Қазақстандықтар бұрынғыдан ірі ипотекалық несие ала бастаған. 20 млн теңгеден жоғары ипотекалардың үлесі бір жылдың ішінде 31,4 пайыздан 39,6 пайызға дейін өсті, ал баспана бағасы халық табысынан әлдеқайда жылдам өсіп жатыр, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында ипотекаға берілген өтінімдер саны 13,4 пайызға азайған.
Соған қарамастан берілген ипотекалардың жалпы көлемі 12,4 пайызға өсіп, шамамен 1,1 трлн теңгеге жеткен.
Нарықтағы тағы бір өзгеріс — қазақстандықтар үлкенірек қарыз алуға мәжбүр. 20 млн теңгеден жоғары ипотекалардың үлесі 39,6 пайызға жетсе, 10 млн теңгеге дейінгі шағын ипотекалардың үлесі 20,7 пайыздан 16,5 пайызға төмендеген.
Бұған баспана бағасының өсуі әсер етіп отыр. Бір жыл ішінде жаңа үйлер 15,5 пайызға, қайталама нарықтағы тұрғын үй 11,8 пайызға қымбаттаған.
Ал инфляцияны есепке алғандағы халықтың нақты ақшалай табысы небәрі 0,1 пайызға өскен.
Бастапқы жарнаны жинау қиындағандықтан, азаматтар зейнетақы жинағын да белсендірек пайдалануда. Алты айда тұрғын үй мақсаттарына ЕНПФ-дан 407,5 млрд теңге алынған.