Танымал әнші Алтынай Жорабаева қызын ұзатқаннан кейін аналық қуаныш пен сағынышты қатар сезінгенін айтты. Өнер иесі ұзату тойында төгілген көз жасының себебін де түсіндірді деп жазады Democrat.kz.
Әнші бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, желіде кеңінен тараған әннің мәтіні қыз өсірген әр ананың жүрегіне әсер етеді.
«Мына ән кеңінен тарап жатыр екен. Бұл көз жасым қызымның “ойбай, бақытсыз болып қалады-ау” дегеннен емес. Әннің сөздері әр ананың жүрегіне жетеді екен…» — деп жазды Алтынай Жорабаева.
Өнер иесі қыз баланың өз отауын құрып, жаңа өмір бастауы ана үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті. Алайда баласының бір сәтте есейіп кеткенін қабылдау оңай болмағанын жасырмады.
«Қыз баланың мұраты — өз отауын құрып, бақытты болу ғой. Тек кеше ғана кіп-кішкентай қызым еді… Қашан бой жетіп, өз алдына бір үйдің келіні болып кеткенін байқамай да қалыппын», — деді әнші.
Алтынай Жорабаеваның айтуынша, баланың өсуі ата-анаға мақтаныш сыйлағанымен, оның артынан қимастық пен сағыныш та еріп келеді.
«Ана үшін баласының өскені — бір жағынан қуаныш, бір жағынан жүрекке ауыр сағыныш екен…» — деп түйіндеді өнер иесі.
Әншінің жазбасының астында оқырмандар қызына бақыт тілеп, ананың қимастық сезімін түсінетіндерін жазған.