Әнші Сәкен Майғазиев турал бұған дейін де ел аузында түрлі жағымсыз пікірлер айтылып келгені мәлім. Десек те, бұл жолы әншіні "кісі ақысын жеуге" қатысты айыптап, әлеуметтік желі шулап жатыр деп жазады Democrat.kz.
Түркістандық Дариға Жолдас атты келіншек әнші Сәкен Майғазиев күйеуінің еңбекақысын бермей жүргенін айтып, Threads-те жазба жариялады.
"Майғазиевтердің атынан ашылған SMart мектебі күйеуімнің ақшасын бермей жүр. Күйеуім үш ай сол мектепте жұмыс істеп, айлығын ала алмады.
Шығып кетейін десе, айлығымды бермей қояды деп жүре беріп еді. Оның үстіне сол жұмысқа керек деген соң, кредитке ноутбук алып, оны төлей алмай, үстінен кредит алып, бытшыт болғанбыз.
Кейін бөпеміз болатынын біліп, амалсыз басқа жұмысқа кірді. Сәкеннің баласына қанша рет жазды. "Әне береміз, міне береміз" деумен екі жылдан асты" деген Дариға Жолдас ренішін білдіріп, жазба жариялады.

Осы жазба шыққан соң, Сәкен Майғазиев пен ұлы Әділет Дариға Жолдасқа хабарласып, жазбаны алып тастауды, ал еңбек ақыны ақпан айының 25-іне беретінін айтып уәде беріпті.
Десек те, Threads желісінің оқырмандары әншінің уәдесіне сенбесе керек, енді Сәкен Майғазиевтің жазбаларының астына "ақшасын қайтар" деп пікірлерді боратып жазуда.

