Ардагер ұстаз ҰҚК төрағасына ашық үндеу жасады

Ардагер ұстаз ҰҚК төрағасына ашық үндеу жасады

Танымал педагог, ардагер ұстаз Өмір Шыныбекұлы ҰҚК төрағасы Марат Ирменовке ашық үндеу жасады деп жазады Democrat. kz. 

Әлеуметтік желідегі парақшасында: "Құрметті Марат Ғатауллаұлы!

Сізге Мемлекет басшысы жүктеген Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезіндегі жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі тапсырмаларға байланысты үндеу жолдаймын.

Осы орайда қоғамда бірқатар сұрақ туындатып отырған білім беру саласындағы мемлекеттік жобаларға назар аударуыңызды сұраймын.

Атап айтқанда, Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Шымкент қаласында салынған жаңа мектептердің басқару жүйесіне қатысты мәселелер бар.

Әлеуметтік желілерде осы мектептердің директорлары жиі ауысатыны туралы ақпараттар жарияланып келеді.

Шымкенттегі 12 мектептің бесеуінің басшысы өз еркімен қызметтен кеткені, кейбір директорлардың жұмыстан босатылуына байланысты сот даулары туындағаны жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтер тарады.

Мәселе тек кадр тұрақсыздығында емес. Мұндай жағдайлардың артында қандай басқарушылық, қаржылық немесе ұйымдастырушылық себептер тұрғанын анықтау маңызды.

Осыған байланысты төмендегі мәселелерді назарға алуыңызды сұраймын:

1. «Келешек мектептері» жобасының қаржылық ашықтығы.

Мектептердің құрылысына, жабдықталуына және пайдалануға берілуіне бөлінген бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына қатысты тәуекелдер тексеріле ме?

2. Шымкент қаласындағы директорлар тұрақсыздығы.

Жаңа мектептер басшыларының жиі ауысуына қандай себептер әсер етуде? 
Кадрлық шешімдер заңдылық пен ашықтық қағидаттарына сәйкес қабылданып жатыр ма?

3. Білім басқармасы мен мектеп директорлары арасындағы қатынастар.

Мектеп басшыларына қатысты тексерулердің негізділігі, олардың қызметтік дербестігіне қысым көрсету ықтималдығы және еңбек құқықтарының сақталуы зерделене ме?

4. Мемлекеттік сатып алулар мен мектептердің жабдықталуы.

Құрылысқа, жиһазға, компьютерлік техникаға, зертханалық жабдықтарға және тамақтандыру қызметіне қатысты сатып алуларда мүдделер қақтығысы мен негізсіз шығындар тәуекелі бар-жоғы тексерілуі қажет.

5. ОАМ экс-министі Ғ. Бейсембаев қабылдап, қазіргі министр Ж.Сүлейменова тоқтатқан  «Мақсатты мектеп» және ғылымды қаржыландыру.

Білім беру мен ғылымға бөлінген миллиардтаған теңгенің нақты нәтижесін, мемлекеттік аудит материалдарында көрсетілген заңбұзушылықтарды және олардың құқықтық бағасын анықтау да назардан тыс қалмауы тиіс.

Құрметті Марат Ғатаұллаұлы!

Мен қандай да бір тұлғаны алдын ала айыптауды немесе дәлелсіз қылмыстық күдік тудыруды мақсат етпеймін. 
Менің талабым — мемлекеттік қаржының ашықтығы, заңдылықтың сақталуы және бюджет қаражатына жауапты адамдардың есеп беруі.

Мемлекет басшысы жариялаған «Заң және тәртіп» қағидаты білім беру саласында да толыққанды жүзеге асуы керек.

Мектеп — біреудің жеке бизнесі де, әкімшілік ықпал жүргізетін алаңы да емес. 
Мектеп — балалардың болашағы мен мемлекеттің ертеңі.

Сондықтан «Келешек мектептері» жобасының, әсіресе Шымкент қаласындағы жаңа мектептердің қаржылық-шаруашылық қызметі мен кадрлық саясатына заң аясында тиісті тексеру жүргізу мәселесін қарастыруыңызды сұраймын.

Қоғамға тек мектеп ғимараттарының салынғаны туралы есеп емес, сол мектептерге бөлінген әрбір теңгенің қалай жұмсалғаны және білім беру жүйесінде қандай нақты нәтиже болғаны туралы ашық ақпарат қажет.

Заң бәріне ортақ болуы тиіс!"— деп жазды ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық Кеңесінің төралқа мүшесі, Шымкент қаласы Қоғамдық Кеңесінің мүшесі Өмір Шыныбекұлы. 

Барлық жаңалықтар