Атырауда бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шығып, құтқарушылар бес адамды арнайы автосаты арқылы қауіпсіз жерге шығарды. Құтқарылғандардың арасында бала да бар, деп жазады Democrat.kz.
Өрт Атыраудың Привокзальный-3 шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйде болған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, төртінші қабаттағы пәтердің асүйінде жиһаз жанған.
Өрт аумағы шамамен алты шаршы метрді құрады.
Түтіннің салдарынан тұрғындардың бір бөлігі ғимараттан өздігінен шыға алмаған.
Құтқарушылар автосаты мен арнайы қорғаныс құралдарын пайдаланып, бес адамды сыртқа шығарды.
Олардың біреуі — бала.
Өрт толық сөндірілді. Оның нақты шығу себебі анықталып жатыр.