Қазақмыс корпорациясы геологиялық барлау бағытын дамыту мақсатында қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту және өндірістік-техникалық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл бастамалар компания басшылығы мен салалық бөлімшелердің қатысуымен өткен өндірістік кеңестердің нәтижесінде бекітілген деп хабарлайды democrat.kz сайты.
Kazakhmys Barlau алаңында басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Нұржановтың жетекшілігімен 2026 жылға арналған геологиялық барлау жұмыстарының жоспары қайта қаралып, жаңартылды. Құжатта бұрғылау бағдарламасының негізгі көрсеткіштері нақтыланып, бірінші тоқсан қорытындылары мен минералдық-шикізаттық қорды ұлғайтуға бағытталған міндеттер ескерілді.
Қазіргі уақытта барлау жұмыстары Жамбыл, Қарағанды және Абай облыстарындағы бірқатар учаскелерде жүргізілуде. Жалпы бұрғылау көлемі шамамен 14,5 мың қума метрді құрайды. Жиналған деректер геологиялық құрылымды тереңірек зерделеуге және болашақтағы жоспарлау шешімдерінің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көктемгі су тасқыны кезеңінде өндірістің тоқтап қалмауын қамтамасыз ету үшін алдын ала дайындық шаралары қабылданған.
Компания қызметінде кадрлық әлеует пен еңбек жағдайына ерекше назар аударылуда. 2026 жылы Нұрқазған кен орнында және Жезқазған қаласында геологтар мен маркшейдерлерге арналған жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешендердің құрылысы басталды. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 425 млн теңге көлемінде инвестиция бөлінген.
Жаңа кешендер модульдік форматта салынып, құрылыс мерзімін қысқартуға және тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Нысандарда қызметкерлерге арналған кеңсе бөлмелері, санитарлық аймақтар, киім ауыстыру орындары, демалыс бөлмелері, сондай-ақ құрал-жабдықтарды сақтауға арналған қоймалар қарастырылған. Мұндай инфрақұрылым жұмысшыларға қолайлы әрі қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар компания геологиялық бағыттағы бөлімшелерді техникалық тұрғыдан жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Оның аясында мамандар заманауи компьютерлік техникамен, арнайы бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталуда. Сондай-ақ кен орындарын 3D форматта модельдеу және халықаралық стандарттарға сай қорларды есептеу жүйелері енгізілуде.
Осы шаралармен қатар геологиялық барлау және бұрғылау қызметтерінің кадрлық және материалдық-техникалық әлеуеті күшейтілуде. Бұл өз кезегінде өндірістік тиімділікті арттырып, қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Қазақмыс корпорациясында инфрақұрылымды дамыту мен заманауи еңбек жағдайын қалыптастыру геологиялық барлау саласының тұрақты әрі тиімді дамуының негізгі бағыты ретінде қарастырылып отыр.