Ақтау қаласының теңіз жағалауында адам шошырлық қылмыс орын алды. Ер адам ажырасуға ниет білдірген заңды әйеліне пышақпен шабуыл жасап, ауыр жарақаттаған деп жазады Democrat.kz. сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 14 шілде күні таңертең болған. Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, отбасында төрт бала тәрбиеленіп отыр. Күйеуі бұған дейін де әйеліне, балаларына және оның жақындарына бірнеше рет өліммен қорқытып, сес көрсеткен көрінеді. «Сол күні таңертең ол әйеліне «егер сөйлесуге шықпасаң, балаларды өлтіремін» деп қоқан-лоқы көрсетіп, үйден шығарып алған.
Кездесу барысында ер адам әйелін аяусыз соққыға жығып, бірнеше жерінен пышақ сұққан. Қазір әпкем ауруханада жатыр, жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Біз осы сұмдықты бейнежазбаға түсіріп алған болуы мүмкін куәгерлерді іздестіріп жатырмыз. Тергеу органдары бейнебақылау камералары мен полицейлердің жетондарындағы жазбаларды алатыны анық, алайда істің әділ әрі объективті қаралуы үшін бізге қосымша айғақтар қажет», — дейді зардап шеккен әйелдің сіңлісі.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын ресми түрде растады. Алдын ала мәлімет бойынша, ауыр дене жарақаттары отбасылық-тұрмыстық жанжал салдарынан келтірілген. Жәбірленуші ауруханаға жатқызылып, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Ал күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.
Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен әйелдің жақындары 14 шілде күні таңғы сағат 04:00-ден 06:00-ге дейінгі аралықта осы маңда болып, жағдайды видеоға түсіріп алған куәгерлерден көмек сұрайды