Мұғалім өз ақшасына қағаз бен маркер сатып алуға, жұмыс аяқталғаннан кейін ата-аналардың хабарламасына жауап беруге және лауазымдық міндетіне кірмейтін шаруаны тегін атқаруға тиіс пе? Аружан Махмұттың әлеуметтік желіде жариялаған ұсынысы педагогтер арасында қызу қолдау тапты деп жазады Democrat.kz.
Жазба авторы депутат болған жағдайда мұғалімге қосымша міндет жүктейтін әрекеттерге заңмен тыйым салатынын айтты.
«Депутат болсам, мұғалімдерге тыйым салатын мынадай бірнеше заң жобасын ұсынар едім», — деп жазған ол алты ұсынысын жариялады.
Аружан Махмұт мұғалімдерге:
-
сабаққа қажетті көрнекіліктерді өз қаражатына дайындауға;
-
жұмыс уақытынан тыс еңбек етуге;
-
жұмыстан кейін ата-аналармен байланысуға;
-
ата-аналармен жеке байланыс құралдары арқылы сөйлесуге;
-
әлеуметтік желіде мұғалімнің беделіне нұқсан келтіретін контент жариялауға;
-
лауазымдық міндетіне кірмейтін жұмыстарды ақысыз атқаруға тыйым салуды ұсынды.
Ұсыныстың сыртқы сипаты «мұғалімге тыйым салу» болып көрінгенімен, оның негізгі мақсаты — педагогті мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың шектен тыс талабынан қорғау.
Қағаздан принтерге дейін: мұғалім тағы не сатып алады?
Жазба астындағы пікірлер педагогтердің күнделікті тұрмыстық мәселесін ашып көрсетті. Мұғалімдердің бірі мектеп тарапынан берілуге тиіс заттардың ұзын тізімін жариялаған.
«Әр мұғалімге жақсы ноутбук, әдемі жазатын бор, қағаз — көп қағаз, бір қорап қалам, жақсы принтер, сырғыштар жиынтығы, жұмсақ жазатын қара қалам, ұштағыш, желім, степлер, жібек жіп пен біз, скотч керек. Керамикалық, пластик гүлді есіріп дайындап қойдым. Дәліздердегі гүлдерге циркон керек деген список жазып кетсем, бәрі керек», — деп жазды пікір иесі.
Бұл бір адамның әзілге құрылған тізімі болғанымен, оның астарында күрделі мәселе жатыр. Мұғалім сабаққа қажетті қағазды, маркерді, көрнекілікті немесе принтер бояуын жеке ақшасына сатып алса, мектептің материалдық қамтамасыз етілуіне бөлінген қаражат қайда жұмсалады?
Қолданыстағы заң педагогке тауарлар мен қызметтерді сатып алу міндетін күштеп жүктеуге тыйым салады. «Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабына сәйкес мұғалімді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмысқа тартуға, заңда көзделмеген есеп талап етуге және қандай да бір тауар сатып алуға міндеттеуге болмайды. Мұндай фактілер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл талапты Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті де түсіндірген.
Алайда заңдағы «сатып алуға міндеттеу» мен мұғалімнің қажетті затты амалсыздан өз еркімен алуының арасы көмескі. Әкімшілік «сатып ал» деп бұйрық бермеуі мүмкін. Бірақ мектепте қағаз бен маркер болмаса, сабақ өткізгісі келген мұғалім оны бәрібір өзі алады.
Мұғалімнің жұмыс күні қоңыраумен бітпейді
Ұсыныстың ең көп қолдау тапқан тармағы — жұмыстан кейін ата-аналармен байланысуға шектеу қою.
Бүгінде сынып жетекшісінің телефонында бірнеше ата-ана чаты болуы мүмкін. Сабақ аяқталғанымен, мессенджердегі жұмыс кешке, кейде түнге дейін жалғасады. Бір пікір иесі мұғалім ата-аналармен жеке нөмір арқылы емес, тек ресми пошта немесе арнайы платформа арқылы байланысуы керек екенін жазған.
«Поштамен ғана байланысқа шығатын қылыңдаршы. Әйтпесе контактілерім туыстарымнан көп болып кетті», — деді мұғалімдердің бірі.
Қолданыстағы нормалар сынып жетекшісі мен пән мұғалімінің ата-анамен өзара іс-қимыл жасауын міндетінің бір бөлігі ретінде қарастырады. Бірақ педагогтің жеке телефон нөмірін беруге немесе тәулік бойы хабарламаға жауап беруге міндетті екені туралы жалпы талап жоқ. Ресми қағидаларда ата-анамен байланыс лауазымдық міндет аясында жүргізілетіні көрсетілген.
Демек, мәселе ата-анамен байланысудан бас тартуда емес. Мәселе — оның арнасы мен уақытын нақты белгілеуде. Мектептің ресми нөмірі, бірыңғай электрондық платформа және қабылдау сағаты болса, мұғалімнің жеке өмірі мен жұмысының арасына шекара қоюға мүмкіндік туады.
Тегін үстеме жұмысқа заң қазір де рұқсат бермейді
«Жұмыс уақытынан тыс еңбек етуге тыйым салу» ұсынысы да іс жүзінде жаңа талап емес.
Еңбек кодексінің 77-бабына сәйкес, ерекше жағдайларды есептемегенде, жұмыскерді үстеме жұмысқа оның жазбаша келісімімен ғана тартуға болады. Яғни мектеп әкімшілігі мұғалімді сабақтан кейін тұрақты түрде қалуға ауызша мәжбүрлемеуі керек. Бұл талап Еңбек кодексінде бекітілген.
Бірақ педагогтің жұмысы тек өткізілген сабақ сағатынан тұрмайды. Сабаққа дайындалу, дәптер тексеру, жоспар құру және оқушымен жеке жұмыс жүргізу де кәсіби міндетке жатады. Сондықтан қандай жұмыс үстеме еңбек, ал қайсысы негізгі міндет екенін еңбек шарты мен лауазымдық нұсқаулықта анық көрсету қажет.
Әйтпесе әкімшілік кез келген қосымша тапсырманы «мұғалімнің міндеті» деп, ал педагог кез келген жұмысты «ақысыз жүк» деп қабылдайтын қайшылық сақтала береді.
«1–5-сыныптың жетекшісіне көмекші керек»
Пікір білдірушілер бастауыш сыныптардағы жүктемені азайту үшін сынып жетекшісіне көмекші маман беруді ұсынды.
«Сынып жетекшісінің қасына көмекші маман берсе екен. 1–5-сыныпқа ең болмағанда», — деп жазды мұғалімдердің бірі.
Тағы бір қолданушы мұғалімге классикалық қатаң киім талабын жеңілдетіп, жинақы әрі ыңғайлы киім үлгісіне рұқсат беруді ұсынды.
Бұл ұсыныстар педагогтің еңбегін тек сабақ сағатымен өлшеуге болмайтынын көрсетеді. Әсіресе бастауыш сынып мұғалімі оқыту жұмысымен бірге баланың қауіпсіздігі, тәртібі, тамақтануы және ата-анамен байланыс секілді бірнеше міндетті қатар атқарады.
Мұғалімнің әлеуметтік желісіне тағы бір шектеу керек пе?
Жазбадағы бесінші ұсыныс өзгелерінен ерекшеленеді. Алғашқы тармақтар мұғалімнің еңбек құқығын қорғауға бағытталса, «беделге нұқсан келтіретін контент жариялауға тыйым салу» педагогтің өзіне жаңа шектеу енгізуді көздейді.
Қазақстанда педагогикалық әдеп нормалары қазірдің өзінде бар. Педагог атағының беделін түсіретін әрекеттерге қатысты мәселелерді әдеп жөніндегі кеңестер қарайды. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің мәліметінде осындай әрекеттер әдеп нормасын бұзу ретінде тіркелетіні көрсетілген.
Алайда «мұғалім имиджіне нұқсан келтіретін контент» деген ұғым нақты жазылмаса, ол педагогтің жеке пікірі мен заңды сынын шектеу құралына айналуы мүмкін. Мұғалім мектептегі мәселені ашық айтса, бұл беделге нұқсан келтіру ме, әлде қоғамдық маңызы бар ақпарат па? Мұндай шектеуге құқықтық өлшем керек.
Жаңа заңнан бұрын қолданыстағы заң орындалсын
Желіде айтылған алты ұсыныстың кемінде үшеуі қолданыстағы заңнамада белгілі бір деңгейде бар. Мұғалімді бөтен жұмысқа жегуге, тауар сатып алуға міндеттеуге және келісімінсіз үстеме жұмысқа тартуға болмайды.
Демек, негізгі мәселе тек жаңа заң қабылдауда емес. Бар заңның мектеп ішінде орындалуында.
Педагогтерге қажетті құралдарды мектеп беруі, ата-анамен байланыстың ресми уақыты белгіленуі, жеке телефонның орнына ортақ платформа қолданылуы және әр қосымша жұмысқа ақы төленуі керек. Осындай нақты тетік болмаса, «педагог мәртебесі» қағазда қалады да, мұғалім маркерін өзі сатып алып, ата-ананың түнгі хабарламасына жауап беруді жалғастыра береді.