Алматыдағы №215 мектепке қатысты дау шығару кімге керек?

Алматыдағы  №215  мектепке қатысты дау шығару кімге керек?
Блогердің мақсаты шу шығарып, дау туғызу ма?!
Мектептің қазақша немесе орысша болуын кім анықтайды?
 
Қазір мәселенің байыбына бармай шу шығарып, дау туғызып жүрген блогерсымақтар көбейіп кетті. Рас, сапалы контент жасап, елге пайдалы дүние ұсынатындары бар.
 
Бірақ, кейбір блогерлер тезірек «көзге түсу үшін» істің мәнісіне бармай негатив айқаймен бедел жинаймын деп ойлайды. Қолында билігі бар немесе қолында ақшасы бар кәсіпкерді шантаждайым деп алаяқтық баппен ұсталып, сотталып кеткен блогерлердің оқиғасы жиіледі.
 
Сонда да қоймайды бұлар: бірі әлі алаяқтық жасап, өтірік айтып жұрттан ақша жинап жүр, бірі шетелдік мүдделі ұйымдардың сойылын соғады, тағы бірі фейк ақпарат таратып қоғамды дүрліктіреді.
 
Мысалы, 2-3 күн бұрын Алматыдағы жаңадан салынған №215 мектепке қатысты дау шықты. Әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылып, барып тұрған манипуляция мен асыра сілтеушілік байқалды.
 
Қарап отырсақ, мұның бәрі сол баяғы дау-жанжалмен жаманаты шыққан блогерлердің тірлігі. Білім туралы нақты заңға сараптама жасамай, мектептің тілін анықтайтын нұсқаулыққа сүйенбей бекер байбаламдап жүр.
 
Ал шын мәнінде, бұл дау-дамайдың шешімі анық әрі қарапайым. Заң бойынша, жаңа мектептің оқыту тілі тек ата-аналар мен балалардың сұранысына қарай анықталады. Мектептің қай тілде оқытатыны алдын ала бекітілмейді.
 
Мұндай шешімді блогерлер де, жалған белсенділер де шығара алмайды, оларда ондай құқық жоқ. Бұл – ең алдымен сол аумақта тұратын ата-аналардың құзырында, одан әрісі мемлекет құжатпен бекітетін мәселе.
 
Сондықтан қоғамды шулатып, халықтың арасына іріткі салудан гөрі, заңға сүйеніп, нақты шешім күткен жөн. Мектеп – болашақтың іргетасы, ал оның тағдырын айқай емес, ақылға негізделген ортақ шешім айқындауы тиіс.
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Барлық жаңалықтар