Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында педагогтарға арналған ұсынысын жариялады. Оның дәстүрлі Тамыз кеңесінің форматын өзгертіп, ұзақ баяндамалар мен есептерден бас тартып, мұғалімдердің нақты мәселесін ашық талқылайтын бейресми кездесу өткізу туралы ұсынысы әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды. Педагогтер бұл бастаманы қолдай отырып, білім саласында қордаланған бірқатар мәселені де көтерді деп жазады Democrat.kz.
Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында өткен жылы мұғалімдердің бірі дәстүрлі Тамыз кеңесінен бөлек «бейресми тамыз кеңесін» өткізуді ұсынғанын еске салды.
Оның айтуынша, мұндай жиынның басты ерекшелігі — ұзақ баяндамалар мен есептердің болмауы. Оның орнына мектеп пен білім саласындағы нақты мәселелер ашық талқыланып, мұғалімдер өзара тәжірибе алмасуы керек.
«Бұл ұсыныс есімде қалып қойды. Сіздер қалай ойлайсыздар? Жаңа оқу жылы қарсаңында мұндай шара шын мәнінде қажет пе?» — деп сауал тастаған ол оқырмандарына.
Жазба астында мұғалімдер мен білім саласы қызметкерлері бірінен соң бірі пікір қалдырып, көпшілігі мұндай кездесудің қажеттігін айтты.
«Мұғалімнің айтары көп»
Пікір қалдырғандардың бірі ресми жиыннан гөрі мұғалімнің мұң-мұқтажын тыңдайтын алаң керек екенін жазды.
«Еститін құлақ болса, мұғалімдердің мұң-мұқтажын бейресми кездесуде талқылау өте дұрыс», — дейді желі қолданушысы.
Тағы бір мұғалім:
«Керемет идея! Мұғалімдердің айтары көп деп ойлаймын», — деп қолдау білдірген.
Алайда ұсынысқа күмәнмен қарағандар да бар.
«Ұзақ баяндамалар мен есептерсіз дегенінің бәрі керек», «Ресми Тамыз кеңесінің мәні де мағынасы да қалмады. Соңғы тоқтату керек», «Барлығы сөз күйінде қалады» деген пікірлер де жазылды.
«Директор мен орынбасарлардың мұғалімге жеке жұмысын жүктеуін тоқтату керек»
Талқылау барысында педагогтердің күнделікті жұмысына қатысты әлдеқайда өткір мәселелер де көтерілген.
Пікір иелерінің бірі мектеп әкімшілігінің мұғалімдерге тікелей міндетіне кірмейтін тапсырмалар беретінін айтып:
«Мұғалімдерге директор және орынбасарлардың мектеп жұмысын, жеке көңілін бөліп кететін жағдайларын тоқтататын нақты заң керек. Жеке такси жалдауға ақша бөлінсін, штат ашылсын», — деген ұсыныс айтты.
Осы пікірдің жалғасында мектептегі техникалық қызметкерлер мәселесі де қозғалды. Кейбір жағдайда аула сыпырушы немесе тазалықшы қызметкерлерге марапаттау қағазы берілгенімен, олардың тұрмыстық жағдайына нақты материалдық қолдау көрсетілмейтіні айтылған.
Мұғалімдердің жалақысы да сөз болды
Талқылауда жалақы мәселесі де назардан тыс қалмады.
Пікір білдірушілердің бірі мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысының өсімі туралы айтылатын мәлімдемелердің мұғалімдерге толық сәйкес келмейтінін жазды.
Оның айтуынша, жас мамандар арасында айына 150–160 мың теңге шамасында жалақы алатындар бар.
«Осы жоғары жалақы ма?» — деп сұрақ қойған педагог білім саласындағы нақты табыс пен ресми мәлімдемелер арасында айырмашылық барын меңзейді.
Тағы бір қолданушы директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейтін әрі қосымша информатика пәнінен сабақ беретін магистр дәрежесі бар педагогке «Педагог мәртебесі туралы» заңдағы магистр дәрежесі үшін қарастырылған үстемеақы төленуі тиіс пе деген нақты сұрақ қойған.
«Әдістемелік нұсқау хат әлі шықпаған ба?»
Жаңа оқу жылына дайындық мәселесі де қозғалды.
Пікірлердің бірінде:
«Биылғы әдістемелік нұсқау хат әлі шықпаған ба?» — деген сауал қойылған.
Бұл сұрақ жаңа оқу жылы қарсаңында мұғалімдерге қажет негізгі әдістемелік құжаттардың уақытылы берілуі маңызды екенін тағы көрсетті.
«Тамыз кеңесінің орнына мамыр кеңесі керек»
Кейбір мұғалімдер тіпті Тамыз кеңесін жаңа оқу жылы басталар алдындағы кезеңде өткізудің өзін тиімсіз деп санайды.
Пікір иелерінің бірі:
«Темірді қызған кезде соққан дұрыс. Оқу жылының соңында алдағы оқу жылына ұсыныстар мен күрделі мәселелерді шешу жолдарына арналған “мамыр кеңесін” өткізуді ұсынамын. Ал бұл ұсынысты да қолдаймын», — деп жазған.
Тағы бір қолданушы ресми Тамыз кеңесінің орнына шағын топтарда нақты мәселелер қарастырылғаны тиімдірек болатынын айтты:
«Соңы тоқтату керек. Нәтижесінде бұйрықтар шығып, құжаттар бекітіле ме, кішкене крутой жасай берсін. Мыңдаған адам жинаудың қажеті жоқ».
Жас мамандар да қатысқысы келеді
Талқылауда жаңадан жоғары оқу орнын бітірген жастар да бейресми кездесуге қатысуға ниет білдірген.
Жас мамандардың бірі:
«Алдыңғы буын ұстаздармен тәжірибе алмасып, жаңа дүниелер алып, жаңа оқу жылына қанаттанып кірер едік. Егер мұндай кездесулер болса, міндетті түрде барамын», — деп жазды.
Бұл пікір Тамыз кеңесінің тек есеп беру алаңы емес, жас және тәжірибелі педагогтер арасындағы кәсіби байланысты күшейтетін ортаға айналуына сұраныс барын байқатады.
Педагогтердің талабы біреу: мәселе айтылып қана қоймасын
Жазба астындағы пікірлерден бір нәрсе анық көрінеді: мұғалімдердің көпшілігі бейресми кездесуге қарсы емес. Керісінше, ұзақ баяндамадан шаршаған педагогтер нақты мәселе айтылып, оның артынан нақты шешім қабылданатын алаңды қалайды.
Жалақы, мектеп әкімшілігінің мұғалімге артық жұмыс жүктеуі, жас мамандардың жағдайы, техникалық қызметкерлердің еңбегі, әдістемелік құжаттардың уақытылы берілуі — педагогтер көтерген мәселелердің бір бөлігі ғана.
Сондықтан әлеуметтік желідегі талқылау бір маңызды сұрақты алға шығарып отыр:
Қазақстан мұғаліміне тағы бір кеңес керек пе, әлде оның сөзін шынымен тыңдап, айтылған мәселенің орындалуын қадағалайтын тетік керек пе?