Ақтөбеде мешітке намаз оқуға барған екі бала оңбай таяқ жеген

Ақтөбеде мешітке намаз оқуға барған екі бала оңбай таяқ жеген

Ақтөбедегі мешіттердің бірінде 16 жастағы жасөспірімді аяусыз ұрып-соққан 38 жастағы ер адам сот үкімімен бас бостандығынан айырылды, деп жазады Democrat.kz.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға биыл 20 ақпан күні кешкі уақытта болған.

16 жастағы Мұхаммад сол күні шамамен сағат 20:30-да екі досымен бірге «Нұр-Ғасыр» мешітіне намаз оқуға келген. Намаздан кейін жасөспірімдер аялдамаға қарай беттеген. Алайда олардың бірі сөмкесін мешітте ұмытып кеткенін есіне түсіріп, үшеуі қайта оралған.

Мешіттің кіреберісіндегі аяқкиім шешетін жерде Мұхаммадтың досы Исмаил бұрын өзі киген аяқкиімге ұқсас жұпты байқап, соған назар аударған.

Жасөспірімдердің аяқкиімге қарап тұрғанын көрген бір ер адам сыртқа шығып, оларды ұрлық жасамақ болды деп айыптаған. Артынша Исмаилды ұрып жіберген.

Мұхаммад жанжалды тоқтатуға тырысып, ер адамды досынан ажыратпақ болған. Бірақ ашуға мінген ер адам жасөспірімнің бетінен жұдырықпен ұрып, кейін денесінің әр жеріне соққы жасаған.

Онымен де тоқтамай, Мұхаммадты жерге құлатып, басынан аяғымен тепкілеген.

Ер адам кетіп қалғаннан кейін жасөспірімдер мешіттен сыртқа шыққан. Олардың жағдайын көрген көшедегі әйелдердің бірі полиция мен жедел жәрдем шақырған.

Мұхаммад алған жарақаттарынан кейін ауруханада тоғыз күн емделген.

Екі бап бойынша айып тағылды

Жасөспірімдерді ұрып-соққан ер адам көп ұзамай ұсталды.

38 жастағы сотталушының Ақтөбеге Қарақалпақстаннан көшіп келгені белгілі болды. Оған Қылмыстық кодекстің бұзақылық және денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру баптары бойынша айып тағылған.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтқан. Сондай-ақ жәбірленушілерден кешірім сұраған.

Ол қарт ата-анасының жалғыз асыраушысы екенін алға тартқан. Ал қорғаушысы соттан бас бостандығынан айырмай, бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған.

Алайда сот оның әрекетін ескеріп, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

1 жыл 6 айға сотталды

31 шілде күні шыққан сот үкіміне сәйкес, ер адам 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.

Бұдан бөлек, сотталушы жасөспірімге келтірілген моральдық зиян үшін 3 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оған апелляциялық тәртіппен шағым түсіре алады.

Оқиғаның мешіт ішінде, құлшылық етуге келген жасөспірімдерге қатысты болуы қоғамда ерекше алаңдаушылық туғызары анық. Қасиетті орында баланы ұрлықшы деп айыптап, мән-жайды анықтамастан аяусыз ұрып-соғу — ашу мен күдіктің адамды қандай ауыр қылмысқа жеткізетінін көрсеткен жағдай.

Барлық жаңалықтар