Бір әйелдің ағайынды екі, үш, кейде одан да көп ер адамға ортақ жар болуы – Үндістанның кейбір таулы өңірлерінде ғасырлар бойы кездесетін дәстүр. Сырт көзге тосын көрінетін бұл некенің астарында махаббаттан гөрі жерді бөлшектемеу, отбасылық мүлікті сақтау және күнкөріс қамы жатқан, деп жазады Democrat.kz.
Ғылымда мұндай неке түрі фратерналды полиандрия деп аталады. Яғни бір әйел бір әулеттегі ағайынды бірнеше ер адамға тұрмысқа шығады.
Мұндай дәстүр Үндістанның Гималай бөктеріндегі Химачал-Прадеш штатының Киннаур, Лахаул-Спити, Сирмаур секілді кей аудандарында, сондай-ақ Уттаракхандтағы Джаунсар-Бавар өңірінде тарихи түрде кездескен. Зерттеушілер Киннаурда бір әйелдің екі немесе одан да көп ағайынды ер адаммен ортақ шаңырақ құруын ежелден келе жатқан отбасылық модельдердің бірі ретінде сипаттайды.
Неге бірнеше ағайынды бір әйелге үйленген?
Мұның басты себептерінің бірі – жер.
Гималайдың таулы аймақтарында егін егуге жарамды жер аз. Егер отбасындағы үш-төрт ұлдың әрқайсысы жеке шаңырақ көтерсе, әкеден қалған жер бірнеше бөлікке бөлініп, әр буын сайын кішірейе береді.
Ал ағайындылар бір отбасы болып қалса, жер де, мал да, үй де бөлінбейді.
2020 жылы Human Ecology ғылыми журналында жарияланған Киннаурдағы зерттеуде де полиандриялық неке жер мен ресурстар тапшы жағдайда отбасының экономикалық тұрақтылығын сақтаудың бір тәсілі болғаны айтылады.
Бұрынғы Раджья Сабха депутаты Сушил Бронгпа да The Indian Express басылымына өзінің әкесі мен ағасының бір әйелге үйленгенін, кейін өзінің де осындай отбасылық дәстүрді жалғастырғанын айтқан. Оның сөзінше, мұндай жүйенің негізгі мәні – «жер мен отбасын бірге сақтау» болған.
Үш ағайындының әйелі қалай өмір сүреді?
Дәстүрдің нақты ережелері ауылдан ауылға қарай өзгерген.
Кей жерлерде әйел әуелі үлкен ағасына тұрмысқа шығып, кейін оның үйленбеген інілері де сол некенің мүшесі саналатын. Барлығы бір үйде тұрып, шаруашылықты бірге жүргізген.
Балаларды асырау да бүкіл отбасының ортақ міндеті болған. Кейбір қауымдарда үлкен ағасы балалардың «әлеуметтік әкесі» саналса, басқа жерлерде әр ағайындының отбасындағы рөлі бөлек белгіленген. Үндістанның мәдениет жөніндегі мемлекеттік зерттеу материалдарында Джаунсар-Баварда үш ағайынды бір әйелмен отбасын құрған жағдайда балалардың әр ер адамды атқаратын қызметіне қарай әртүрлі атағаны жазылған.
Бұл дәстүр әлі де бар ма?
Бар. Бірақ бұрынғыдай кең таралмаған. 2025 жылы Химачал-Прадештің Сирмаур ауданындағы Шиллай ауылында Сунита Чаухан есімді әйел ағайынды Прадип және Капил Негиге бір мезгілде тұрмысқа шыққан. Үшеуі де бұл шешімді өз еріктерімен қабылдағандарын мәлімдеген.
Оқиға Үндістанда үлкен қоғамдық талқы туғызды. Алайда ауыл тұрғындарының бірі Шиллайда бір әйелмен екі немесе үш ағайынды бірге тұратын ондаған отбасы бар екенін айтқан.
Жергілікті саясаткер Харшвардхан Чауханның айтуынша, шамамен 25 жыл бұрын мұндай некелер аймақта таңсық болмаған. Ал кейінгі он жылдықта олардың саны күрт азайған.
Махаббат па, әлде күнкөріс амалы ма?
Зерттеушілер бұл дәстүрді тек жеке қарым-қатынас тұрғысынан қарастыру дұрыс емес екенін көрсетеді. Оның қалыптасуына таулы жердегі ауыр тұрмыс, егістік тапшылығы, мұраны бөлмеу және бүкіл отбасының бір шаруашылық болып өмір сүру қажеттілігі әсер еткен.
Бір кездері тіршілікті сақтап қалудың тиімді жолы саналған жүйе қазір білім, урбанизация, еңбек көші-қоны және өмір салтының өзгеруіне байланысты біртіндеп жойылып барады.
Соған қарамастан, Үндістанның кейбір Гималай ауылдарында «бір әйел – бірнеше ағайынды» деген ғасырлар бойғы отбасылық модель әлі де толық жоғалған жоқ.