Журналист Руслан Өтепбай қоғамды дүр сілкіндірген "Айзат оқиғасына" қатысты арнайы журналистік зерттеу жүргізу мақсатында оқиға болған орынға барды деп жазады Democrat.kz.
Журналист Руслан Өтепбаймен сұхбаттасу барысында марқұм Айзаттың анасы өзіне мәлім жайттар туралы айтып берді.
"Бір ай бұрын ғана анам қайтыс болған еді. Маусымның 22-сі күні таңертең құдағиым үйге келіп "Айзат ұшып кетті" дей берді.
Түкке түсінбедім. Есімнен танып қалыппын. Екі сағаттай өз-өзіме келе алмадым.
Кейін есімді жиған соң, моргке бардық. Қызымның денесін көрген сәтте тағы есімді жоғалттым. Бетін ашқаным есімде, әрі қарай...
Бетін ашқанымда бетінің көгеріп, ісіп кеткенін ғана көрдім. Қызымды атпен сүйреген бе, мұны нақты білмеймін.
Білегінің еті жыртылып, тізелерінің жарақаттарына қарап "атпен сүйреп өлтірген бе" деген күдігіміз бар. Алайда әзірге нақты ештеңе білмейміз.
Құдағиымның сөзінше, Айзат екінші қабатта селфи жасап жатып, құлап кетіп, көз жұмыпты-мыс.
Күйеубалам әкімдікте маман болып жұмыс істеген. "Апалап" құрақ ұшып тұратын. Айзат осы күнге дейін күйеуі, ата-енесі, туыстарына қатысты ешбір шағым жасаған емес.
Айзаттың қызы менің қолымда. Ештеңе демеден, тастап кетті. Арасында келіп, құдаларым немересін көруге келіп кетеді.
Күйеубалам қазір "мен ештеңе мойындамаймын, бостандыққа шығамын" дегенін құдағиымның өзі айтты" - деген Салтанат Жұманова марқұм қызының өлімі туралы күдік-күмәні аз емесін жасырмады.