"Ақшасын алдым, жұмысқа ал": Мектепті әкімдікке берудің "пайдасы" осы ма?

"Ақшасын алдым, жұмысқа ал": Мектепті әкімдікке берудің "пайдасы" осы ма?
Қазақстан қоғамы бір апта бойы "мектепті аудандық әкімдікке беру" туралы тақырыпты талқылап жатыр. Десек те, мәселенің мәнін тереңнен түсінбей, "беру керек" деп қолдап, аттандап отырғандар аз емес. Сондай аттандағыш қауымға қоғам белсендісі Амандық Дәулетбекұлы қарапайым, түсінікті тілде егер мектепті аудандық әкімдік құзіретіне берсе, не болатынын тізбелеп, айтып берді деп жазады Democrat.kz.
 
"Мектепті аудан әкімдігі құзіретіне беруді" көпшілік бюджет ақшасымен байланыстырып, пәлсапа соғуда.
Иә, мектеп бюджеті аудан әкімдігіне өтетіні рас. Алайда мемлекеттің бұл ақшасынан басқа ағылатын ақшаларды ешкім айтқысы келмейді, әлде білмейді.
 
Жалпы, әспеттемей, мұғалімді аудан әкіміне бағындыру деп төтесінен айтар болсақ, алда не күтіп тұрғанын білесіз бе? Білмесеңіз, төмендегі Амандық Дәулетбекұлының пікіріне назар аударыңыз.
 
"Бұрын аудан әкімдігі мектеп директірлеріне ызбандап (утрирую):
Парасын өзім алып қойдым, пәленді жұмысқа ала сал, түгенді шығарып таста.
Түген шараға зал толтыру керек, 15 адам жібер тез.
Субботникке әкім шығады, айналасында жүріп көше сыпырыңдар.
Сайлау мен санақта коллективіңді құрша жорғалат, тегіннен-тегін жексұрын болуға ең ыңғайлы сол мұғалімдер
Ата-аналарды түкке де қажеті жоқ кәзиттерге жаздырыңдар мұғалімдері арқылы, ешкім білмейтін әртістің кәнсерті мен шығармашылық кешіне билет саттырыңдар…т.с.с
 
Асхат Аймағамбетов министр кезінде мектеп директорларын аудан әкіміне емес, облыс әкіміне тікелей қарату арқылы жарым-жартылай да болса осы мәселені шешіп еді. Жартылай дейтін себебім - тіпті облысқа да емес, тікелей министрлікке қаратқан дұрыс бұл саланы. Сонда толық шешіледі. Пегагогтың мәртебесі туралы заң қабылдатып, мұғалімдердің айлықтарын да әжептәуір көтертіп еді. Өмір Шыныбекұлы  ағалардың  еңбегі ерен осы орайда.
 
Біз Ақ жол партиясы толық қолдап едік. Содан бері педагогика саласына бұрынғыдай ЕНТдан ең төмен бал алғандар емес тәп-тәуір интеллектуал жастар бет бұра бастап еді ақырын-ақырын.
 
Бұл ұлттың сапасының артуына әкеп соғуы керек ұстаз сапасы арқылы…
 
Ал енді Мұрат Әбенов пен Сайыров осыны ары қарай қолдағанның орнына неге кері тартады? Неге қыңыраяды?
 
Сайлау мен референдумда қолдану керегін Әбеновтар ашық айтып отырғанын көріп… Түк түсінсем бұйырмасын…
Сәл бірдеңеміз дұрыстала бастаса неге қиратуға әуеспіз, осы біз?"дейді Амандық Дәулетбекұлы. 
Барлық жаңалықтар