Продюсер Баян Алагөзованың үлкен қызы Айсәуле Бақытбек қазақ мектебінде оқыған жылдарын еске алып, бала кезінде ана тілін білмегені үшін сыныптасынан ауыр сөз естігенін айтты. Орыс тілді отбасында өскен ол қазақ сыныбында білім алудың оңай болмағанын жасырмады. Тіпті «Абай жолын» түсіну үшін әжесінің көмегіне жүгінген. Соған қарамастан, Айсәуле ата-аналарға балаларын қазақ мектебіне беруге кеңес берді, деп жазады Democrat.kz.
Баян Алагөзованың үлкен қызы Айсәуле Бақытбек режиссер Қанат Бейсекеевке берген сұхбатында қазақ мектебінде білім алған жылдары туралы әңгімеледі.
Ол орыс тілді отбасында өскеніне қарамастан, қазақ сыныбына барғанын, алайда алғашқы жылдары тіл білмеудің қиындығын көп көргенін айтты.
Айсәуленің сөзінше, оған орысша сөйлейтін ата-аналар балаларын қазақ мектебіне бергені дұрыс па деген сұрақты жиі қояды.
«Меніңше, отбасында орысша сөйлейтін адамдар баласын қазақ сыныбына берген дұрыс па, жоқ па деп жиі ойланады. Себебі маған бұл сұрақты көп қояды. Менің анам орыс тілді, бірақ қазір қазақша сөйлеуге тырысады. Оның үстіне, қазақшасы жаман емес. Өзім де қазақ сыныбына барған кезде орыс тілді едім. Сыныптастарымның арасында қазақша ең нашар сөйлейтін оқушы болдым. Тіпті бірінші сыныптағы алғашқы қоңырау кезінде бір сыныптасым: «Өз тіліңді білмесең, сенен дұрыс адам шықпайды», – деген еді», – деді ол.
Бірінші сыныпта естіген осы сөз Айсәуленің есінде сақталып қалған.
Алайда тіл білмеудің қиындығы тек сыныптастарымен қарым-қатынаста ғана байқалмаған. Қазақша толық түсінбегендіктен, өзге пәндерді меңгеру де оңайға соқпаған.
Мәселен, ағылшын тілі сабағында мұғалім жаңа сөздер мен ережелерді қазақша түсіндірген. Ал Айсәуле қазақ тілін әлі толық меңгермегендіктен, ағылшын тілін үйрену оған екі есе қиын болған.
Соған қарамастан, ол орыс сыныбына ауысқысы келмеген.
«Әжем болмағанда мектепті қалай бітірер едім, білмеймін»
Айсәуле мектептегі қиындықтарды еңсеруге әжесінің ерекше көмектескенін айтты.
Оның сөзінше, әжесі жоғары сыныптарға дейін үй тапсырмаларын орындауға жәрдемдескен.
Әсіресе қазақ әдебиетіндегі күрделі шығармаларды түсіндіріп, түсініксіз сөздер мен сөйлемдерді орысшаға аударып отырған.
Тіпті Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқыған кезде әр сөйлемнің мағынасын жеке-жеке түсіндірген.
«Әжем болмағанда мектепті қалай бітірер едім, білмеймін», – деді Айсәуле.
Осылайша, қазақ тілін толық білмей мектепке барған қыздың білім алуына отбасындағы қолдау үлкен әсер еткен.
«Маған қиын болды, бірақ соған тұрарлық»
Айсәуле Бақытбек қазақ мектебінде білім алғанына еш өкінбейтінін жеткізді.
Керісінше, бала кезінде көрген қиындықтарына қарамастан, қазақ сыныбында оқуды дұрыс таңдау деп есептейді.
«Меніңше, бәрібір баланы қазақ сыныбына берген жөн. Маған қиын болды, бірақ соған тұрарлық», – деді ол.
Айсәуленің бұл пікірі орыс тілді отбасыларда өсіп жатқан балалардың қай тілде білім алуы керектігі туралы мәселеге қатысты айтылды.
Өз тәжірибесін мысалға келтірген ол қазақ тілін білмей мектепке барудың қиындықтары болғанымен, сол қиындықтардың қазақша білім алуына кедергі болмағанын жеткізді.
Ал ана тілін білмегені үшін бірінші сыныпта естіген ауыр сөзі мен «Абай жолын» әжесінің көмегімен оқыған күндері әлі күнге дейін есінде.