Астанада мектеп мұғалімдерінің оқушылардың үйлеріне барып, жуынатын бөлмесі мен әжетханасын суретке түсіретіні туралы хабарлама әлеуметтік желіде дау туғызды. Ата-аналар мұндай тексерудің не үшін жүргізілетінін және балалардың тұрмыстық жағдайын суретке түсіруге кім рұқсат бергенін сұрап жатыр. Ал пікір білдірушілердің бір бөлігі бұл бастаманы сынаса, енді бірі мұғалімдердің өз еркімен мұндай жұмысқа бармайтынын айтып, жауапты мекемелерден түсініктеме талап етті, деп жазады Democrat.kz.
Астанада мектеп оқушыларының үйіне барып, тұрмыстық жағдайын суретке түсіру туралы хабарлама ата-аналар арасында қызу талқыланып жатыр.
Instagram желісіндегі pedsouzkz парақшасында жарияланған жазбада елордалық мектептердің біріндегі ата-ананың шағымы келтірілген.
Оның айтуынша, мұғалім ата-аналар чатына оқушылардың үйлерін аралап, жуынатын бөлме, әжетхана және асүйді суретке түсіретінін хабарлаған.
«Простите, что пишу с раннего утра, до сих пор в шоке. г.Астана, вчера в чате педагог сообщила всем, что будет ходить по дома к каждому и фотографировать уборную (ванна туалет) кухню. Якобы приложить нужно к делу ребёнка эти фото. Школа имеет право? На каком основании? Спасибо, помогите пожалуйста..» – делінген жарияланған хабарламада.
Қазақша мазмұнына келсек, ата-ана мұғалімнің әр оқушының үйіне барып, асүйі мен санитариялық бөлмелерін суретке түсіріп, оларды баланың жеке ісіне тіркеу қажеттігін айтқанына таңғалған.
Ол мұндай талаптың қандай негізде қойылғанын білгісі келеді.
«Мұғалім өз еркімен біреудің үйін араламайды»
Жазба астында пікір білдірушілердің бір бөлігі ата-аналарды мұғалімдерді кінәламауға шақырған.
Олардың пікірінше, педагогтерге мұндай тапсырмалар жоғарыдан берілуі мүмкін.
«Сіздер бәріңіз біртүрлісіздер! Мұғалім өз еркімен пәтерлеріңізді аралап, үйлеріңізді қарайды деп шынымен ойлайсыздар ма? Мұның бәрі жоғарыдан түседі! Сұрақты мұғалімдерге емес, сол жаққа қойыңыздар», – деген мазмұнда пікір қалдырған оқырман.
Тағы бір желі қолданушысы:
«Бұл — білім бөлімінің бастамасы. Мұғалімдерді мәжбүрлейді», – деп жазған.
Ол педагогтердің мұндай тапсырмаларды орындаудан бас тартуы керектігін де айтқан.
Дегенмен бұл пікірлерде тапсырманың нақты қай мекемеден берілгенін растайтын құжат ұсынылмаған.
«Мұғалім — екінші ана. Несіне қорқасыңдар?»
Пікірталаста мұғалімнің оқушы үйіне баруын қалыпты жағдай деп есептейтіндер де табылған.
Бір оқырман:
«Мәселе неде? Мұғалімді кіргізе салыңдар. Неге сонша дүрбелең? Үйде шашылып жатқан заттарың бар ма? Мұғалім — екінші ана. Балалар онымен жарты күнін өткізеді. Неге сенімсіздік танытасыңдар?» – деген мазмұнда пікір білдірген.
Ал басқа оқырмандар бұл уәжбен келіспеген.
Олардың айтуынша, мұғалімнің балаға білім беруі мен оның отбасының тұрмыстық жағдайын суретке түсіруі екі бөлек мәселе.
Пікір білдірушілердің бірі баласының мектебіне кіріп, оның қалай тамақтанатынын және қандай жағдайда білім алатынын көруге рұқсат берілмегенін айтқан.
«Мектепке кіріп, баламның қалай оқитынын, қалай тамақтанатынын көрейін десем, рұқсат етпеді. Директорға барыңыз деді», – деп жазған ол.
Бұл пікір де ата-аналар мен мектеп арасындағы қарым-қатынасқа қатысты сұрақ туғызған.
«Жұмыс орнымызды да, жатын бөлмемізді де суретке түсіруді сұраған»
Жазбаға пікір қалдырған тағы бір ата-ана бұған ұқсас жағдайға тап болғанын жеткізген.
Оның айтуынша, мектеп тарапынан баланың үйдегі жұмыс орны мен жатын бөлмесінің суреттерін жіберу сұралған.
«Бізден баланың жұмыс орны мен жатын бөлмесінің фотосуретін жіберуді сұрады. Мен бұл өтінішті елемедім. Ал басқа мектепте мұғалімдер үйлерді аралап, суретке түсірген», – деген мазмұнда пікір қалдырған ол.
Пікір авторы балалардың жеке ісіне тұрмыстық жағдай туралы суреттерді тіркеу бастамасына қарсы екенін білдірген.
Алайда оның сипаттаған оқиғасы нақты қай мектепте және қашан болғаны көрсетілмеген.
Мұндай тапсырманы кім берген?
Жарияланған хабарламада мектептің атауы, мұғалімнің кім екені және үйлерді суретке түсіру туралы тапсырманың ресми негізі көрсетілмеген.
Сондай-ақ мектеп әкімшілігінің немесе Астана қаласының Білім басқармасының осы жағдайға қатысты түсініктемесі ұсынылмаған.
Сондықтан мұндай талаптың барлық мектепте енгізілгенін немесе оны қалалық білім басқармасы тапсырғанын айтуға негіз жоқ.
Әзірге белгілісі — бір ата-ана мұғалімнің үйді аралап, асүй мен санитариялық бөлмелерді суретке түсіретіні туралы хабарламасына алаңдаушылық білдірген.
Ал әлеуметтік желідегі пікірлер бұл мәселеге қатысты көзқарастың екіге бөлінгенін көрсетті.
Бір тарап мұғалімдерге қосымша міндет жүктеліп отырғанын айтса, екінші тарап отбасының жеке кеңістігіне қатысты сұрақ көтерді.
Енді ата-аналардың білгісі келетіні — мұндай суреттер не үшін қажет, олар қайда сақталады және баланың жеке ісіне тіркеу туралы тапсырманы кім берген?
Осы сұрақтарға жауап берілген жағдайда ғана жарияланымда айтылған талаптың нақты мәні белгілі болмақ.
