Әлеуметтік желіде мұғалімнің еңбекақысын маникюр, массаж және макияж қызметтерінің бағасымен салыстырған жазба қызу талқыланды. Автор жас педагогтің айлық табысын жұмыс уақытына бөліп, оның еңбегі неге төмен бағаланатынын сұрады. Пікірталасқа мұғалімдермен қатар дәрігерлер, басқа сала мамандары да араласып, бір сағаттық еңбектерінің қанша тұратынын есептеп шықты. Әсіресе сынып жетекшісінің әр оқушыға бөлген уақыты үшін қанша ақы алатыны көпшілікті таңғалдырды, деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісінде осылай басталған жазба мұғалімдердің жалақысы мен еңбегінің құны туралы пікірталас туғызды.
Жазба авторы күнделікті тұрмыста пайдаланатын қызметтердің бағасын мысалға келтіріп, ұстаздардың табысымен салыстырған.
«1 сағат массажға 7 000 теңге төлейміз.
1 сағат маникюрге 7 000 теңге төлейміз.
1 сағат макияжға 10 000 теңге төлейміз.
Және бұл бағаларға таңғалмаймыз. Себебі әр маманның уақыты, білімі мен еңбегі бағалануы керек екенін түсінеміз.
Ал жас мұғалімнің 200 000 теңге айлығын жұмыс сағатына бөлсек, шамамен 3125 теңгеден келеді», – деп жазған ол.
Автор әртүрлі кәсіптің қызмет құнын тікелей салыстыру дұрыс емес екенін де мойындаған.
Алайда оның көтерген мәселесі басқа.
«Біз бір сағаттық қызметтің құнын түсінетін қоғамбыз», – деп жазған ол.
«24 баланың әрқайсысына күніне 20 теңгеден келеді»
Жарияланым астында пікір білдірген мұғалімдердің бірі сынып жетекшілігі үшін алатын ақысын есептеп көрсеткен.
Оның айтуынша, бұл міндетке ай сайын шамамен 10 мың теңге төленеді.
«Сынып жетекшіліктің ақысы мүлдем миға қонымсыз есептелген. 10000 тг : 20( жұмыс күні)= 500 тг:25( оқушы)=20 тг Сонда күнделікті әрбір оқушы үшін 20 теңге аламыз. Ол 20 тг қалтамыздан түсіп қалады ғой», – деп жазған педагог.
Бұл есеп — мұғалімнің сынып жетекшілігіне төленетін қосымша ақыны жұмыс күндері мен оқушы санына бөліп жасаған салыстыруы.
Ал сынып жетекшісінің атқаратын міндеті оқушылардың сабаққа қатысуын бақылаумен шектелмейді.
Ата-аналармен байланыс, тәрбие сағаттары, мектептегі түрлі іс-шаралар, оқушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеу және қосымша ұйымдастыру жұмыстары да осы міндетке кіреді.
Пікірталаста педагогтер мұндай жұмыстың сабақтан тыс уақытта да жалғасатынын айтқан.
«Күніне 2500 теңгені қағазға жұмсаймыз»
Мұғалімдердің бірі сабаққа қажетті материалдарды басып шығаруға жұмсалатын шығынды есептеген.
«Әр сабаққа кемі 10 бет қағаз шығарамыз. 1 бет шығару 50тг. Сонда 10*50=500 тг бір сабаққа кетеді. 1 күнде кемі 5 сабақ өткізсек 500*5=2500 тг. Күніге -2500 тг
Бұл тек сабақтың қағаздары одан басқа қанша қырғын қағаз бар», – деп жазған ол.
Педагогтің есебіне сәйкес, бір күнде бес сабаққа әзірленетін қағаз материалдарының құны 2500 теңгеге жетеді.
Бұл сома нақты мұғалімнің материалды қандай бағамен және қанша көлемде басып шығаратынына байланысты өзгеруі мүмкін.
Дегенмен пікір авторы сабаққа қажет көрнекіліктер мен қағаз материалдарын дайындау педагогтің жеке шығынына айналатынына назар аударған.
Тағы бір оқырман:
«Еш үйде сабаққа дайындалған, отчетқа кеткен уақытты қосса вообще», – деп жазған.
Яғни мұғалімдердің пікірінше, тек сабақ кестесіндегі сағаттарды есептеу олардың нақты жұмыс уақытын толық көрсетпейді.
«Дәрігердің бір сағаты – 1476 теңге»
Жарияланымға медицина қызметкерлері де үн қосқан.
Бір дәрігер жұмысын енді бастаған маманның айлық табысын есептеп көрсеткен.
Оның келтірген мәліметі бойынша, бір мөлшерлемемен жұмыс істейтін жас дәрігердің негізгі айлығы 257 831 теңге, ал 10 пайыздық үстемеақысы 25 783 теңге.
Міндетті төлемдер ұсталғаннан кейінгі табысын жұмыс сағаттарына бөлгенде, ол бір сағатқа шамамен 1476 теңге келетінін жазған.
Басқа оқырман:
«Дәрігердің 1 сағаттық қызмет құны 1700-1800тг...» – деп пікір қалдырған.
Осылайша, мұғалім еңбегінің құны туралы басталған әңгіме дәрігерлердің табысына қатысты да талқылауға ұласқан.
«Маникюр шеберінің де шығынын ұмытпаңыздар»
Алайда жарияланымдағы салыстырумен келіспегендер де болды.
Бір оқырман маникюр қызметінің бағасын шебердің таза табысымен шатастыруға болмайтынын ескерткен.
«Әй ол маникюрден сізден шығатын ақшаны есептемесеңізші, қалтасына түсетінді неге есептемейсіздер? Аппаратты, арендасы, персоналды, комуслуга», – деп жазған ол.
Оның пікірінше, қызмет бағасына құрал-жабдық, ғимаратты жалдау, коммуналдық төлемдер және өзге де шығындар кіреді.
Ал тағы бір оқырман:
«Ал жұмысқа тұрған адам дымсыз келеді, тек уақытын береді, опыт алады, білім алады, өседі, өнеді», – деген пікір білдірген.
Бұл сөздер де жауапсыз қалмаған.
Бір желі қолданушысы мәселе маникюрдің қымбаттығында емес, мұғалімнің еңбегі лайықты бағаланбауында екенін атап өткен.
«Ал бір адамның болашағына жұмсалған мыңдаған сағаттың құнын түсініп жүрміз бе?
Мәселе маникюрдің қымбаттығында емес.
Мәселе — ұстаз еңбегінің лайықты бағалануында», – деп жазған ол.
«Неге мұғалімнің жұмысы 24 сағатқа созылады?»
Пікірлер арасында мұғалімдердің күнделікті міндеттері туралы да сөз қозғалды.
Бір педагог сынып жетекшісінің атқаратын жұмыстарын тізіп шыққан.
«Неше жылдан оқимыз атқаратын міндеті көп, төленетін айлығы аз
Ктп, қмж, тәрбие сағаты, ата аналарға педагогикалық қолдау жиналыс, олимпиада, жоба, іс шара, дарынды оқушымен жұмыс, үлгерімі төмен оқушымен жұмыс, оқушы арасындағы конфликтті шешу, ата анамен сөйлесу, тәрбие сағатын 24 оқушыға өткізу 1 мұғалім болып, былай қарасаң тәрбие беретін ата-анасы бар үйінде
24/7почти жұмыс», – деп жазған ол.
Автор мұғалімдердің жұмысы тек сабақпен аяқталмайтынын, түрлі құжаттарды дайындау мен ата-аналармен байланыстың көп уақыт алатынын айтқан.
Ал тағы бір оқырман педагог мамандығын таңдаған адамдардың бұл жұмыстың ерекшелігін алдын ала білетінін алға тартқан.
Осылайша, талқылауда мұғалімнің кәсіби жауапкершілігі мен оның еңбегіне төленетін ақының арақатынасы туралы екі түрлі көзқарас көрінді.
Ұстаз еңбегінің құны немен өлшенеді?
Әлеуметтік желідегі пікірталас бір қарапайым есептен басталды.
Массаждың бір сағаты — 7000 теңге.
Маникюрдің бір сағаты — 7000 теңге.
Макияждың бір сағаты — 10 000 теңге.
Ал айына 200 мың теңге алатын жас мұғалімнің жұмыс сағаты автордың есебінде 3125 теңге болып шыққан.
Дегенмен бұл сомаларды бірдей экономикалық көрсеткіш деп қабылдауға болмайды. Қызметтің сатылатын бағасы мен жалдамалы қызметкердің еңбекақысы әртүрлі негізде қалыптасады.
Мұғалімнің де табысы жұмыс жүктемесіне, біліктілік санатына, еңбек өтіліне және қосымша төлемдерге байланысты өзгереді.
Соған қарамастан жазбадағы ең маңызды сұрақ қаржы есебінен әлдеқайда кең.
Мұғалімнің көзге көрінетін сабақ сағаттарынан бөлек, дайындыққа, құжаттарға, оқушылар мен ата-аналарға бөлетін уақыты қалай бағаланып жүр?
Пікірталасқа қатысқан педагогтердің айтпағы да осы.
Олар еңбекақының мөлшерін ғана емес, күнделікті жұмысының қаншалықты ескерілетінін сұрап отыр.