"Жігіттер" квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов таяуда бір мекеменің басшысы болуы мүмкін екенін айтып, желідегі парақшасында жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
Таяуда басшылық қызметке отыруым мүмкін деген болжаммен фото жариялаған Бағлан Әбдірайымов: "Олай дейтін себебім, 2016 жылы Оқушылар сарайына ұйымдастырушы болып жұмысқа кірген едім. Сол мекемеде спорт туризмі бағытын басқарған кезеңдерім болды.
Қазіргі таңда «Алатау спорт клубы» КМҚК басшысының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрмін. Сонымен қатар, қара шаңырақ — Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мәдениет бөлімінде 0,5 штат бірлігімен еңбек етемін.
Осы уақытқа дейін арнайы құттықтау пост жазып немесе бұл туралы кеңінен ақпарат таратуды жөн көрмедім.
Ең қызығы, ертең бір басшылық қызметтен көрініп қалсам, таң қалып жүрмеңіздер. Білім бар, еңбек кітапшам орнында, тәжірибе де ретімен жиналып келеді.
Ал көкпар федерациясындағы қызметіміз де өз жолымен жалғасып жатыр. Яғни, доданың дәл ортасында жүрмін.
Жалпы, жұма күнгі көңіл күймен сіздермен бөліскен аз-кем ойым осы.
Бір сөзбен айтқанда, спортта да, білім саласында да, ұлттық құндылықтарымыздың ортасында да қызмет етіп жүрген жайымыз бар. Алла абыройымызды арттырып, елге қызмет етуден айырмасын!"деп жазды.