"Қанат Әеуесбай журфак түлектерінің обалына қалып жүр" дейді журналистер

"Қанат Әеуесбай журфак түлектерінің обалына қалып жүр" дейді журналистер
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай универдің атынан берілетін сертификат-құжаттарға өзінің жеке мөрін басып жүр екен. Бұл туралы белгілі журналист Ораз Әлімбеков желідегі парақшасында жазып, масқара жайтқа талдау жасады деп жазады Democrat.kz.
 
"Белгілі журналист Жұлдыз Әбділдә соны көріп қойған ғой. «ҚазҰУ сияқты білдей бір университетте, атам заманнан келе жатқан журналистика факультетінде мөр жоқ па сонда? Әлде журфакты Әуесбайдың Қанаты біржола жекешелендіріп алып па еді? ИП-ның құжаты құсатып не мынау? «Әуесбайдың Қанаты өз-өзінің фанаты» екенін былай да білеміз ғой, бірақ мынаусы тым артық екен» деді Жұлдыз Әбділдә.
 
Аталған факт бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚазҰУ білдей журфак деканының қылығына орай қызметтік тексеріс бастапты. Сірә, өз-өзіне әуестеніп кеткен Әуесбайдың қанша сертификат-дипломға жеке мөрін басып фальшь ( valsch) қылғанын есептеп жатқан шығар.
 
 
Бұдан басқа Қанат Әуесбайдың журфак студенттерінің обалына қалған тағы бір жаман қылығы бар. Ол «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып қайтқан кадр. Оның жаңа заман журналистикасының қыр-сырын үйреніп келгеніне күмән жоқ. Қазақстанның әдейі шетелде дайындаған маманы Совет Одағының дәстүрлі журналистикасы методикасынан үйелеп қалған журфакті жаңа деңгейге, әлемжелі дамыған заманға ыңғайлау қажет еді. Сонда ғана ҚазҰУ-нің түлектері медиа нарығының сұранысына лайық болады. Бірақ «болашақшыл» Қанат Әуесбай өйтпеді. Қараңыздаршы қылығын, журфак студенттеріне Иманбай Жұбаев, Серік Жанболат, Гүлмира Сұлтанбаева, Ермахан Шайқыұлы, Сағатбек Медеубекұлы сияқты «ескіліктің қалдық» журналистері сабақ беріп жүр.
 
 Бұлардың бәрі бұрын да журналистиканы қатырмаған, қазір де заманауи журналистиканы білмейді. Солай болса да, декан Қанат Әуесбай осындай «ескілікті» қасына жинап алды.
 
Әйтпесе, өзі қатарлы «Болашақ» бағадарламасымен шетелде оқып-тоқып келген білікті ұстаздар бар ғой. Айталық, шетелде білімін жетілдіріп келген Ержан Әбдіраман, Есенгүл Кәпқызы, Нәзира Дәрімбет, әлеуметтік желідегі БАҚ маманы Жалғас Ертай және т.б.с.с.
 
Былайғы жұрт білмейтін шетелде оқып келген қаншама медиа маман бар. Декан Қанат Әуесбай ондай жаңашыл әрі білікті мамандарды қасына жуытпайды.
 
Себебі, егер тәжірибе алмасуға шетелден делегация немесе шетелдік қонақ келе қалса, олармен тек Әуесбай ғана тілдесіп, иманбайлардың алдында өзінше «авторитет» болып көрінуі керек қой. Осы жағдайды байқампаз журналист Жұлдыз Әбділдә «Әуесбайдың Қанаты өз-өзінің фанаты» деп дөп айтқан ғой. Екіншіден, Есенгүл Кәпқызы сияқты білікті мамандар студенттер келешегіне керек білімді үйретеді, басқа ұстаздардан да соны талап етеді. Қазір Есенгүл Кәпқызы өз бетінше курс ашып, ірі компаниялардың кіріс-шығысын, келісімшарттар мен ақша аударымдарындағы жасырылған коррупциялық схемаларды анықтаудың айла-тәсілін журналистерге үйретіп жүр. Бұл методика журналистік зерттеу бағыты үшін өте қажет. Неге оның білімі мен тәжірибесін журфак студенттеріне үйретпеске?!.
 
Сонда, егер Есенгүл Кәпқызы сияқты білікті мамандар журфакта ұстаз болса, ҚазҰУ түлектері нағыз маман болып, медиа нарықта емін-еркін табысты жұмыс істеуші еді, қазақ журналистикасы дамушы еді...
 
Ал декан Қанат Әуесбай «ескі-құсқыны» қасына жинап алып, журфак түлектерінің обалына қалып отыр", деп жазады журналист Ораз Әлімбеков. 
Барлық жаңалықтар