Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері аудиторияға бөгде адамдар кіріп, бірінші курс студенттеріне түрлі жеңілдік уәде етілген карталарды 6 мың теңгеден сатқанын айтып шағымданды. Желіде «Бөгде адам университет аудиториясына қалай кірді, күзет қайда қараған?» деген сұрақтар көбейді, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желі қолданушысы Абзал Бекмұраттегі 5 қыркүйекте QyzPU-да болған жағдайды тексеруді талап етті.
Студенттердің жазуынша, шамамен 200 адам отырған аудиторияға келген ер адамды көпшілік университетке қатысы бар қызметкер деп ойлаған. Ол түрлі мүмкіндіктер туралы айтып, кейін 6 мың теңгелік жеңілдік картасын ұсынған.
Студенттердің бірі:
«Бізді бірінші курс екен деп алдап кетті. Университеттің аудиториясында отырып, 6 мың теңгеден карта сатып алдық», – деп жазған.
Нақты қанша студенттің ақша төлегені әзірге белгісіз.
Желі қолданушылары бұл жағдайдың басқа ЖОО-ларда да бұрыннан кездесетінін айтып отыр. Бір пікір иесі 2017 жылы ҚазҰПУ-да дәл осындай карталар сатылғанын жазса, енді бірі мұндай оқиғалар 2013 жылдан бері қайталанып келе жатқанын алға тартқан.
Тағы бір студент кезінде 3 мың теңгелік карта сатып алғанын, карта бойынша жеңілдік болады деген мекеме келесі күні «серіктестік тоқтатылды» деп жауап бергенін жазды.
QyzPU-дың ресми мәліметіне сәйкес, университетке кіретін алғашқы студенттік өткізу картасы деканат арқылы тегін беріледі. Демек, желіде айтылып отырған 6 мың теңгелік карта университеттің ресми құжаты емес, жеке коммерциялық өнім болуы ықтимал.
Мәселенің ең үлкен сұрағы да осы жерде:
Бөгде адам аудиторияға қалай кірді? Оған сабақ уақытында студенттерге коммерциялық өнім сатуға кім рұқсат берді?
Әзірге университет тарапынан бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме жарияланған жоқ.
Ал студенттер мен ата-аналар университет әкімшілігінен бір нәрсені анықтауды сұрап отыр: аудитория оқу орны ма, әлде кез келген адам кіріп сауда жасайтын орын ба?
