"Шошқаның ісі, стукач": Мектеп басшылығы ата-аналарды бір-бірімен "шайқастырды"?

"Шошқаның ісі, стукач": Мектеп басшылығы ата-аналарды бір-бірімен "шайқастырды"?

Таяуда ғана сайтымызда белсенді ұстаз Айман Сағидулла көтерген "мектепте мұғалімнің орнына ата-аналар сабақ өтті" деген мәселеге байланысты мақала жарияланған болатын. Осыған байланысты мектептен сұранып кеткен мұғалімнің орнына ата-аналар сабақ бергені туралы Алматы қалалық Білім сапасын бақылау департаментіне шағым түсірген азаматтың өзімен хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрап білдік деп жазады Democrat.kz.

Жағдай Алматы қаласындағы №54 мектеп-лицейде болған. Биылғы қарашаның 6-сы күні отбасылық жағдайға байланысты 4"в" сыныбының мұғалімі жұмыстан сұранған. 

"Балам үйге математика және орыс әдебиеті пәндерін сыныптағы балалардың аналары өткенін айтты. Түсінбедім. Бұл қалай деген сұрақпен мектептің тәрбие ісі жөніндегі завучына хабарластым. 

"Арыз жазам, өйтем, бүйтем" демедім. Бар болғаны, "неге сабақты ата-аналар өтті? Бұл қаншалықты заңды?" деген екі сұрақты қойдым. Завуч та мұның заңсыз екенін, өзі ауырып, үйде жатқанын жеткізді. 

"Қазір, анықтап біліп, сізге қайта хабарласамын" деген завуч 15-20 минуттан соң хабарласып, "апайдың туысы қайтыс болыпты" деп мәселенің мәнін түсіндірді. Дәл осы сәтте таңнан бері тып-тыныш тұрған сыныптың уатсапп чаттарына "жан бітті". Апайымыз да басына түскен қайғысын сол сәтте жазды. 

Ал мұғалімсіз ата-аналар чатында "сойқан шайқас" басталды! Он шақты ата-ана "кім шағымданды? Неге шағымданады? Апайымызға көмектесіп, сендердің балаларыңа білім беріп, уақытымызды кетіріп жүрсек, рахметтерің осы ма?", "бұл деген шошқаның ісі", "стукач", "ұнамаса басқа мектепке кетсін" дейтін ауыр сөздер жазған "мектептің белсенді мамашалары" біразға дейін тоқтай алмады. 

Заңсыз әрекетті ақтап алуға орасан зор күш салған әлгі "мамашалар" кімнің айтақтауымен мұны жасап отыр? Заңды белден басқан мектеп әкімшілігі! Өз қателіктерін мойындаудың орнына, керісінше, ата-аналарды маған айтақтап, үнімді өшіргісі келді ме? Бұл не деген сауатсыз тактика?!

Ақыры "шошқалығым" бар екен, онда заң бұзғандар жауап берсін деп, сол күні Алматы қалалық Білім сапасын бақылау департаментіне ресми 2 шағым жолдадым. Бірі - сұранған мұғалімнің орнына 2 пәнді неге ата-аналар өткізгенін тексеру, ал екіншісі - менің хабарласқанымды ата-аналарға кім не мақсатпен, қалай жеткізгенін анықтауды, әдеп кеңесінде "жеткізгіш" педагогтың мәселесін қарауды сұрадым. 

Өкінішке қарай, Алматы қаласы Білім сапасын бақылау департаменті менің шағымымды Алматының Білім басқармасына "ысыра салыпты". Неге? Аты айтып тұрғанындай, "білім сапасын" тексеруге тиіс департамент "білім сапасы быт-шыт талқандалып" жатқанда, неге бұлай міндетін басқармаға "ысырды"? 

Ал басты қаупім- заңды белден басып, соны жасырып-жаппаққа жанталасқандар алдағы уақытта балама тағы буллинг жасай ма деген қаупім де бар. Өйткені бұған дейін буллинг мәселесімен бұл мектепте "басымыз ауырған", - дейді шағымданушы ата-ана. 

Редакциядан: Бұл мәселе бойынша бүкіл жазбалардың скриндері, қоңыраулардың көшірмелері бар. Қажет болса, редакция тиісті мекемеге қолда бар барлық деректерді беруге дайын. Сонымен қатар, екінші тараптың уәждерін де тыңдауға дайын екенімізді білдіреміз. 

Барлық жаңалықтар