"Электронды оқулыққа көшетін кез келді!": Ата - аналар баланың ауыр сөмкесіне шағымдануда

"Электронды оқулыққа көшетін кез келді!": Ата - аналар баланың ауыр сөмкесіне шағымдануда

Threads желісіндегі @goshavector1 аккаунты мектеп оқушыларының күн сайын ауыр сөмке таситынын көтеріп, «шкафтарды осыдан жүз жыл бұрын ойлап тапқан» деп жазды. Бір тәуліктің ішінде жазба 12 мыңнан астам реакция мен жүздеген пікір жинап, ата-аналар мен мұғалімдердің қызу талқысына түсті, деп жазады Democrat.kz.

Автордың жазбасы өте қысқа, бірақ мәселені дәл басқан:

«Түсіндіріңіздерші: оқулық үйден мектепке барады, сөмкеде жатады, қайта үйге келеді. Осылай тоғыз жыл. Шкафтар. ШКАФТАР. Оларды жүз жыл бұрын ойлап тапқан. Ал бала арқасына он келі көтеріп жүреді».

Жазбаға 12,2 мыңнан астам адам реакция білдіріп, 580-ге жуық пікір жазылған.

Желі қолданушыларының бір бөлігі автордың уәжін толық қолдап, мектептерде әр балаға жеке шкаф қарастыру керегін жазған. Олардың пікірінше, күн сайын бірнеше оқулық пен дәптерді ары-бері тасудың еш қисыны жоқ.

Кей ата-аналар баласының сөмкесін өздері көтеріп көргенде ғана оның қаншалықты ауыр екенін түсінетінін айтқан. Әсіресе бастауыш және орта буындағы балалардың дене салмағына шаққанда бірнеше келілік сөмке үлкен жүк екені жиі сөз болған.

Пікірталаста тағы бір ұсыныс жиі қайталанды: оқулықтың бір данасы мектепте, екінші данасы үйде қалуға тиіс.

Оқырмандардың пайымынша, бұл жағдайда бала мектепке тек дәптер, қалам және сол күні шынымен қажет заттарын ғана алып барар еді.

Алайда жазбаға қарсы пікір білдіргендер де бар.

Олар мектепке шкаф орнатудың өзі мәселені толық шешпейтінін айтады. Себебі оқушыға оқулық үй тапсырмасын орындау үшін үйде де қажет. Кей қолданушылар барлық мектепте әр балаға жеке шкаф қоюға орын жетпейтінін, әсіресе оқушысы көп білім ордаларында мұндай жүйені енгізу қиын болуы мүмкін екенін алға тартқан.

Басқа пікір иелері мәселенің себебін оқулықтан емес, сабақ кестесінің ұйымдастырылуынан іздейді. Бір күнге тым көп пән қойылғанда бала сәйкесінше бірнеше оқулық, жұмыс дәптері, қосымша құрал, дене шынықтыру киімі мен суын бірге алып жүруге мәжбүр болады.

Тағы бір қызық ұсыныс — оқулықтарды толық электронды форматқа көшіру.

Бірақ бұған қарсылық танытқандар да бар. Олар баланың күні бойы телефон немесе планшетке үңіліп отыруы көзге түсетін салмақты азайтқанымен, басқа денсаулық мәселесін туғызуы мүмкін екенін еске салған.

Осылайша бір ғана «ШКАФТАР!» деген сөз мектеп инфрақұрылымындағы әлдеқайда ауқымды мәселені қайта көтерді.

Мәселе тек шкафтың бар-жоғында емес. Сұрақ — қазіргі мектеп жүйесі баланың күнделікті физикалық жүктемесін қаншалықты ескеріп отыр?

Өйткені бала білім алу үшін мектепке барады. Ал оның күн сайын арқалап жүрген бірнеше келі сөмкесі білімнің міндетті «бағасы» болуға тиіс пе деген сауал ашық қалып отыр.

Барлық жаңалықтар