Владивостоктан шыққан ресейлік саяхатшы Влад велосипедпен 22 мың шақырымнан астам жол жүріп, Оңтүстік Африка Республикасындағы Кейптаунға жетуді мақсат еткен. Қазір Павлодарда жүрген велосаяхатшы Қазақстанда көрген ықылас пен қарапайым адамдардың қамқорлығы өзін ерекше толқытқанын айтты деп жазады Democrat.kz. сайты BES.media.kz.-ке сілтеме жасап.
Жол бойындағы тосын қамқорлық
Қазақстан аумағына кіргеннен кейін Влад күтпеген жағдайларға тап болған. Бірақ бұл жолы қиындық емес, адамдардың мейірімділігі оны таңғалдырды.
Саяхатшы тасжол бойында картасын қарап тоқтап тұрған кезде, жанынан өтіп бара жатқан әйел көлігін тоқтатып, жағдайының жақсы екенін сұраған.
Онымен мұндай жағдай бірнеше рет қайталаныпты. Жүргізушілер велосипедінің бұзылмағанын, қандай да бір көмек қажет емес пе екенін сұрап отырған.
Ал бір көлік жүргізушісі жол үстінде оған ыстық манты ұсынып, тамақтандырып кеткен.
Владты ерекше әсерге бөлеген тағы бір жағдай әлеуметтік желі арқылы болған. Павлодар тұрғыны Instagram арқылы саяхатшыға өзі хабарласып, қалаға жеткен кезде күтіп алып, тамақтандырып, қонатын орын беруге дайын екенін айтқан.
«Бұл жүрегімнің түбіне дейін әсер етті. Адамдардың осындай шынайы әрі мейірімді қарым-қатынасына үйренбеген екенмін», — дейді саяхатшы.
Арманы үшін жұмысын тастаған
Влад бұл сапарға жай ғана демалу немесе қызық үшін шықпаған. Ол үлкен арманының соңынан еріп, жұмысын тастап, велосипедпен құрлықтарды кесіп өтуді шешкен.
Жоспар бойынша сапар шамамен 10–12 айға созылады.
Велосаяхатшы жолға көктемде шыққан. Мамыр айында Қытай аумағын жүріп өтіп, онда шамамен бір ай болған. Кейін бағытын Қазақстанға бұрған.
Алайда дәл Қазақстандағы сапары саяхатшы үшін ерекше эмоциялық кезеңге айналған.
22 мың шақырымдық жолдың соңы — Кейптаун
Владтың негізгі мақсаты — жолдың басым бөлігін велосипедпен жүріп өту. Тек кейбір шекара бекеттерінің талаптарына байланысты көліктің басқа түрін пайдалануға тура келуі мүмкін.
Сапардың соңғы нүктесі ретінде ол Оңтүстік Африка Республикасындағы Кейптаун қаласын таңдаған.
Влад алда әлі талай мемлекет, мыңдаған шақырым жол және түрлі сынақ күтіп тұрғанын жақсы түсінеді.
Сондықтан жағдай күрт өзгерсе, бағытын өзгертуге немесе сапарын тоқтатып, үйіне қайтуға да дайын екенін жасырмайды.
Әзірге оның сапарды жалғастыруға деген жігерін арттырып тұрған нәрсенің бірі — Қазақстанда кездескен адамдардың ықыласы.
Мыңдаған шақырымды жалғыз велосипедпен жүріп өтіп жатқан саяхатшы үшін жол үстінде ұсынылған бір табақ ыстық манты, бейтаныс адамның «көмек керек пе?» деген бір ауыз сөзі немесе тегін қонатын орын ұсынуы қарапайым әрекет болып көрінбеуі мүмкін.
Владтың Қазақстан туралы әсеріне қарағанда, кейде тұтас бір ел туралы пікір қалыптастыру үшін үлкен жарнамалық науқанның қажеті жоқ. Жол бойындағы бір адамның адамгершілігі де жеткілікті.