"Сенбеймін" деген Асылы Осман дінге қатысты сұмдық пікір білдірді

"Сенбеймін" деген Асылы Осман дінге қатысты сұмдық пікір білдірді

Филология ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Асылы Осман дінді терең меңгермей тұрып уағыз айту қоғамды адастыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, шынайы имандылық сыртқы көріністен емес, жүрек тазалығы, терең білім және отбасындағы тәрбиеден басталады. Асылы Осман бұл туралы Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында айтты деп жазады Democrat.kz.

«Өзі жетік білмеген адам өзгеге дұрыс жеткізе алмайды»

Асылы Осман діни тақырыпта сөз сөйлейтін адамдардың біліміне талап жоғары болуы керектігін айтты. Оның ойынша, діни ұғымдарды үстірт меңгерген адамның насихаты да толыққанды бола алмайды.

«Дінді насихаттап, уағыз айтып жүргендердің өзі дінді терең білмейді. Себебі кез келген нәрсені өзі жетік білген адам ғана өзгеге дұрыс жеткізе алады. Ал білімі шала адамның өзгеге айтқаны да шала болады», — деді ол.

Ғалым дінді сыртқы сипаттар мен ұрандарға теліп қоюға болмайтынын атап өтті. Ол имандылықтың негізгі өлшемі адамның ішкі дүниесі мен іс-әрекетінен көрінуі керек деп есептейді.

«Дін деген — әркімнің өз жүрегінде болуы тиіс ұғым. Абай айтқандай, жүрек тазалығына ешнәрсе жетпейді. Ғылымды да, білім мен тілді де саралап қарасақ, бәрі айналып келгенде жүрекке тіреледі», — деді Асылы Осман.

Ол хадистегі жүрек тазалығы туралы сөзді де мысалға келтірді.

«Хадисте де: “Адамның бойында жұдырықтай ет бар, ол — жүрек. Егер ол таза болса, бүкіл дене таза болады” делінген. Сол сияқты ішкі тазалыққа ешнәрсе жетпейді», — деді қоғам қайраткері.

«Тазалық қоршаған ортамен шектелмеуі керек»

Асылы Осман Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын да ішкі мәдениетпен байланыстырды. Бұл — бастаманың ресми түсіндірмесі емес, ғалымның жеке пайымы.

«Мемлекет басшысының “Таза Қазақстан” бастамасы да тек қоршаған ортаны емес, ең алдымен жан дүниемізді тазалауды меңзейді. Кез келген істі саналы түрде жасасақ, сонда ғана саналы қоғам қалыптасады», — деді ол.

Ғалым білімді игеруде адамның ниеті мен ықыласы ерекше рөл атқаратынын айтты.

«Білім адам бойына екі түрлі жолмен дариды: бірі — құлақпен естіп, ұғу арқылы, екіншісі — жүректегі ниет пен ықылас арқылы. Абайдың жүректі бірінші орынға қоятыны да сондықтан. Жүрегіміз таза болып, әр нәрсені жүрекпен қабылдасақ, ақ ниетімізден айнымаймыз», — деді Асылы Осман.

Ол қазақ халқының кеңпейілдігі мен түрлі этнос өкілдеріне құрметін де жүрек тазалығының көрінісі ретінде бағалады.

«Бабаларымыздың ақ пейілі мен ниетінің түзулігі үшін Құдай осы кең-байтақ жерді беріп, қаншама ұлтты сыйғызып отыр. Бүгінде де ниетіміз таза әрі адал болса, бәріне орын табылады», — деді тіл жанашыры.

«Бір-екі ай оқумен терең діни білім қалыптаспайды»

Асылы Осман қазіргі діни насихаттың деңгейіне көңілі толмайтынын жасырмады. Оның айтуынша, кейбір адамдар діни мәселелерді жете түсінбей тұрып, өзгелерге жөн көрсетуге тырысады.

«Ал біздегі кейбір діндарларға келсек... Біреулер тойғаннан, біреулер тоңғаннан секіреді. Ал кейбіреулер білмегендіктен адасып жүр. Тек терең білімі бар адам ғана ақиқатты дұрыс жеткізе алады», — деді ол.

Ғалымның пікірінше, Қазақстандағы дінді түсіндіру жұмысы әлі де жетілдіруді қажет етеді.

«Шын мәнінде, бізде дінді түсіндіру деңгейі әлі де тиісті дәрежеде емес. “Анау шетелде оқып келіпті, мынау басқа жақтан білім алыпты” дегенге сенбеймін», — деді Асылы Осман.

Ол діни білім алған адам өзі өмір сүретін елдің тарихын, дәстүрін және мәдени ортасын да терең білуі керек деп санайды.

«Адам ең алдымен өзі өскен топырақтың, өз елінің дінін, әдет-ғұрпы мен салтын білуі керек. Сол құндылықтар арқылы бағыт беруі тиіс. Шын мәнінде, дін — әркімнің өз жүрегінде», — деді қоғам қайраткері.

Асылы Осман қысқа мерзімді курстар мен әр жерден үзіп алынған білім адамды білікті дін маманына айналдырмайтынын айтты.

«Биыл бір жерде, ертең өзге жерде бір-екі ай оқығаннан қандай терең діни білім алуға болады? Имандылық пен шынайы дін — ең алдымен отбасында берілген дұрыс тәрбиеден басталады», — деді ол.

Барлық жаңалықтар