"Завучтың ащы зары": Әлеуметтік желідегі бір жазба талайларды ойға батырды

"Завучтың ащы зары": Әлеуметтік желідегі бір жазба талайларды ойға батырды

Әлеуметтік желіде мектептегі тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарының күнделікті жұмысы әзіл мен ащы шындық аралас сипатталған жазба тарады. Автор бір оқу жылында тәрбиеге жауапты маманның мойнына мерекелік іс-шарадан бастап, оқушының тәртібі, ата-анамен жұмыс, қауіпсіздік, есеп пен анықтамаға дейін сан түрлі міндет жүктелетінін көрсеткен, деп жазады Democrat.kz.

Жазбада тәрбие ісі жөніндегі орынбасардың жұмысы тамыздан басталатыны айтылады.

Алдымен тәрбие жоспары жасалады. Сынып жетекшілері анықталады. Құндылықтар барлық жоспарға енгізілді ме, қауіпсіздік мәселелері қаралды ма деген сұрақтар басталады.

Одан кейін 1 қыркүйекке дайындық:

«Сценарий дайын ба? Жүргізуші кім? Әнұран бар ма? Микрофон істей ме? Бірінші сыныптарды кім алып шығады? Гүл, шар, безендіру ше? Фото-видеоға кім жауапты?» – деген тапсырмалар бірінен соң бірі келеді.

Бірақ 1 қыркүйек өтіп кетсе де жұмыс бітпейді.

Сынып жетекшілерінің тәрбие жоспары, әлеуметтік паспорт, оқушылар тізімі, үйірмелер, қауіпсіздік бойынша түсіндіру, ата-аналар жиналысы қайта басталады.

Күнделікті мектеп өмірінің өзі тағы бар.

«Мына бала неге кешігіп жатыр? Анау неге формасыз? Мыналар дәлізде неге жүгіріп жүр? Кезекші мұғалім қайда?» деген сұрақтар таңертеңнен басталады.

Бір оқушы сабаққа келмей қалса, оның себебін анықтау керек. Сынып жетекшісіне хабарласу, ата-анасымен сөйлесу, қажет болса психолог пен әлеуметтік педагогті қосу міндеті туындайды.

Ал екі оқушы сөзге келіп қалса, мәселе одан әрі ұлғаяды.

«Екеуімен сөйлесу керек. Сынып жетекшісін шақыру керек. Психологқа айту керек. Ата-анасына хабарлау керек», – деп суреттеледі жазбада.

Бір іс-шара өтсе, келесісіне дайындық басталады

Мектептегі мерекелер де тәрбие ісі жөніндегі орынбасардың негізгі жұмысының бір бөлігі.

Ұстаздар күні, Республика күні, Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл, 8 наурыз, Наурыз, 1 мамыр, 7 мамыр, 9 мамыр, Соңғы қоңырау...

Бір мереке біткен сәтте келесісінің сценариі басталады.

Бірақ іс-шараны өткізу жеткіліксіз.

Автордың сөзімен айтқанда:

«Фотосын жинау керек. Видеосын алу керек. Әлеуметтік желіге ақпарат салу керек. Анықтамасын жазу керек. Есебін өткізу керек».

Яғни әр шарадан кейін тағы бір бума құжат қалады.

«Бәріне жоспар + жұмыс + дәлел + фото + анықтама керек»

Жазбаның ең өткір тұстарының бірі осы.

Тәрбие бағыты бойынша буллингтің алдын алу, құқықбұзушылық, жол қауіпсіздігі, интернет қауіпсіздігі, зорлық-зомбылықтың алдын алу, зиянды әдеттермен күрес сияқты ондаған бағыт бар.

Әр бағыт бойынша атқарылған жұмыс қана емес, оның құжаты мен дәлелі де қажет.

Автор мұны:

«Бәріне жоспар + жұмыс + дәлел + фото + анықтама керек», – деп қысқа қайырған.

Ауданнан «шұғыл» хат келсе...

Тәрбие ісіне жауапты мамандар үшін аудандық немесе қалалық білім бөлімінен келетін жедел тапсырмалар да таныс жағдай.

«Байқауға қатысушылар туралы ақпаратты бүгін жіберіңіздер» деген хат түссе, сынып жетекшілеріне бірден хабарлама таратылады.

«Әріптестер, шұғыл түрде бір оқушы ұсыныңыздар».

Жауаптар жиналып болған соң тізім жасалып, қайтадан жоғарыға жіберіледі.

Кешке «ертең ешқандай іс-шара жоқ, кабинетте отырып құжаттарымды реттеймін» деп ойлаған сәтте де жоспар өзгеруі мүмкін.

Келесі таң:

«Бүгін қонақтар келеді».

Сонда мектеп формасы, кезекшілік, дәліздің тазалығы, стендтер, балалардың сабақта отыруы қайта тексеріледі.

«Сырт көзге тек мереке ұйымдастырып жүргендей»

Жазба соңында автор тәрбие ісі жөніндегі орынбасардың жұмысын бір ғана тізбекпен сипаттаған:

«Сынып жетекші → оқушы → ата-ана → тәртіп → кешігу → сабаққа қатысу → профилактика → қауіпсіздік → кезекшілік → іс-шара → сценарий → концерт → байқау → акция → фото → анықтама → есеп → әлеуметтік желі → мереке → қайтадан іс-шара...»

Сырт көзге тәрбие ісінің маманы мектептегі мерекелерді ғана ұйымдастырып жүргендей көрінуі мүмкін.

Ал жазба авторының айтуынша, оның ар жағында жүздеген баланың тәртібі, қауіпсіздігі, ата-анамен байланыс, сынып жетекшілерінің жұмысы және тоқтаусыз есеп-қисап жатыр.

Желіде тараған бұл жазба мектептегі тәрбие жұмысының көзге көрінбейтін жүктемесін тағы бір рет көрсетіп отыр.

Барлық жаңалықтар