"Аяқ-қолым дірілдеп...": Айгүл Иманбаева алғаш рет ешкім білмейтін жан-жарасы туралы айтты

"Аяқ-қолым дірілдеп...": Айгүл Иманбаева алғаш рет ешкім білмейтін жан-жарасы туралы айтты

Әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева бала күнінде көрген отбасылық зорлық-зомбылықтың салдары әлі күнге дейін сезілетінін айтты, деп жазады Democrat.kz.

Өнер иесінің сөзінше, бірнеше жыл бұрын Баян Мақсатқызы зорлық-зомбылық тақырыбын көтерген «Бақыт» фильміндегі басты рөлдердің бірін сомдауды ұсынған. Алайда сценариймен танысқан сәтте Айгүл Иманбаева өткен өміріндегі ауыр естеліктер қайта оянғанын сезген.

«Сценарийді оқып отырып, бұлшықет жады ма, әлде бұрынғы сырқаттарым оянды ма, білмеймін, аяқ-қолым дірілдеп, жылап қалдым. Баянға хабарласып, рөлден бас тарттым. Кейін Асқар Ұзабаев та қоңырау шалып, көндіруге тырысты. Бірақ бұл тақырыптың мен үшін өте ауыр екенін түсіндірдім», – деді әнші.

Айгүл Иманбаева кейінгі жылдары психологпен жұмыс істеп, балалық шақтан қалған жарақаттарын жеңуге тырысып жүргенін айтады. Соған қарамастан, кейбір жағдайлар әлі де бойында қорқыныш тудырады.

«Бала күнімде әкемнің анамды ұрғанын, ата-анамның жанжалдасқанын көрдім. Қазір де біреу дауысын көтерсе, қорқамын. Ішімдік ішкен адамды көрсем, аяқ-қолым дірілдейді. Бәрін санамнан шығардым деп ойласам да, іздері қалып қойған екен», – деді ол.

Әнші бала кезінде көрген дүниенің адам есейгеннен кейінгі өміріне де әсер етуі мүмкін екенін жасырмады.

Оның айтуынша, өзі куә болған кейбір жағдайлар кейін жеке өмірінде де қайталанған.

«Кейін сол көргендерің өміріңде айна-қатесіз қайталануы мүмкін. Менің жеке өмірімде де сондай жағдайлар болды. Сондықтан баланың көзінше жанжалдаспау деген сөздің астарында үлкен мән бар», – деді Айгүл Иманбаева.

Өнер иесі ата-аналарды баланың көзінше айқайласпауға, күш қолданбауға және отбасындағы қарым-қатынастың бала психикасына қалай әсер ететінін ескеруге шақырды.

«Баланы өмірге әкелгеннен кейін оның тәрбиесіне жауапкершілік алу керек. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтылмаған. Бүгінгі зорлық-зомбылықтың бір себебі бала кезден қалыптасқан түсініктерде жатыр деп ойлаймын», – деді әнші.

Айгүл Иманбаеваның бұл әңгімесі бір қарағанда отбасындағы «үлкендердің мәселесі» болып көрінетін жанжалдың баланың есінде жылдар бойы сақталуы мүмкін екенін тағы бір мәрте аңғартты.

Барлық жаңалықтар