некенің құқықтық маңызын төмендетуге бола ма?