"Ата-ана құқығынан айыру": Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес баласына қатысты тың дерек шықты

"Ата-ана құқығынан айыру": Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес баласына қатысты тың дерек шықты

Төрт туысын өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің кәмелетке толмаған бес баласының қазіргі жағдайы белгілі болды. Балалардың үлкендері 10, 8, 5 және 3 жаста болса, кенжесі небәрі бір жарым жаста деп жазады Democrat.kz.

Tengrinews.kz мәліметінше, төрт бала қазір Атырау облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Ал ең кішкентай бала сәбилер үйіне орналастырылған.

Орталық директоры Күндіз Ғиниятованың айтуынша, балалардың жағдайы жақсы. Олардың барлығы медициналық тексеруден өтіп, денсаулығында елеулі кінәрат жоқ екені анықталған.

Балалармен орталықтың және облыстық білім басқармасының психологтері тұрақты жұмыс істеп жатыр. Әкесі жағынан ата-әжесі оларды аптасына бір рет барып көреді. Анасы жағынан да туыстары бірнеше мәрте келген.

Балаларды туыстары қамқорлығына ала ма?

Әзірге балалардың ата-анасын ата-ана құқығынан айыру мәселесі шешілген жоқ. Бұл мәселе қорғаншылық және қамқоршылық органдарының құзыретіне жатады.

Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы балаларды бірнеше ықтимал жағдайға дайындап жатыр. Бірінші нұсқа бойынша, олар туыстарының қамқорлығына беріліп, отбасына оралуы мүмкін. Ал мұндай мүмкіндік болмаса, балалар толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылына орналастырылуы ықтимал.

Дегенмен балалардың анасы емделіп шығып, сот немесе тиісті органдар оны әрекетке қабілетті деп таныса, кейін балаларын өз тәрбиесіне қайта алуға құқылы. Бұл мүмкіндік олардың балалар ауылына орналастырылуынан кейін де сақталады.

Анасы Алматыда сараптамадан өтіп жатыр

Балалардың анасы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты адам өлтіру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық қудалау бұған дейін тоқтатылған.

Ол 10 сәуірден бері Алматыдағы Сот сараптамалары институтында жатыр. Мамандар оның жағдайын бақылап, динамикалық медициналық қадағалау қажет деген қорытындыға келген.

Сондай-ақ Мұқанғалиеваға қатысты «қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша жүргізілген іс те тоқтатылған.

Шілде айының басындағы мәліметке сәйкес, туыстарының ешқайсысы балаларды ресми түрде қамқорлығына алу туралы өтініш бермеген.

Қазір ең маңызды мәселе — балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Олардың алдағы тағдыры анасының денсаулығына, туыстарының шешіміне және қорғаншылық органдарының қорытындысына байланысты болмақ.

Барлық жаңалықтар