13 қарашада Жезқазған қаласында Ұлытау облысының жаңа орталық мешіті салтанатты түрде ашылды. 3 мыңға дейін адамға арналған бұл ірі рухани нысанның құрылысы «Қазақмыс» корпорациясының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды деп жазады Democrat.kz.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Байқау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, корпорация басқармасының төрағасы Руслан Өскенәлі, Ұлытау облысының құрметті азаматтары, ақсақалдар және мердігер ұйым өкілдері қатысты.
Мешіт құрылысы 2025 жылы басталған. Сол жылдың шілде айында Қазақстанның Бас мүфтиінің қатысуымен іргетасына алғашқы тас қалау рәсімі өтті. Жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, ал бас мердігері – «Integra Construction» ЖШС. ҚМДБ Президиумының шешімімен жаңа ғибадатханаға «Ұлытау облысының орталық мешіті» атауы берілді.
Жаңа мешіт Жезқазған қаласының орталық бөлігінде орналасқан. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы шамамен 3 800 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар жоба аясында мешіт аумағындағы 4 855 шаршы метр жерді көгалдандыру көзделген.
Мешіт тұрғындар үшін құлшылық ететін, діни-ағартушылық іс-шаралар өткізілетін және рухани қарым-қатынас орнататын маңызды орталыққа айналмақ.
«Бүгін – Ұлытау облысының рухани өміріндегі ерекше әрі тарихи күн. Халқымыздың тарихының алтын бесігі саналатын қасиетті Ұлытау жерінде жаңа мешіттің бой көтеруі – имандылыққа, ізгілікке және рухани құндылықтарға деген құрметтің айқын көрінісі», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Орталық мешіттің ашылуы «Қазақмыс» корпорациясының қаржылық қолдауымен жүзеге асқан маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болды.
«Бүгін біз халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін, ұрпақтар сабақтастығын, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін жаңа рухани орталықтың есігін айқара ашып отырмыз», – деп атап өтті «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Байқау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға қолайлы қалалық орта қалыптастыру – корпорация қызмет ететін өңірлердегі басым бағыттардың бірі.
Ұлытау облысының әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Қазақмыс» бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қатысып келеді.
Атап айтқанда, Жезқазғанда жаңа мешіттің жанында орналасқан Кеңгір су қоймасының жағалауын қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, «Жастар» саябағын абаттандыру, С. Қожамқұлов атындағы театрды күрделі жөндеу және «Намыс» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясын салу жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ Ұлытау университетінің құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта оқу орнының жатақхана ғимаратын салу жұмыстары да соңғы кезеңге жеткен.
Сәтбаев қаласында Шахтер даңқы алаңын қайта жаңарту және қалалық ауруханаға жаңа травматология бөлімшесіне арналған қосымша ғимарат салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.
«Ұлытау облысының дамуы біз үшін айрықша маңызға ие. Өндірісті жаңғырта отырып, біз компаниямыздың басты қағидатын – халық игілігі үшін қызмет етуді әрдайым басшылыққа аламыз», – деді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқармасының төрағасы Руслан Өскенәлі.
2027 жылы өңірде жаңа әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Олардың қатарында көпфункционалды конгресс-орталық, футбол стадионы және заманауи теннис орталығы бар.
Аталған жобалар қалалық ортаны дамытуға, білім беру, спорт және мәдени демалыс мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
«Қазақмыс» корпорациясы өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына ұзақ мерзімді үлес қосатын бастамаларды қолдауды жалғастырады.