Танымал тұлға, экс-депутат Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ерекше жазба жариялап, оқырмандарын ойлантып қойды деп жазады Democrat.kz.
"Балам бюллетеньдегі бір сөзге ұзақ қарап тұрды.
Не оқып тұрсың? - деп сұрадым.
Осы сөзді көп естідім. Бюллетеньде де жазылып тұр екен, -деді. Ол сөз - «Құрылтай». Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл атау сайлау бюллетеніне алғаш рет енді. Сондықтан бүгінгі күннің мәні бөлек.
Көп жылдан бері оқушыларым мен студенттеріме: «Азамат - өз құқығын біліп қана қоймай, оны пайдаланатын адам»,- деп айтып келемін.
Бүгін сайлау учаскесінде осы ойдың мәнін тағы бір рет сезіндім.
Сайлаушылар тізімінде бәріміздің мәртебеміз бір - азамат. Министрдің де, мұғалімнің де, профессордың да, студенттің де бір ғана дауысы бар. Мұнда лауазым мен атақ есіктің сыртында қалады.
Әдеттегідей, жұбайым екеуміз балаларымызды сайлау учаскесіне бірге алып бардық. Өйткені азаматтық мәдениет дәріс пен оқулықтан ғана қалыптаспайды. Ол отбасындағы өнегеден басталады.
Ал сіз балаларыңызды сайлау учаскесіне бірге алып барасыз ба?"-деп жазды Асхат Аймағамбетов.