АҚШ президенті Дональд Трамп дизель бағасының күрт өсуі аясында салық салынбайтын «қызыл дизельді» қоғамдық жолдарда пайдалануға уақытша рұқсат берді. Ақ үй бұл шара тасымал шығынын және тауар бағасын төмендетуге көмектеседі деп күтеді, деп жазады Democrat.kz.
Дональд Трамп тиісті жарлыққа Небраска штатындағы іс-шара кезінде қол қойды.
«Қызыл дизель» АҚШ-та әдетте ауыл шаруашылығы мен құрылыс техникасына арналған және оған федералдық жол акцизі салынбайды.
Бұған дейін мұндай отынды жалпы пайдаланымдағы жолда жүретін автомобильдерге құюға тыйым салынатын.
Жаңа тәртіп бойынша шектеу 2026 жылдың соңына дейін уақытша жұмсартылады.
АҚШ-та дизель бағасы соңғы айда галлонына шамамен 6,5 долларға дейін көтерілген. Бұл жүк тасымалына, ауыл шаруашылығына және соның нәтижесінде азық-түлік пен басқа тауарлардың бағасына қысым жасап отыр.
Әлемдік дизель нарығындағы тапшылыққа Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар, Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдар және бірқатар өңірдегі мұнай өңдеу қуатының қысқаруы әсер етті.
Трамп салықсыз дизельді кеңірек пайдалануға рұқсат беру логистикалық компаниялардың шығынын азайтып, тұтынушыға түсетін баға қысымын төмендетеді деп мәлімдеді.