Алматы облысында үш жаңа туған нәрестеден айырылған отбасы дәрігерлердің әрекетіне күмән келтіріп, оқиғаны жан-жақты тергеуді талап етті, деп хабарлайды Democrat.kz Алматы телеарнасына сілтеп.
Туыстарының айтуынша, алты айлық жүкті Айдана Оразбаева 17-18 шілде түні мерзімінен бұрын босанып, Қаскелең перзентханасында үшемді дүниеге әкелген. Алайда бірнеше сағаттан кейін екі нәрестенің шетінегені белгілі болған. Кейін отбасы үшінші сәбидің жағдайын сұрауға келгенде, оның да қайтыс болғанын естіген.
«Біз жоспарлы кесар тілігі үшін қалалық перзентханаға баруымыз керек еді. Бірақ шұғыл жағдай туындады. Үшем босанатындықтан, қалаға жіберуді сұрадық. Бірақ мамандар ұрықтар өте кішкентай және табиғи жолмен босану мүмкін екенін айтты. Нәрестелер таңғы сағат 7-де дүниеге келді, содан кейін бізге екі нәресте бірінен соң бірі шетінегенін айтты. Біз мұны дәрігерлерден емес, келінім арқылы білдік», – дейді марқұм сәбилердің әжесі.
Отбасы нәрестелердің денесін алған кезде оларға қажетті ресми құжаттар берілмегенін айтып, сәбилердің өліміне қатысты күмәні бар екенін жеткізді. Сондай-ақ олар тәуелсіз сараптама жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.
Өз кезегінде Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы әйелдің жүктіліктің 25-аптасында түскенін мәлімдеді. Мекеме мұндай жағдайда нәрестелердің өмір сүру мүмкіндігі өте төмен болатынын айтып, медициналық көмектің сапасына қатысты ішкі аудит басталғанын хабарлады.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр.