Қазақстандық мұғалім әлеуметтік желіде мектептен келетін тапсырмалардың көптігін әжуалап, әріптестері мен ата-аналардың қызу талқысына түсті. Бір мезгілде психологке ақпарат, тәрбие жұмысына есеп, электрондық жүйелерге мәлімет, оқушылардың сабаққа қатысуы туралы хабарлама және түрлі жобаларға қатысу талабы түсетіні айтылған. Жазба астында педагогтер тапсырмаларды орындаудан сабақ беруге уақыт қалмай бара жатқанын жеткізді. Ал кейбірі мұндай талаптардың мұғалімдерге жоғарыдан жүктелетінін еске салды, деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісінде мектеп мұғалімдерінің күнделікті жұмыс жүктемесіне қатысты жарияланған жазба қызу талқыланып жатыр.
Жазба авторы мектептің ортақ чатында бірінен соң бірі келетін тапсырмаларды тізіп, мұғалімнің жұмыс күні қалай өтетінін әзілмен сипаттаған.
Оның айтуынша, педагогтерден тек сабақ өткізу ғана емес, көптеген қосымша жұмысты қатар орындау талап етіледі.
«Дәл қазір мектептің чатында психолог пен тәрбие жағаласып жарысып жазып отыр. Біреуі Балажанды 2-тоқсанға көшір, 2-сі кітап оқитын ұлтқа пікір қалдыр деп. Сабақ өтіп жатқаның маңызды емес...кітапханашы Алақанға штрих код енгіз деп қылқылдап отыр, медик оқушыларға прививкаға рұқсат қағазын толтырып әкел деп....человек-паук болып туылу керек пе еді....айтыңдаршы», – деп жазған автор.
Жарияланым көпшілікке таныс жағдайды сипаттағандықтан, оқырмандар өз тәжірибелерімен бөлісе бастаған.
«Сегіз аяқ болып туу керек»
Жазба астындағы ең қысқа әрі көпшілік назарын аударған пікірлердің бірі:
«Сегіз аяқ болып туылу керек», – деген сөз болды.
Тағы бір педагог:
«Тез-тез орындалуы керек дегені бар сенің не істеп жатқаныңды қызықтырмай», – деп жазған.
Оқырмандардың айтуынша, мектепте түрлі тапсырмалар бір уақытта келіп түседі. Ал олардың орындалу мерзімі көбіне қысқа болады.
Мұндай жағдайда мұғалім өзінің негізгі жұмысын уақытша тоқтатып, тапсырмаларды орындауға мәжбүр болатынын айтқандар бар.
«Бірінші сабақта кімнің оқушысы келмегенін жазыңдар дейді»
Пікір білдірген тағы бір мұғалім мектеп чатындағы таңертеңгі тапсырмаларды еске алған.
«Кімнің оқушысы сабаққа келмеді, себебін жазыңдар чатқа деген бар еш бірінші сабақта», – деп жазған ол.
Оған қоса кей педагогтер электрондық жүйелерге мәлімет енгізу тапсырмаларының көптігін айтқан.
Бір оқырман:
«Кімнің паролі қандай, қай жерге жазып қойып едік деп ақтармаған жерім жоқ», – деп жазған.
Бұл пікір электрондық платформалардың көптігі мұғалімдердің уақытын алатыны туралы бұрыннан айтылып жүрген мәселемен сабақтасады.
«Мұғалімдерді де түсініңіздер, тапсырма жоғарыдан келеді»
Пікірталасқа қатысқан оқырмандардың бірі барлық жауапкершілікті мұғалімдерге артуға болмайтынын жеткізген.
Оның айтуынша, мектеп қызметкерлері мұндай тапсырмаларды өз бастамасымен бермейді.
«Завучтардан да толтыруын талап етіп, қатты қадағалап отырады. Сондықтан амал жоқ, жүйе өзгермесе солай жалғаса береді де», – деп жазған ол.
Тағы бір пікірде ата-аналарға да мұғалімдердің жағдайын түсіну қажеттігі айтылған.
«И еще анау жақтан ата аналар, кейбір пән мұғалімдері анау оқушыңыз шулайды, мені тыңдамайды, дәптерін, кітабын әкелмейді деп саған шағым айтқанда, нервің шығып кетеді», – деп жазған оқырман.
Осылайша, мұғалімнің бір күндік жұмысы сабақ өткізумен ғана шектелмейтіні тағы да сөз болды.
«Кітап оқы, пікір жаз, жүйеге тіркел...»
Жарияланымға пікір білдірушілер мұғалімдердің түрлі жобаларға қатысуына қатысты да наразылықтарын жеткізген.
«Еще кітап оқитын ұлтқа сыныпаралық сайыс ұйымдастырыпты қайсысына үлгерсек екен», – деп жазған бір педагог.
Басқа оқырман:
«Бүгін емхана деген портал қосылды», – деп тағы бір жүйенің пайда болғанын хабарлаған.
Тағы бір пікірде мектептердегі электрондық жүйелердің саны көбейіп бара жатқаны айтылған.
Педагогтердің сөзінше, Балажан, Алақан, ЕduTest және басқа да платформаларға мәлімет енгізу олардың уақытын алады.
Бірақ бұл жүйелердің бәрі барлық мектепте міндетті түрде қолданылатыны туралы нақты мәлімет жоқ.
«Білім беруге мүмкіндік бермейді»
Пікірлер арасында мұғалімнің басты міндеті сабақ беру екенін еске салғандар да бар.
«Сол, қазіргі білімнің ашық көрінісі, кімге керек, бәрін тоқтатып тек білім беру керек, әйтпесе бұның бәрі бизнес! Баланы ойласа білім бергіз, мұғалімге кедергі жасама!!» – деп жазған оқырман.
Басқа пікірде мұндай тапсырмалар оқушыларға бөлінетін уақытқа әсер ететіні айтылған.
Пікірталастың негізгі түйіні де осы.
Мұғалім бір мезгілде бірнеше электрондық жүйені толтырып, тәрбие жұмысына қатысты есеп беріп, ата-аналардың сауалына жауап беріп, оқушылардың сабаққа қатысуын қадағалауы керек.
Ал осы жұмыстардың арасында сабаққа дайындалу мен сапалы білім беру мәселесі де тұр.
Әлеуметтік желідегі жазба осы қайшылықты әзілмен жеткізгенімен, пікір қалдырған педагогтер үшін бұл күнделікті жұмыс тәжірибесі екені байқалады.