"10 мың теңге": Министр сынып жетекшілердің жалақысын көтеру туралы не айтты?

"10 мың теңге": Министр сынып жетекшілердің жалақысын көтеру туралы не айтты?

Қазақстанда сынып жетекшілеріне төленетін мардымсыз қосымша ақы мәселесі тағы да кейінге қалатын түрі бар. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселе бойынша ауқымды талдау жүргізіліп жатқанын мәлімдегенімен, төлемнің қашан және қаншаға өсетінін айта алмады. Министрлік алдымен арнайы педагогтердің қосымша ақысын арттыруды көздеп отыр. Бұл бағыттағы өзгерістер 2029 жылға жоспарланған. Ал ондаған баланың тәртібі мен қауіпсіздігіне жауап беріп жүрген сынып жетекшілерінің еңбегі қашан лайықты бағаланатыны әлі белгісіз, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстандық мұғалімдердің көптен бергі жанайқайына айналған сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы мәселесі Құрылтайда қайта көтерілді.

16 қарашада өткен баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова сынып жетекшілерінің еңбекақысын арттыру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлады.

Алайда министр нақты төлем мөлшерін де, оның қашан өсетінін де айта алмады.

«Қазір біз ауқымды талдау жүргізіп жатырмыз. Сынып жетекшілігіне бөлінген сағаттар санын есептеуіміз қажет. Бұл жеке пән ретінде енгізілуі мүмкін немесе мүлдем басқа тәсіл қолданылуы ықтимал», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Демек, әзірге сынып жетекшілерінің еңбегін бағалаудың қандай жүйесі қолданылатыны да анықталмаған.

30 баланың жауапкершілігі үшін 10 мың теңге

Бүгінде Қазақстан мектептерінде сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы базалық лауазымдық айлықақы негізінде есептеледі.

2026 жылғы қолданыстағы есеп бойынша бастауыш сынып жетекшілеріне ай сайын 8 848 теңге 50 тиын, ал 5–11-сынып жетекшілеріне 10 618 теңге 20 тиын есептеледі.

Бұл — салықтар мен міндетті ұсталымдарға дейінгі сома.

Ал осы ақының өтеуіне сынып жетекшісі оқушылардың сабаққа қатысуын, тәртібін, оқу үлгерімін қадағалайды. Ата-аналармен байланысады, жиналыс өткізеді, тәрбие сағаттарын ұйымдастырады және түрлі есептер дайындайды.

Бұған балалар арасындағы жанжал, буллингтің алдын алу, қауіпсіздік мәселелері мен мектеп әкімшілігінің қосымша тапсырмалары қосылады.

Осы жұмыстар үшін төленетін ақының аздығына наразылық білдірген кей мұғалімдер сынып жетекшілігінен бас тартып жатқанын да жасырмайды.

Министрлік алдымен арнайы педагогтердің ақысын көтермек

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, ведомство педагогтерге төленетін қосымша ақыны арттыру мәселесін кезең-кезеңімен шешуді жоспарлап отыр.

Министрлік бұған дейін психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін мамандардың қосымша төлеміне қатысты мәселені қарастырған.

Қазір олардың қосымша ақысы шамамен 60 мың теңгені құрайтыны айтылды.

Келесі кезекте арнайы педагогтердің еңбекақысына қосымша төлемді арттыру көзделген.

Бұл бағыттағы өзгерістер 2029 жылға жоспарланып отыр. Министрлік тиісті заңнамалық мәселелерді депутаттармен бірлесіп пысықтауда.

Ал сынып жетекшілерінің еңбегіне төленетін ақыны қайта қарау осы жұмыстардан кейінгі кезеңге қалдырылған.

Алайда мұны сынып жетекшілерінің төлемі міндетті түрде 2029 жылдан кейін ғана өседі деген түпкілікті шешім ретінде қабылдауға болмайды. Министр әзірге нақты мерзім бекітілмегенін айтты.

«Бұл – бұрыннан келе жатқан жүйелі мәселе»

Журналистердің сұрағына жауап берген Жұлдыз Сүлейменова сынып жетекшілігі үшін төленетін ақының жеткіліксіздігі бұрыннан белгілі екенін мойындады.

«Бүгін мен сіздерге нақты мерзімдерді айта алмаймын. Әрине, бұл мәселені шешу республикалық бюджеттің мүмкіндігіне байланысты. Дегенмен, Оқу-ағарту министрлігі бұл бағытта жұмыс істеп жатыр және біз міндетті түрде шешімін табамыз. Бұл – бұрыннан келе жатқан жүйелі мәселе», – деді министр.

Осылайша, ведомство мәселенің бар екенін жоққа шығармайды. Бірақ оны шешудің нақты мерзімі мен қаржылық тетігі әлі анықталмаған.

Бір қызығы, сынып жетекшілерінің міндеттері күн сайын орындалуы қажет. Ал сол еңбектің ақысын арттыру мәселесі алдағы жылдардың жоспарына тәуелді болып отыр.

«Сынып жетекшілігі» жеке пәнге айнала ма?

Министрдің мәлімдемесіндегі тағы бір назар аударатын жайт — сынып жетекшілігіне жұмсалатын уақытты жеке есептеу мүмкіндігі.

Жұлдыз Сүлейменова бұл жұмысты жеке пән ретінде қарастыру немесе басқа тетік қолдану ықтималдығын айтты.

Алайда мұндай өзгерістің педагогтің апталық жүктемесіне, жұмыс кестесіне және еңбекақысына қалай әсер ететіні түсіндірілген жоқ.

Сондықтан сынып жетекшілігі жеке пәнге айналады деп айтуға әлі ерте.

Әзірге бұл — талқыланып жатқан бірнеше нұсқаның бірі.

Мұғалімнің жауапкершілігі бүгін, ал ақшасы қашан?

Сынып жетекшілерінің қосымша ақысын арттыру мәселесі бұрын да көтерілген.

2024 жылы Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл төлемді бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен 30 пайызға арттыру мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлаған.

Арадан екі жыл өтсе де, педагогтер қосымша ақының мардымсыздығына шағымданып отыр.

Енді Оқу-ағарту министрлігі мәселені шешу үшін тағы да талдау қажет екенін мәлімдеді.

Әрине, педагог еңбегін бағалаудың жаңа жүйесін енгізу қаржылық есеп пен заңнамалық өзгерістерді талап етуі мүмкін.

Бірақ сынып жетекшілерінің күнделікті атқарып жүрген жұмысы талдау аяқталғанша тоқтап қалмайды.

Олар ертең де сабаққа келеді, оқушылардың тәртібін қадағалайды, ата-аналармен сөйлеседі, тәрбие сағатын өткізеді, есеп толтырады.

Ал мұның бәрі үшін төленетін қосымша ақы әзірге бұрынғы деңгейде қалып отыр.

Министр мәселенің шешімін міндетті түрде табуға уәде берді. Дегенмен педагогтер үшін ең маңызды сұраққа жауап әлі жоқ: ондаған баланың жауапкершілігін арқалаған мұғалімнің еңбегі қашан лайықты бағаланады?

Барлық жаңалықтар