Кей тамадалар қаныңды қарайтып, жыныңды ойнатады

Тамадаларға жыным келеді бар ғой! Дым ізденіс жоқ қой. “Одно и тоже!” Соларымен қоймай өздерін бір адамзаттың асылы, жан біткеннің ақылдысы санайтын асаба көп.
Өткенде бір үлкен кісінің өтініші бойынша бір тойға дәстүрлі әнші алып бардым. “Домбырамен екі ән айтады” десем, “Біреуін-ақ айтса болмай ма?” дейді. “Неге?” дедім, – Келетін әншілеріңіз көп пе?” “Жоқ. Ешкім келмейді. Просты…Оны кім тыңдайды?! Шоуымыз бар ед та. Уақыт өтіп барады”, – деді.
“Өткен уақыт өте берсін!” дедім жыным кеп. Үлкен кісілерге домбырамен ән тыңдағаннан артық қандай кайф бар?! Ал ол жерде отырғанның жетпіс жеті пайызы үлкен кісілер болатын.
Сондағысы Қайрат Нұртастың “басын” кигізіп, дәу қоян мен аюды билетпек екен. Шоуларының түрі! Сосын бар ғой… Жыным кеп тұр, айтам бәрін. Мені тоқтатпаңдар! Адамның жынын келтіретін бір ойындар ойнатады ғой!
Анау әйеліне бір жақ қатарды, байына екінші жақ қатарды еншілеп беріп ойнататын ойындарға обшы жүйкем жұқарады бар ғой. Тізесі шығып кетті ғой ол ойындардың уже. Сосын…
Тойға келген жұрттың бәрін 5 сыныптың оқушысы көре ме бір бәле ғой солар! Сұрақтарын да, жауабын да жаттап алдық қой! Содан кейін қазір бұты сидиған екі жігіт бірге жүргізетін моды болған ба?
Бес жүз адамды тырп еткізбей басқаратын талай тамаданы көргенбіз. Ал бұлар екеуі қосақталып жүріп, айналдырған екі жүз адамды игере алмайды. Сонысымен қоймай өздерін сұмдық бір ғажап сезінеді бар ғой.
Шоумендер екен типа. (Болса қайтем?!) Тіпті бір аты дардай фильмдерде ойнаған дегендерін де көрдік. Әр тосттан кейін бір бітпейтін ойындары бар әйтеуір! Ал тілек айту басталғанда тост айтуға шыққан адамның екі жағынан келіп, қақшиып қарап тұрып алады. Дәп бір тергеуші!
Тергеуші деген бер жағы, жұмсартып айтып отырмын. Жаналғыш кәдімгі! Олар әлгі адамның тілек айтқанына емес, айтпауына мүдделі! Оны көздерінен-ақ көруге болады.
Әріберіден кейін алыстан ат арылтып келіп, ақ тілегін жаудырсам деген адамның желаниесі құрып қалады ғой анадан кейін. Құры қарап қана тұрмайды олар өйткені! Адамға моральдық, психологиялық тұрғыдан қысым жасап тұрады. Кекетіп, мұқатып.
Сөйлеп біткен соң да тыныш қоя салмайды! “Тууу ішіңіз толып қалыпты ғой! Талайдан бері тойға бармағансыз-ау шамасы!” деген сияқты өте тұрпайы әзілдер айтып, енді сөйлегелі тұрғандардың духын сындырып тұрады.
Әрине, тойға келген екі жүз адамның бәрі сөйлесе, той той емес, жиналысқа айналатынын, сол себепті асабаның тойдың барысын тізгіндеп отыруы керек екені түсінікті. Бірақ дәл солай емес қой енді.
Тойдың да өзінің жазылмаған заңы, әдебі, этикасы болады емес пе?! Үлкен адамдарды кекетіп, мұқатып, сынайтындай құқықты ешкім берген жоқ оларға! Бір тойда сондай екі албастының ит терісін басына қаптадым.
“Сұмдық сұрапыл тамадамыз, тойды керемет жүргізіп жатырмыз деп тұрсыңдар ма?! Мә!” дедім Жігіт болғанымда ресторанның арт жағына апарып, жағын айырмасам да мұрнын бет қылатын ем тура бар ғой.
Құлағыңның дабыл жарғағын жаратын музыка, мағынасыз ойын, мәнсіз әзіл, дөрекі сөз, қисынсыз қалжың…Тамаданың мақсаты тойды әсерлі, мазмұнды, қызықты етіп өткізу болу керек.
Ал уақытты өздері құрып алған жаттанды сценарийге мәжбүрлеп сыйғызу емес. Бір асығыстық әйтеуір! Біреу қуып келе жатқандай тез-тез сөйлетіп, тостты бітіріп тастау керек!
Тез-тез етті жегізіп, антрактіге жетіп алу керек! Қонақтар сөйлемесе, сөйлемесін, бастысы ойын ойналуы керек! Ойының осылғырлар! Ол ойын жұртқа қызық па, қызық емес пе, онда шатақтары жоқ.
Ол біреудің қуанышы ғой. Мүмкін ол адам сол тойды өмір бойы күтіп, армандап келген шығар?! Қысқасы… Біздің тойларға өзгеріс керек сияқты. Реформа!
Жанар ОРАЗЫМБЕТ, журналист.
Фото көрнекілік үшін.